21.12.2020, 10:37
Оқылды: 92

Жалынды жастар – мемлекеттің болашағы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «XXI ғасырда білімін дамыта алмаған ел алға баспайды» деген болатын. Ұлттық тәрбие – бiздiң ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзетiн асыл қазынамыз. Елбасының «Қазақстан - 2050» Стратегиясында қойып отырған мақсат-мiндеттері елiмiздегi тәрбие беру жүйесiн ұлттық құндылықтар негiзiнде жасау қажеттiлiгiн тағы да дәлелдеп отыр.

ант беру1

Жалпы, «ұлттық» деген сөздiң астарында елге-жерге, тiлiмiзге, дiнiмiзге деген зор құрмет бар. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби педагогикалық оқулықтарға енгiзген Мағжан Жұмабаев болды. Ол өзінің «Педагогика» атты еңбегiнде былай дейдi: «Ұлт тәрбиесi баяғыдан берi сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбiр ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшiн қызмет ететiн болғандықтан, әрбiр тәрбиешi баланы сол ұлт тәрбиесiмен тәрбие қылуға мiндеттi».

Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу қажет. Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игiлiктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу. Ұлттық тәрбие қазiр елiмiзде орын алып отырған көптеген мәселелердi: ана тiлiн, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрiн бiлмейтiн жастар, тастанды жетiм балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлерiндегi әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бiрте-бiрте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негiзгi жолы.

Ұлттық тәрбие алған ұрпақ денi сау, бiлiмдi, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кiшiпейiл болып өседi. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағы. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу өзара тығыз байланыста, тіпті оларды өзара тең деп те атайды. Ендеше тәрбие бізге ауадай қажет. Қазақ халқы өз ұрпағын ізгілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді. Осы тәрбиені одан әрі жалғастыру үшін әрбір отансүйгіш азаматтың өткен күнгі тарихты, батырларымыздың ерлік рухын білуі керек. Қазақ жастарының бойына ұлттық рухты сіңіру жақсы тәрбие беру деген сөз. Бұл жағдайда әлемнің екінші ұстазы, ұлы ойшыл әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген. Яғни, барлық уақытта тәрбие бірінші орында тұратыны жайлы айтқан. Сондықтан да осы әл-Фараби бабамыздың жолын ұстана отырып, біздер, яғни жас ұрпақ тәрбиелеушілер тәрбиені қалай қолға алсақ, патриоттық сезімді де дәл осындай дәрежеде биік ұстауымыз қажет. Білім мен тәрбие қалай егіз жүрсе, мемлекет пен халық арасында да осындай ажырамас туыстық қатынастар болуы шарт. Міне, осы салаларды оқу-тәрбие барысында барлық жастардың бойына сіңіру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Ол үшін жастарды патриоттыққа тәрбиелеу ісін мемлекеттік тұрғыда қолға алу керек. Бұл тәрбиені беруде тек мемлекеттік тұрғыда емес, осы салаға үлес қосатын әрбір адам еңбектенуі керек, яғни патриотизмді ояту үшін өз тарихының қойнауына көз жүгіртуі шарт. Қазақтың патриоттық-отансүйгіштік тәрбиесі – тереңнен тамырын тартқан, халқымыздың сан ғасырлық болмысының, дүниетаным-көзқарасының, ақыл-ойы мен салт-дәстүр мәдениетінің көрінісі. Осыларды бойға дарытпай тұрып, келер ұрпақты патриоттықотансүйгіштік тәрбиеге лайықты қалыптастырып, алтын бесік елін, кіндік кескен жерін қорғайтын және осы мақсат жолында бар күш-жігері мен ақыл-қайрат жұмсап, отаншыл азаматтарды, яғни нағыз патриоттарды тәрбиелеп өсіру мүмкін емес.

Патриотизм өзінен-өзі қалыптаспайды

Патриотизмге тәрбиелеу үрдісінің танымдық мәнін естен шығаруға болмайды, бірақ ол әрбір буында патриоттық сана, патриоттық сезім қалыптастырудан бастау алғанда ғана тиімді болмақ. «Патриотизм» сөзі (грек тілінде – patrіots – отандас, paths – Отан, атамекен) Отанға деген сүйіспеншілікті, оған адалдықты, өз іс-әрекеттерімен оның мүдделеріне қызмет етуге ұмтылысты, сондай-ақ туған жеріне, тұрақтаған мекеніне бауыр басушылықты білдіреді. Оның қазақшасы – жерлес, отандас дегенді білдіреді. Яғни, Отанын, ұлтын сүю, оны жаудан қорғау. Тәуелсіз елдің жас ұрпағының бойында әрдайым Отанды сүю сезімі болуы тиіс. Отансүйгіштік сезім – отансүйгіштік рухтың құнарлы мәйегі. Ол адамның өзі өнген топырағы мен өскен ортасына деген құштарлығының, құрметінің деңгейін білдіреді. Елге, жерге деген сүйіспеншілік асыл қасиеттер көктен түспейді, жоқтан жаралмайды. Ол әр адамға туған топырақтан, ана сүтімен дариды. Әр балаға өз еліне деген патриоттық рух қалыптастыру үшін оның бай тарихына, байлығына деген жауапкершілігін сезіндіретін әрекет жүйесін жасауымыз қажет. Патриотизм өзінен-өзі қалыптаспайды. Бала кезінен «Қазақстан – менің Отаным, мен Отанымның алдында борыштымын» деген ойларды сіңіру қажет. «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деп Бауыржан атамыз айтқандай, Отанды сүю, Отанды қорғау, елге қызмет ету – әрбір адамзаттың зор міндеті. Тәуелсіздік туы желбіреп, еліміз өркениетке барар жолда тұрғанда өз Отанын шексіз сүйетін, білімді, адамгершілігі мол, парасатты, мәдениетті, жан-жақты жетілген ұрпақ болып өсу әрқайсымызға тиесілі үлес. «Атамекен», «туған жер» ұғымдары ата-бабаларымыз үшін қасиетті де киелі болған. Осы бір қасиетті ұғымды олар өз ұрпақтарына «Халқының патриоты» болу үшін мұра етіп қалдырған. «Жалаңаш барып жауға шап, ажалың жетпей өлмейсің» деген мәтел патриоттық тәрбиенің нақ дәлелі. Бүгінде жастарға отансүйгіштік тәрбие беру, халықтық дәстүрге негізделген батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрлерін насихаттау барынша нығайып келеді. Жастарды патриотизмге тәрбиелегенде қазақ халқы үшін қиын күндер туғанда, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен күндердің құрбандары болған батырлардың ерліктері жайлы сөз қозғамау мүмкін емес. Жалпы, патриотизм сөзі гректің «Отан», «ел» деген сөзінен шыққан. Патриоттық идея, отаншылдық адамға туа біткен қасиет емес, ол жүре түзелетін адамның саналы өміріндегі қабаттас құбылыс. Отанға деген сезімнің шынайы қайнар көзі – туған жер табиғаты, ана тілі, салт-дәстүрі, тарихы, ата-бабаларының ерлігі. Олар әр адамзат бойына намыс, ар, сүйіспеншілік ұялатады.

Тәуелсіз Қазақстан

Біз – ХХІ ғасыр тұлғаларымыз. «Дүниежүзілік соғыс» деген атаумен ХХ ғасырда екі алапат соғыс болғанын тарихтан білеміз. Енді сол тарихи деректерге тоқталып, ой елегінен өткізейікші. Ел есіндегі естеліктерді сөйлеткен сайын ерлік пен елжандылықтың рухы асқақтай түседі. Соғыс уақытын көзімен көрген көнекөз қариялардың айтқанын тыңдасаң да, осы тақырыпқа жазылған әдеби-көркем шығармаларды оқысаң да, ердің ері ғана шыдаған, сол бір қан майданға өз үлесін қоспаған қазақ баласы болмапты. Яғни, қазақ халқының шынайы бейнесіндегі ерлік өнегесі осы оқиғалардан тайға таңба басқандай білінеді. Осындай ер тұлғаларымыздың бірі – Бауыржан Момышұлы. Бауыржан Момышұлы патриоттық сезімі, Отанға деген сүйіспеншілігі, өзінің мемлекетке тәуелді екенін өз істерімен дәлелдей білді. Еңсесі биік елдігіміздің ертеңі – қазіргі ұрпақ, жас жеткіншектеріміз Бауыржан атамыздың бітіміндегі асқар жұртының шың басындай тәкаппар рухынан қанаттанып, батырлық, отансүйгіштік қасиеттерді бойларына сіңіріп өссе, нұр үстіне нұр болар еді! Қан майданда тек қазақ баласы ғана емес, қазақ қыздары да өздерінің мықты екендігін көрсете білген. Солардың бірі Шығыстың қос жұлдыздары – Әлия мен Мәншүк. Осы кездердегі қызғалдақтардың ұраны «Өзім өлсем де, Отаным аман болса екен» болып, қасық қаны қалғанша жаулармен шайқасқан. Болашақта жас гүлдер, яғни жастар ерте солмасын деп соғыста аса үлкен патриоттық сезіммен күресе білген. «Бұл дүниеде біздің Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Бұл туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз. Ол үшін әрбір азамат еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтарымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жақсы, жан-тәнімен сезінуі керек», - деген ел Президентінің ғибрат сөзі патриоттық ұғымы ел мен жердің бүтіндігін сақтау, халықтар достығы мен бірлігі екенін нақтылай түседі. Бойымызда отансүйгіштік, ерлік, батырлық, патриоттық сезімдерді арттыру үшін өткен ата-бабаларымыздан үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие алуымыз керек. Оларды қуана еске алып, мақтана айту – қазақ халқының әрбір перзентінің парызы. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің негізгі идеялары Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиялық Жолдауында: «Олар күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады», - делінсе, ҚР-ның «Білім туралы Заңында» «Білім беру жүйесінің басты міндеттері азаматтық пен елжандылықты, өз Отаны ҚР-на сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін қастерлеуге, әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа халықтарының тарихын, әдетғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгеру» делінген. Осыған орай, бүгінгі жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу – жеке тұлға талабы, қоғам қажеттілігі.

Ажаргүл Шулахова,

Бірлік ауылдық кітапханасының кітапханашысы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале