15.12.2020, 11:41
Оқылды: 26

Қаратөбелік Тасболат – белсенділігімен беделді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жыл Еріктілер жылы ретінде айрықша атап өтілгені белгілі. Еріктілердің басты мақсаты – қолдау мен көмекке зәру адамдарға ақы-пұлсыз жәрдем жасап, жүрек жылуын сыйлау. Еріктілер кез келген игі істі адал және абыроймен атқаруға мүдделі. Олардың қатары күн санап көбейіп келеді. Сондай жастың бірі – Тасболат Серікқалиев.

IMG-20201213-WA0073

Ол жақында аудан әкімінің 2020 жылғы жастар сыйлығында «Үздік жас кәсіпкер» атанса, БҚО әкімінің «Жыл үздігі – 2020» жастар сыйлығында «Birgemiz: bilim» бағыты бойынша үздік деп танылды. Таяуда ерікті жас Тасболат Серікқалиұлымен сұқбаттасудың сәті түсті.

Тасболат, өзің жайлы қысқаша айтып өтсең?

– 2002 жылы Қаратөбе ауылында дүниеге келдім. 2017 жылы Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сыныбын аяқтап, Орал қаласындағы жоғары инженерлік-технологиялық колледжге мемлекеттік грант арқылы оқуға түстім. Мектеп кезінен бастап қоғамдық шараларға белсене атсалысатынмын, студент кезімде де түрлі облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі іс-шараларда ұйымдастырушы, конферансье болдым. Оқудағы үздік жетістігім үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті қолдауымен өткізілген «Қазақстанның үздік студенті – 2020» республикалық студенттер байқауының жеңімпазы атандым. ҚР жастар саясатына қосқан үлесім және дарын мен көшбасшылық қабілетім үшін арнайы тағайындалған «ҚР үздік студенті – 2020» төсбелгісінің иегерімін. Ғылымдағы әр ізденіс, шығармашылық таным әрдайым нәтижеге жетелейтіні анық. Сонымен қатар мен ТМД елдерінің жас ғалымдары арасында ұйымдастырылған «Лучший молодой ученый СНГ» халықаралық жобасында облыс намысын қорғап, «Қазіргі жағдайдағы ауыл шаруашылығының әлеуметтік-экономикалық мәселелері» атты баяндамам үздік деп танылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Елбасы медалі» мемлекеттік бағдарламасының жеңімпазымын. Белсенді азаматтық ұстанымыма орай «Елбасы медалі» ерекше төсбелгісі иегерімін және түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жеңімпазы атандым. Цифрлық технологияның дамыған заманында интернет кәсіпкерлікпен де айналамын. Соған орай жақында Қаратөбе ауданы әкімінің 2020 жылғы жастар сыйлығында «Үздік жас кәсіпкер» атанып, БҚО әкімінің «Жыл үздігі – 2020» жастар сыйлығында «Birgemiz: bilim» бағыты бойынша үздік деп танылдым.

Пандемия уақытында облыс елді мекендеріндегі мектеп оқушыларына құқық сауаттылығы, ғылыми байқауларға дайындық сынды курстарды тегін өткізіп, «Алаш» пікірсайыс орталығына төрағалық етіп, студент жастарға тегін пікірсайыс технологиясы арқылы білім беру, шешендік, көшбасшылық қабілеттерін арттыру мақсатында көптеген қызмет атқардық.

Қазіргі таңда «Бөбек жалпыұлттық қозғалысы» ЗТБ БҚО халықаралық ұйым өкілдігінде ресми өкіл қызметін атқарып жүрмін.

Бүгінгі буын саяси сауатты ма? Оны қалыптастыру үшін қандай жобалар іске асуда?

– Бұл өте маңызды сауал. Еліміздегі жастардың саяси сауаты жылдан-жылға жоғарылап келеді. Әркімнің таңдауы әртүрлі. Кейбірін саясат қызықтырмайды. Жастардың басқарушылыққа ұмтылысы жоғары. Ал жастардың сауатын арттыру үшін коворкинг орталықтары ашылса игі. Шынын айтқанда, жастарды оған тарту бір бөлек, әрі қарай байланыс орнату – тағы да жұмыс. Басты талап не нәрсені де жастар бір-біріне үйретуге тиіс. Бұл жолда 10 бағыт бойынша жұмыс істеу керек. Мәселен, шет тілін оқитын 3-4-курс студенттері замандастарына ағылшын тілін үйретеді. Аптасына 2-3 рет тарихи маңызы бар деректі фильмдер көрсетіледі. Сонымен қатар музыка колледжінде оқитын студенттер достарына домбыра тартуды үйретеді. Осындай бағыттар қамтылады. Бұл орталықта ересек кісілердің болмағаны дұрыс. Қысқаша айтқанда, жастардың екінші үйін жасау керек. Тағы бір айта кетерлік жайт, кітапханаларды жаңғырту керек секілді. Өйткені қайқайсына барсаңыз да, бір орындық пен бір үстел. Жастарды өзіне тарта алмайды. Міне, азды-көпті осындай жобаларды қолға алу қажет.

– Аудандағы жастардың басты проблемасы қандай?

– Біздің ауданда ғана емес, елімізде еріншек жастар көп. Мүмкіндікті пайдаланбайды. Ізденіс аз. Сосын ұйқыны азайту қажет. Жақында облыс жастарын кәсіпке бейімдеу үшін арнайы жоба шықты. Оған қатысып жатқандар тым аз. Мемлекет басшысы «Жастар заман талабына сай болуы керек» деп ұдайы айтып отырады. Сол айтылған сөзге сай болуымыз керек.

Аудандағы жастардың мәдениеті қандай деңгейде?

– Меніңше, замандастарымыздың мәдениеті төмен деп айтуға болмайды. Дегенмен бес саусақ бірдей емес. Өсіп те, өшіп те жатқан жастар бар. Жоққа шығара алмаймын. Мәдениет аудандағы тазалықтан басталады. Қазір қарасаңыз, ауданымызыдың шырайы кіріп қалды. Сондай-ақ театрларда өткізілетін іс-шаралар легі көбейсе, әрине, қуанышты жайт болар еді?!..

 

Сұқбаттасқан Маралбек Амантаев,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале