22.12.2020, 14:22
Оқылды: 10

«Ерекше балаларға да жағдай жасалу керек»

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласындағы зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаттың тыныс-тіршілігімен танысты. Мектеп түлектерінің одан әрі оқуға түсуі немесе жұмысқа орналасу мәселесін талқылады.

 об2

Мектеп жанындағы интернатта  127 бала жатып оқуы керек болғанмен, қазір пандемияға байланысты қашықтан оқуда. Мұнда облыстың әр түкпірінен 328 бала білім алады. Ал 102 бала денсаулығына байланысты үйден оқиды.

Мектеп-интернат директоры Бауыржан Абдрахманов облыс әкімін білім ошағындағы сенсорлық кабинет, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, технология кабинеттерімен және спорт залмен таныстырды. Байқағанымыздай, мұнда балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеп, өзіне қызмет көрсетуді, кір жуып, тамақ пісіру секілді күнделікті тұрмысқа үйретеді.

об3

Ең бастысы, мұнда балаларды 8-9 сыныптан  бастап кәсіби бағдарлау басталады. Оқушылар  тігін тігуді, ағаш өңдеу және аяқ киім жөндеуді үйренеді. Ал 10-сыныпта оқушы  қалаған ісі бойынша тереңірек оқиды екен. Мектеп бітірген соң кәсіби бағдарға оқығаны жөнінде сертификат беріледі. Алайда түлектер бұл сертификатпен жұмысқа тұра алмайды. Себебі олардың жұмысқа орналасуы да оңай емес. Сондықтан өңір басшысы Ғали Есқалиев мұндағы мектеп  түлектерінің одан әрі қиналмай оқуға түсіп, мамандық алып шығуына баса мән берді. Бүгінде «олардың тек сертификат емес, диплом алуы үшін не істеу керек?» деген сауал күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. Мектеп-интернат директоры мен облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваға аталмыш оқу ошағында колледж ашу жөніндегі ұсынысын айтты. Облыстың бас ұстазының сөзінше, диплом беретін оқу орнын ашу үшін қандай мамандықтарды оқытатыны жөнінде лицензия керек. Сонымен бірге оқу орнының арнайы  базасы жабдықталып, білікті ұстаздар мен оқыту құралдары болуы шарт.

об4

– Бұл  шешілмейтін мәселе емес. Мектеп-интернаттың биылғы бюджеті 548 млн теңге болған екен. Бюджет қаражаты жеткілікті. Алдағы уақытта мұндағы балалар 8-10 сыныптан бастап кәсіби бағдарланып, еңбекке бейімделуі керек. Олардың арнайы маман иесі болып шыққандары маңызды. Бұл мәселе бұрыннан бері көтерілуі керек еді. Сондықтан ойға алған істі жүзеге асыру үшін қандай жабдықтар, әдістемелік құралдар керек екенін нақтылып, маған жеткізіңіз, - деп облыс әкімі мектеп-интернат директорына тапсырма берді.

об5

Өңір басшысы мектеп түлектерінің одан әрі оқуға түсуі, жұмысқа орналасуы жөніндегі мәліметтер бар-жоғын да нақтылады. Бауыржан Байғалиұлы балалардың мектептен кейінгі өміріне ата-аналары жауапты екенін алға тартты. Оның сөзінше, түлектер көбінесе тігіншілікті таңдайды екен. Аудан-ауылдардың балалары мектеп бітірген соң, аудан орталықтарындағы колледждерде білімін жалғастыруда.

Одан әрі өңір басшысы «Мейірім» облыстық мамандандырылған бөбектер үйінде болды. Бүгінде екі айдан 4 жасқа дейінгі 12 сәби мен бүлдіршін тәрбиеленіп жатқан үйдің тыныс-тіршілігімен танысты. Педиатор Гүлнар Сүндетованың сөзінше, балалардың денсаулығы жаман емес. Алайда көпшілігі жүйке-психикалық ауытқулары бар отбасылардың балалары болғандықтан, жүйке дамуында артта қалушылық бар. Бірақ олардың өсіп-жетілуіне барлық жағдай жасалған. Тиісті тамақ,  ойыншық,  құрал-жабдықтармен қамтылған.

об6

– Бұрын  бөбектер үйі 120 балаға есептелген еді. Қазір 15 балаға арналған. Жыл сайын балалардың азаюына байланысты штат саны да қысқартылды. Мұндағы медицина қызметкерлері де азайды. Облыс әкімі бөбектерге медициналық бақылауды күшейту мақсатында  келесі жылдан бастап мұнда арнайы невропатолог қызмет етуі керек деген тапсырма берді. Бұл мәселені назарға алдық, - дейді Гүлнар Мақсотқызы.

 

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале