13.11.2020, 18:28
Оқылды: 183

«Шығыс нұрына бөленген Абай»

img045

 

«Ежелгі Бөкей жерінің табиғаты әсем. Бояулары қанық. Түрленген табиғаттың тартымы мықты. Туған жердің күні де, ыстық, жүрекке жылы»,- бұл сөздердің авторы ерекше тума талант иесі Ғұмаров Сәкен Нәжімеддинұлын тек суретші деп қана білдік. Ол жай суретші емес үлкен жүректі, аса ойшыл суретші. Өнер танушылар Сәкен Ғұмаровтың 140-қа жуық суреттерін жан-жақты талдай келіп, шығармалары еркіндікке, мейірім мен шапағатқа, тарихи сананы жаңартуға, отаншылдық рухты оятуға, ибалы имандылықты адам санасына сіңіруге құралғанын талдайды. Сурет салумен қатар ғұламалардың кітаптарын көп оқыған. Ол  Абай Құнанбаев пен Шәкәрім Құдайбердіұлын өзіне пір тұтып оларға арнап картиналар жазды.

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы,  ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы-бітімі, тұрмысы-тіршілігі, діні, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.

Сәкен Ғұмаровтың туындыларында да ұлт болмысы, халықтың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, тілі көрініс табады.

Триптих «Шығыс нұрына бөленген Абай» 1994 жылы салынған соңғы суреттерінің бірі.  Бұл картинада ортада Абай Құнанбайұлы бейнесі, жоғарыда сәлде сияқты болып, шығыстың ғұлама ақындары, философтары, ойшылдары, ағартушылары Физули, Науаи, Фирдоуси бейнеленген. Бұл туындысында ойшылдардың армандары мен мақсаттарын  Абайда көксеген деп ойлаған. Яғни осы ойшылдар, ағартушылар арқылы қазақ халқы атынан қазақ халқының мақтанышы Абай Құнанбаевты көрсетуге әбден болады дегендей. Соған алғыс ретінде 2030-барыстың бейнесі бейнеленген. Қазақ халқының символы барыс Абайға гүл кестесін ұсынып тұрғандай. Суретшінің авангардизмі осы туынды да анық көрсетілген. Екі жағында көрсетілген әйелдері ол Абай жақсы көрген Тоғжан мен Әйгерім. Ғұлама Абайға  арнап салған туындысында оны дана, философ, шығыстың ғұламаларының ізін жалғастырушы екенін көрсетеді.

Сәкен Ғұмаровтың  діни сауаты терең Құран Кәрімді тұпнұсқадан оқығанын және арапша сауатты болғаны, яғни көне төте жазуды еркін жазғаны картиналарынан байқалады. Сонымен бірге қазақтың ұлы ақындары Абай мен Шәкәрімдей  пәлсапалық ойға толы  «Зипа, нәркес, назиқа және құшнұр» атты өзінің жазған шығармасы бар.

Сәкен Ғұмаровтың әр кескіндемесі не ойлы көзбен қарамасаң оның астарын  бірден ұғына алмайсың. Оның туындыларында философиялық ойлар көп ұшырасады. Суретші картиналарын сан түрлі бояумен құлпырта салғанда, бүкіл қазақ жұртының өткені мен бүгінгісі көз алдыңнан өтіп жатады.

Қылқалам шеберінің әр шығармасы бөлек дүние, терең тербелер ойлар. Жартығасырлық ғұмырында қазақ елін әлемге танытқан талант иесінің артында қалған баға жетпес мол мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу, Сіз бен Біздің міндетіміз.

Гүлжанат Толыбаева,

Сәкен Ғұмаров музей-үйі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале