20.12.2020, 9:36
Оқылды: 69

Елге қызмет етудің үлгісі

Ел дәулетін еселеп, болашақ үшін талмай еңбек еткен алдыңғы толқын ағаларды әр уақытта еске алып отыру – кейінгілер үшін парыз. Ауыл шаруашылық өндірісін, ауыл келбетін, мәдениетін көтеруде зор еңбегі сіңген азаматтардың бірі – Марат Ирманов. Өткеннен бүгінге, бүгіннен болашаққа жалғасу өмір заңдылығы болса, КСРО кезінде бірге еңбек еткен, жұмыстас болған азаматтардың атынан «Жақсының жақсылығын айтқаннан адам аласармайды» деген халқымыз айтқан қағиданы ұстана отырып, көзі тірісінде Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі еңбегімен үлес қосқан, бірнеше аудан, кеңшар, кәсіпорындарға басшы болған азаматтың еңбек жолы қазіргі қоғамдағы басшыларға, ұйымдастырушыларға үлкен өнеге болары даусыз.

Марат Ирманов1

Ирманов Марат Аронұлы 1946 жылы 1 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін 1963 жылы Орал ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп, 1967 жылы қызыл дипломмен бітіріп, еңбек жолын 1967 жылдың наурыз айында Казталов ауданы, Қараоба совхозының №2 бөлімшесінде бөлімше зоотехнигі жұмысынан бастаған. Білімін жетілдіру мақсатында 1968 жылы Саратов мемлекеттік зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына түсіп, 1973 жылы жоғары білімді зоотехник мамандығын алып шықты. 1973 жылы Жаңақала аудандық ауыл шаруашылық басқармасында зоотехник, 1973-1975 жылдары Жаңақала ауданының «Пятимар» асылтұқымды мал зауытында ірі қара малын бордақылайтын «Достық» комсомол-жастар бригадасының жетекшісі болды. Өзінің көшбасшылық, талапшылдық, тиянақтылық қасиеттерін көрсете білген Марат Аронұы 1975-1977 жылдары осы зауыттың бас экономисі қызметін атқарды. 1977-1979 жылдары Жаңақала аудандық ауыл шаруашылық басқармасының жолдамасымен «Айдархан» қой совхозына жіберіліп, бас зоотехник лауазымын атқарды. Осы жұмыста ауыл шаруашылығын ұйымдастырудың нағыз білгір маманы, іскер басшы ретінде қалыптасты. Науқандық жұмыстарға қой қырқу, төлдету, тоғытудың жаңа технологиясын білетін, өнімді еңбек үлгісін көрсететін Ресейдің Карачаево-Черкесск Республикасынан мамандар әкеліп, озық тәжірибелерін енгізді. 1979 жылы Жаңақала аудандық партия комитетінің жолдауымен Жаңақала арнаулы мал бордақылау бірлестігіне директор болып тағайындалып, 1984 жылдың сәуір айынан бірлестікті үлкен совхозға айналдырды. Қоғамдық мал басы түрлерін көбейтіп, іргелі өндірістік шаруашылық жасады. Қой совхозына мемлекетіміздің көрнекті қайраткері Сейітқали Меңдешевтің есімі берілуіне қол жеткізді. Совхоз орталығы Кармановкада бас жоспарға сай құрылыс жүргізіп, бөлімше орталықтары мен малшы-шопандардың елді мекендерін абаттандырып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсады. Басқа шаруашылықтардан білікті мамандар мен жұмысшыларды шаруашылыққа шақырып, қолына жұмыс берді, үстіне үй берді, барлық жағдайын жасады. Жаңа басшымен еңбек жолымыз 1979 жылы осы жерден түйісіп, аға прораб ретінде алдымызға жаңа мақсат қойып, шаруашылықты, орталықты өркендетудің жоспарын жасадық. Орталық құрылысына үлгілі етіп Саратов қаласындағы «2-садовая» кешесіндегідей бульвар типтес ауыл құрылысын жүргізуді қолға алдық.

Қырымның Керчь қаласынан тротуар төсенішін, Москваның Мытищи қаласынан түрлі әрлеу материалдарын әкеліп қолдана отырып, ауылды көркейтуге қол жеткізді. М.Ирмановтың нақты істердің азаматы екеніне, бірер мысал келтіре кетсек: біріншіден, кеңшарға жол салу техникаларын сатып алды, екіншіден, осы техникаларды пайдалана отырып, аудандағы жол бөлімі басшысы Бедриковтан 1 шақырым жол салуға қанша қаражат жұмсалатынын білдік. Сол кездегі Қазақ ССР Автожолдар министрі Бекболатов Шамиль Хайроллаұлының қабылдауында болып, ауылға кіреберіс 5 шақырым жолды салуға келісімін алып, жоспарға енгізілді. Облыстың ауылшаруашылық басқармасының қаржы бөлімінің басшысы Алексей Павлович Пактен күрделі құрылыста игерілмей жатқан қаржы көзін тауып, «Оралдормостострой» мекемесінің басшысы Георгий Константинович Тенің және Жаңақала жол бөлімі басшысы Бедриковтің көмегімен Жаңақала-Орал күре жолынан Кармановкаға дейін 5 шақырым жолы асфальтталды. Бұл 1982 жылы болатын және асфальтталған жолдар аудан орталығының өзінде жоқтың қасы еді. Жыл сайын келетін тасқын суды қорғау үшін айналма жолдар салынды. Мал қоралары ауыл шетіне көшіріліп, көше аралары қоршалып, тротуар төселіп, декоративтік ағаштар отырғызылып, су келетін арықтар жүргізілді. Саябақтарға, көшелерге түрлі ағаштар отырғызылып, көшелерге биік көше шамдары қондырылды.

Ауылдағы тұрғындармен сөйлесе отырып, жасыл желекті қорғау үшін ешкі малын Шыңғырлау ауданының Алмасный совхозына тапсыртты. Жол салу техникасымен су өткізетін көпірлер салынды. Құрылыс жүргізу, жол салу, көпір салу ауыл, елдімекен тазалағын қолға алу, абаттандыру, көгалдандыру, инфрақұрылымдық коммуникация жүргізуден, үлкен шаруашылыққа қажетті өндірістік-әлеуметтік нысандарды салудан аудан, облыс, республика көлемінде үлгілі шаруашылық орталығы ретінде семинар өткізуіне қол жеткізілді. Осы жылдары 392 орындық мектеп, 300 орын мәдениет үйі, 100 орындық асхана, 50 орындық монша салынып, әкімшілік үйі, 280 орындық балабақша салу, ауылды газдандыру жұмыстары жоспарланды.

Малшы шопандарға жаңа типті жобадағы үйлер, мал қоралары, қой өсіру комплекстері, «Родный Новый», 2 КОРК-15 жем-шөп даярлайтын цехтар, жем қоймалары, күніне 20 тонна дән тазартатын ЗАВ-20 қондырғысы дән тазарту алаңымен салынды. 15,30 тонна жүк өлшеу қондырғылары, 500 басқа арналған мал бордақылау алаңы, автогараж, машина-трактор шеберханасы, ауыл шарушылық техникасы алаңы, жүк түсіру, құрылыс алаңы, техника жуу, т.б. көптеген басқа қажетті нысандар салынды. Сарықұдық – Жаңақала су құбырынан құбыр тартылу, әрбір жем-шөп цехына, мал бордақылау алаңына су кіргізу, ауыл көшелеріне гидрант құдықтар орнату жоспарланды.

Марат Аронұлы 1984 жылдың маусым айынан Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен Фурманов аудандық ауыл шаруашылығы бастығы қызметіне жіберілді. 1985 жылдың қаңтар айынан Қазақстан КомпартиясыФурманов аудандық Комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Фурманов аудандық басшылығында жұмыс істеген кезінде де өзін білгір ұйымдастырушы басшы ретінде көрсете білді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға зор үлес қосты. Аудан орталығы мен совхоздардың орталығындағы мәдениет-әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу өткізуді, аудан орталығының тазалығын, абаттандыруды бірінші кезекке қойды. Жәнібек, Орда, Казталов, Фурманов аудандарының облыс орталығы – Орал қаласымен арадағы жол қатынасына қиындық тудырып жүрген Қараөзенге ұзындығы үш шақырымға дейін көпірді аяқтатуға, осы құрылысқа қажетті қаржыны да мердігерлер мен материалдарды тауып, ұйымдастырып, қысқа мерзімде бітіріп, мәселені шешті.

1986жылдың шілде айынан Орал облыстық атқару комитетінің шешімімен Орал облыстық агроөнеркәсіптік комитетінің бастығы қызметін абыройлы атқара білді. Қайта құру кезіндегі нақты істерден гөрі әртүрлі экономикалық реформалар легінің зардабы бұл азаматтың да тағдырына әсер етпей  кетпеді.

1986-1987 жылдар Орал қаласының деңгейіндегі РЭУ, РСУ-11, УМС-3 мекемелерінде орынбасар, бастық, бас механик қызметін атқарды. 1988 жылы Одақ бойынша «Известия» газетінде жарияланған Ресей Федерациясы, Орлов облысы, Залегощенский ауданы, «Ржавецкий» совхозының директорлығы қызметіне Бүкілодақтық конкурсқа түсіп, жеңіп шығып, абыройлы атқарып, совхозды аяғынан тұрғызды. Бұл жерде еңбек тәртібінің нашарлағаны сондай ондағы шофер, механизатор, малшы, сауыншылар жұмысқа тым салғырт екен. Мәселен, осындай келеңсіздіктерді жойып, тәртіп орнатып өзінің қолтаңбасы ретінде мектеп пен мешіт құрылысын бастатып кеткен еді.

1989-1992 жылдары Орлов облысында жұмыс істеп жүрген жерінен аудан, облыс басшыларының шақыруымен Жаңақала ауданы, «Бірлік» асылтұқымды мал зауытына директорлыққа келіп, зауыт орталығы – Мортық ауылының құрылысын бас жоспарға сай жүргізіп, көшелерін асфальттатып, тротуар салдырып, жасыл желек еккізіп, облыстағы көрікті ауылдардың біріне айналдырды. Типтік жобада мәдениет үйі, балабақша, мектеп, коттедж типтес тұрғын үйлер, орталық жылу жүйесін салғызды. Ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушысы ретінде жергілікті еділбай тұқымды қойын селекциялық жұмыстарды жүргізе отырып, өз төлі есебінен көбейтті. Облыс, республика көлемінде еділбай қойын насихаттап семинар, аукциондар өткізіп, совхоз экономикасының дамуына ерекше үлес қосты. 1992-1994 жылдары аралығында Батыс Қазақстан облысы әкімінің шешімімен Казталов ауданының әкімі болып тағайындалды. Өзінің туып-өскен елінде қордаланып қалған көптеген мәселелерді шешуге белсене кірісті. Ауданның тазалығымен бірге жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан «Қарасу» су қоймасын тазартып, халықты сумен қамту үшін қойманы таза сумен толтырды. Аудан орталығынан астық қабылдау пунктінің құрылысын бастатты. Сарыөзеннен өтетін Нысанбай көпірін бір шақырымдай биіктетіп, жаңадан салдыртып, іске қостыртты. КСРО кезінде СОКП-ның бірнеше съезінде әңгімеге арқау болып, бірақ қаражат тапшылығы деген желеумен кейінге ысыра берген Александров Гай-Эмба теміржол құрылысы жобасын іске асыруға жұмыстанып, көршілес Ресейдің Александров Гай ауданы әкімшілігімен бірлесе отырып, екі арадағы жолды шекараға дейін көтеріп, қиыршық тас төсеттіруді қолға алды.

Аудан бойынша ата-бабалары жатырқан барлық аудан, ауыл орталықтарындағы зираттары тазартылып, қоршалды. Марат Аронұлының жүрген жерінде халық үшін істеген жақсы бастамалар мен істері облыс халқына да, басшыларға да жаңалық екені көпшілікке мәлім. Марат Аронұлы 1994-1997 жылдары «Бота» фирмасының директоры, «Орал-Ет» АҚ президенті қызметтерін абыроймен атқарды. Өмірінің соңына дейін заман талабына сай кәсіпкерлікпен айналысты.

Өкінішке орай, Марат Аронұлын ұзаққа созылған ауыр дерт 2004 жылдың 29 қаңтарында 58 жасқа қараған шағында арамыздан алып кетті. Кезінде замандастары айтқандай «Ноқтаға басы илікпеген» сыйлы азаматтың елі үшін атқарған өнеге боларлық істері қалды. Марат Аронұлы Ирманов біртуар азаматтығымен, халқының алдында жасаған еңбегімен, көш ілгері көрегендігімен, іскерлігімен, замандастарының, жұмыстас жолдастарының есінде мәңгі сақталады.

 

Жасқайрат Төлеуғалиев,

зейнеткер

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале