29.12.2020, 16:59
Оқылды: 15

Еңбектің Қаһарманы

Адам баласы өз өмірін өзі көркейтіп, Алладан бұйырған несібесін өмірлік жар, ағайын-туыс, жора-жолдас, тағдыр табыстырған әріптес, сыйластарымен бөліседі. Сөйтіп, қоғамның өрістеп-өркендеуіне өз үлесін қосады.

 кахарман ннн1

«Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі», - дейді дана халқымыз. Бар өмірін ауылшаруашылығына арнап, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, кезінде Үкіметтің марапатттарына, халқының жылы ықыласына, елдің алғысына бөленген, атақ-абыройы бір басына жететін, заманымыздың еңбек ері болған Қаһарман Сисенғалиев ағаны бұл күнде біреу білсе, біреу білмейді.

Ол 1932 жылы 7 қарашада бұрынғы «Игілік» колхозы, қазіргі «Восход» ауылында дүниеге келіпті.

Сисенғалиден тараған 5 баланың көзі тірісі Қаһарман ағаның қарындасы – Мағауия. Қазір жасы 85-те болса да, көңілі бәз-баяғыдай сайрап тұр, көкесі туралы айтып, көне күндерді көз алдына келтіргенде, көкірегіндегі естеліктердің көбесін сөккенде талай жылғы сарытап сағыныш моншақ-моншақ көз жасы болып ағытылады.

- Бұл күнде сол жылдар келмеске кетті, көрген түстей болып сырғып өте шықты. Жасым 85-ке келсе де үнемі есіме аламын, сағынамын, сағындырады. Айналам бос, Сисенғали әулетінен сол Қаһарманның жары Алтынай екеуміз ғана қалдық.

Балалық шағымыз есіме түссе, құлазып қаламын. Бізде балалық дейтін балалық та болмады ғой, бауыр көтеріп, есею жылдарымыз соғыс уақытына тұспа-тұс келді. Қазіргі жастарға бәлкім ертегідей көрінетін болар, аштық кезеңі, соғыстың зардаптарынан балалық шақты көрген жоқпыз. Шай дегенді білмейміз, пияздың қабығын қайнаған суға салып, бояуына қызартамыз, далада өсетін қына деген шөпті қайнатып шай етіп ішеміз. Анамыз бір нәрсеге көк тұзды айырбастап,соны шақпақтап бөліп береді, соны сорып, қайнаған су ішеміз. Екеуміздің де 4-ақ кластық біліміміз бар. Қазіргідей ақ парақ, дәптер деген атымен жоқ, жазу үшін шайдың қағаздарын жинап жүреміз. Газеттердің жиегіндегі ақ жолақтарды пайдаланамыз. Сондай қиындықтарды кеше жүріп, сауат аштық. Әкем соғысқа кетті. Көкемді 12 жасында ФЗО-ға жіберді. Жасы жетпей, сол жақтан азып-тозып, кері қайтып келді. Мені көкем бөлек көретін. Екеуміздің бір-бірімізге деген бауырмалдық сезіміміз бөлек болатын. Сол Қаһарман көкем 12 жастан ауыр еңбекке араласып, бүкіл өмір жолын аграрлық салаға арнады. 4 кластық біліммен елге танылды. Құдайға шүкір, жаны таза, бар жақсы қасиетті бойына жинаған азамат болды. Бергеніңе шүкір деймін Аллаға, - дейді кейуана.

«Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» демекші, бір кездері бірге жүріп, біте қайнасқан жолдастарының бірі Есен Мұратов аға Қаһарман аға туралы былай деп еске алады:

- Қаһарманды 1971 жылдан білемін. Мен әскерден келгенде механизорлардың бригадирі екен. Ұйымдастыру қабілеті ерекше еді. Барлық жұмысшыны бірдей көретін. Техника  бұзылып қалса, бригадирмін деп қарап тұра алмайтын, бізбен бірге май-май болып жөндесіп шығатын. «Жақсының ашуы шәйі орамал кепкенше» деген, ашуланса ашуын тез ұмытатын.

Қышадан артық өнім алу өте қиын. Бірақ, соған қарамастан, Қаһарманның бригадасы қышадан 13 центнер, ақ бидайдан гектарына 35 центнер артық алатын. Үнемі рекорттық өнім беретін.

Сол жылдардың қай-қайсысы да жеміссіз болмады. Ауыл шаруашылығын, соның ішінде егіншілікті өрге бастыруға қосқан үлесі үшін «Ленин», «Октябрь революциясы» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталды. Ондаған жыл қатарынан селолық және аудандық Советтердің депутаты болып сайланып келді. Сондықтан Қаһарман Сисенғалиевтің есімі совхоз, ауданды айтпағанда,  бүкіл облыс көлеміндегі үздік диқаншылар қатарына қосылып, облыстағы Құрмет тақтасында тұрды.

Ал, талай жыл бірге қызметтес болып келген Қадырғали Әкімов:

- 1969 жылы әскерден келіп,  1991 жылға дейін бірге жұмыс істедік. Қаһарман тек өзі ғана еңбек етіп қоймай, өзгені де соған үйрете білді. Адамның еңбекке деген ынта-ықыласын арттырып, ортақ іске жұмылдыра алатын ұйымдастырушылық қасиеті керемет еді. Менің балам, менің жақыным деп бөле-жара қарамайтын, «ала қойды бөле қырықпайтын», талапты бәріне бірдей қоятын әділдігі өз алдына. Сол іскерлігінің, талапшылдығының арқасында талай жетістікке жетіп, атақ-абыройға кенеліп жүрдік, - деп үзеңгілес жолдасы жайлы естелігімен бөлісті.

Атына лайық азаматтың бойындағы іскерлік, жолдастық, жауапкершілік, ұйымдастырушылық қасиеттері совхоз партия комитеті мен басшылық тарапынан да әділ бағасын алды.

Иә, жастайынан ауыр жұмысқа жегіліп, небір қиын-қыстау күндерде мұз жастанып, қар жамылып жүріп еліне қалтқысыз қызмет еткен Қаһарман аға 66 жасында дүниеден озды.

Еңбекпен ер атанған азаматын елі ескерусіз қалдырған жоқ. Терімен суарған жерінде ізі бар. Үлкен Еңбек ауылында бір көше «Ленин», «Октябрь революциясы» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Қаһарман Сисенғалиев атында.

Ізінде қалған ұрпағы да саналы, еңбекқор. Өзінен тараған 2 ұл, 6 қызды оқытып, ел қатарына қосып кетті. Бұл күнде Серігі инженер, Берігі электрик, қыздары әртүрлі мамандықты иеленген. Бәйбішесі Алтынай әже 7 немере, 4 шөбере, 17 жиен, 13 жиеншар сүйіп отыр.

Қызы Эльмира: «Мен әкемнің жеке меншік қызы едім. Әкемнің үнемі қасында жүруші ем. К-700 та айдадым,  сепкішке де отырдым. Әкемнің қолқанаты болып ем»,  - деп сағына еске алады. Ал Ақжайық орта мектебінде ұстаздық ететін қызы Дина: «Әкеміз балалық шағымыздан біздің мақтанышымыз болды. Мектепте ұстаздарымыз: «Динаның әкесі Ленин орденін алған атақты адам» дегенде, төбем көкке екі елі ғана жетпейтін. Бар болғаны 4 кластық білімі болса да, газет-журналды жібермей оқып отыратын. Ойына түйгендерін айтатын. Жауапты қызметте болғасын сирек көретінбіз. Қазір қатты сағынамыз,- дейді.

Алтынай әже де қимас уақыттарын еске алып: Отағасы үй көрмейтін. Таңғы 5-тен  түнгі 11-12-лерде бір келетін. «Көкесі-ау, бір уақыт өзіңе көңіл бөліп дем алсаңшы!» - деп аяймын.

- Оу, бәйбіше, балаларға сен бас-көз бол! Мен осы балаларым үшін жүрген жоқпын ба? Балаларымның амандығы – менің саулығым. Күш-қуатым. Тылы берік болған азамат алаңсыз жұмыс істейді. Мұны ұмытпа! - дейтін.

Әттеген-айы сол, немерелерінің де дипломды болып, алды шаңырақ көтергенін, ұрпағының қызығын көре алмады. Қол ұстаса жүріп, ақсақалдық құрметке жете алмады деп өкінсем де, өзімді сабырға келтіріп, Қаһармандай отбасын сүйген, еліне қалтқысыз қызмет еткен азаматқа жар болып, серік болғаныма мақтанып, шүкір етемін, - дейді.

Әрине, адам ұрпағымен мың жасайды. Бұл күнде тамыры тереңге жайылып, ұрпағы ата салған сара жолды жалғап келе жатса да, асыл азаматтардың аты өшпегенін қалайсың. Әлі күнге дейін ел арасында сый-құрметпен еске алынатын Қаһарман Сисенғалиев секілді еңбек қаһармандарының өнегелі өмір жолы кейінгіге көбірек насихатталса, нағыз естелік-ескерткіш сол болмақ.

 

Ғазиза Рахметқызы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале