20.12.2020, 10:10
Оқылды: 83

Тегін ірімшік қақпанда ғана болады

Қарапайым халықтың қалтасын қағатын қаржы пирамидалары айылын жияр емес. Оп-оңай жолмен олжалы болғысы келетіндер талай адамды үптеп келеді. Уақыт озған сайын халық білек сыбана еңбек етуге емес, қандайда бір қаржылық ұйымға салым жасап, жылдам әрі жеңіл пайда табуға әуестеніп бара жатқан сыңайлы. Тегін ірімшіктің қақпанда ғана болатынын айта-айта ауыз талғанымен, қалтасы қағылып, қан қақсап қалғандар көбейіп тұр. Қазіргі таңда еріккенге ермек көбейді. Қу жанын бағып, жатып ішер жалқауға айналғандардың «құмар ойын» десе, аш қасқырдай арандайтынын біз қазақ әлі білмей келеміз-ау?! Білсек те мән бермейтініміз тағы бар. Сол немқұрайлылықтың салдарынан небір жастардың жапырақ-ғұмыры ерте солып, көптеген жас жанұяның кеше тұрғызған керегесі сөгіліп жатыр.

Тегін ірімшік қақпанда ғана болады (2)

Біреудің табыс көзіне, өзгенің қарғыс сөзіне айналған жер дүниені дүрліктірген «Лум» ойыны біздің ауданымызды да айналып өтпей қоймады. Бәрінің де қара терге батпай-ақ оңай олжаға кенелгісі келеді. Жуырда бір танысым телефон шалып, қосымша табыс табудың жолдарын түсіндірді. Бастапқыда оған аса қызығушылық таныта қоймағанмен, оны толық тыңдауға тура келді.

- Бұл сетевой емес. Испандық ойын. Бұл ойын асар деп аталады. Сонымен қатар тезірек қимылдасаң, үлкен табыстарға жеткізетін ойын. Жобаға бар болғаны 1000 теңге саласың, 64000 теңге аласың. Алтын уақытыңды жоғалтпай, тіркеліп ал. Ойын жердің жылдамдығы секілді тез айналады. «От», «Ауа», «Жер», «Асар», «Эфирный сестра», «Лум» деген сатылары бар. Тезірек  «Лумай» болсаң, ақша пайда болады. Бұл көп табысқа жеткізетін ойын, - дейді әлгі танысым.

Ақша жүрген жерде айла таусылсын ба? 1000 теңге беріп, 64000 теңге алатын бұл неткен оңай олжа дерсің. Бұл ойынды тәуекелмен жүрексінбей ойнап жүрген жандар қаншама? Бұл аздай 5000 теңгемен тіркелетін түрі де бар екен. «Аңқау елге арамза молда» демекші, халықтың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, ақшасын алдап алып кетіп жүрген небір компанияларды көріп жүрміз. Мұндай алаяқтықпен айналысатын компаниялар айдың күні аманында қарапайым жұрттың қалтасын қағып, жанға майдай жаққан сиқырлы сөздерімен сананы улайды. Олардың сөздеріне Құдайдай сенген жұртшылық компанияға алғашқы қаржысын салғаннан кейін-ақ, артынша «әттеген-ай» деп сан соғып қалады. Маңдай терімен тапқан тиын-тебенін әп-сәтте қайдағы бір болмашы қаржы пирамидасының шотына жіберіп, ақыр соңында кімнен қандай көмек сұрарын білмей дал болып жүрген жұрт қаншама? Жалған жарнаманың жетегімен қаржы пирамидасы бір қарағанда пайдасы жоғары ғана емес, сондай-ақ кепілдендірілген сенімді ақша табу көзіндей көрінеді. Мұндай пирамиданың ерекшелігі сол, оның ресми тіркелген ұйымының, банктерде бірегей шоттарының жоқтығында. Барлық ақша айналымдары тек тікелей  пирамида қатысушылары арасында жүреді.

«Оңай жолмен келген ақша орынсыз кетеді» деген сөз бар. Қанша ұтқаныңмен кәдеңе жарамайтын қу қаржының жетегінде жүрген тұрғындардың қаржы пирамидаларының құрбанына айналып бара жатқанын жасыра алмаймыз. Мұндай ойындармен достасқан адам тәуекел деп тас жұту керек. Себебі ол сені кез келген сәтте мазақ қылып, ойламаған жерден қарық қылып жіберуі де ықтимал. Осындай «Лум» сияқты ойындарданел ойда-жоқта «жеңілістің ащы дәмін татады» делік. Мұндайда көптеген адамдар қалтасындағы қомақты қаржыдан қағылады емес пе?!«Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, аздырар адам баласын» дегендей, ойынғаберілген адам барлық дүниені ұмытып, есіл-дерті ақшаға ауып, қалай ұтып алуды ғана ойлап, оның мақсаты құмарға тігілген ұтысты жеңіп алу ғана болады.Ойынға керіскен барлық қатысушының көздегені тек қана ұту. Ал, ұтыстың тек бір адамға ғана тиесілі екені белгілі емеспе. Бұрынғылар «бірінші байлық денсаулық» десе, қазіргілердің көбі бірінші орынға ақшаны қояды. Онысы заңдылық та шығар. Себебі, бейқам өмір сүру үшін қалтаңда шытырлаған ақшаң болуы тиіс. Сондықтан болар, тез байып кетуді көздейтіндер жеңіл ақшаға әуес. Алайда, бәрінің бірдей жолы бола бермейді. Қазақта «ауызы күйген үрлеп ішеді», деуші еді. Бірақ, олай емес екен. Қаржы пирамидасының салқыны қазақ баласын да біраз шарпыды. Біреулер бармақ тістеді, енді біреулер, тіпті, өз-өзіне қол жұмсау сияқты әрекеттерге де барды. Дегенмен, осы жүйені біле тұра оған қатысып, пайдаға кенеліп, белшесінен табысқа баттым деген бірі жоқ. Ең қауіптісі, осындай алаяқтық «қақпан-қаржылық жүйелер» уақыт өткен сайын өңін өзгертіп, аты мен айласын асырып үлгереді. Сондықтан әрбір адамның көл-көсір пайда табамын деп, қақпанға түсіп, өзгелердің де қалтасын қағып «қарғысын» арқаламай, асықпай адал мен арамның аражігін ажыратып барып кәсіп пен нәсіпке бел буғаны өзгеден бұрын өзіне пайдалы екенін санасына тоқуына тура келеді. Қорыта айтатынымыз, адамдар еш уақытта «Аспаннан ақша жаумайтынын» естен шығармағаны жөн!

 

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Жомарт Лұқпанов,

бас имам:

- Нәпсіге бой алдырып, құмар ойындарды ойнау – асыл дініміз бойынша харам. Бәс тіккен адам өз пайдасын ғана ойлайды және ұтқан жағдайда ол ақша жеңіл жолмен табылған ақша болмақ. Ал, адал жолмен, маңдай тер, табан ақымен келмеген ақша қашанда харам. Адамды мас қылатын, адамның басын улайтын бүкіл ішімдік Құранда харам етілген. Құмар ойыны жөнінде айтатын болсам, мысалы футбол ойыны. Бұл ойын адамдардың денсаулығына пайдалы. Денсаулықты сақтау үшін адамдарға рұқсат етілген. Енді бұл жерде ойынға кішкене болсада ақша тігіліп кететін болса, бұл харам болып кетеді. Себебі әрбір ақша тігілген ойын ол құмар ойынға жатады. Құмар ойын деген былай айтқанда жеңіл ақша табу. Пайғамбарымыздың көптеген хадистері бар. Төсекте жатып, ақша күтіп, Аллаға әрекет етпеген, бос жатып еңбексіз ақша тапқан әрбір адам үшін харам саналған.   Құран кәрімнің «Мәйда» сүресінің 90-91 аяттарында: «Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыласыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда тыйылмайсыңдар ма?» - деп келтірілген.

Айару Мұхамбетова

(аты-жөні өзгертілген), ауыл тұрғыны:

 - Жалпы бұл ойын – қаржы пирамидасы. Біз бәріміз білеміз, ҚМДБ үкімі бойынша адал табыс емес екендігін. Соңғы уақытта байқап жүрміз, барлық аудан халқы осы ойынды айтып, ұсынып, тіптен бас тартсаң болды, 5000 теңге саласың да 360 мыңға дейін аласың, өте жақсы емес пе деп үгіттеп жүр. Кредиттеріңді жапсаң, ата-анаңа көмектессең де деп адамдардың әлсіз тұсынан басады. Тоқтаңыз! Бұл адал жол емес бауырларым. Адалдығы былай тұрсын басқа адамды да сондай адал емес жолға итермелеп, туған балаларын сондай жолмен келген ақшаға тамақтандырып, қамтамасыз етуге себепші боласыздар! Білесіз бе, Ақсәуле ханым, мұның барлығы біздің діни сауаттылығымыздың жоқтығынан. Үш жыл, төрт жыл болмаса жеті жыл жоғары оқу орнын бітірсек те, жарты жылдық болсын діни біліміміз жоқ. Сондай өте білімді азаматтар өкінішке орай осындай психологиялық ойындардың жетегінде кетіп жатыр. Кеше ғана бір студент сіңілім хабарласып, осы ойынға шақырды.  Ойлап қарасам ақшаға құныққандар енді студенттерге де «атака» жасауды бастапты ғой. Бұл қазіргі күннің ең үлкен алаңдатарлық мәселесі деп ойлаймын. Қоғам белсенділері, дін өкілдері, барлық мекеме басшылары, білім басқармалары бұған немқұрайлы қарамай, тақырыпты қозғау керек, көтеру керек. Солай ғана алдын алуға болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале