8.01.2021, 12:29
Оқылды: 22

Сайлау – жауапты науқан

Санаулы күндерден соң, 10 қаңтарда өтетін сайлауда Парламент Мәжілісіне, әр деңгейдегі мәслихаттарға депутаттар сайланатынынан халық хабардар. Теректі ауданында да жауапты істің мүлтіксіз атқарылып, заң шеңберінде жүргізілуіне жауапты орган – аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Федоровка ауылы, Сұңқар көшесі, №22, «Теректі ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ғимаратына орналасқан.  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау өткізу туралы Жарлық жариялап, сайлау күні белгілегеннен бері тынымсыз қызмет үстіндегі Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Армат Байғазиев сайлауалды шаралар жайында қойған сұрақтарымызға жауап берді.

 49035419-e9da-45be-ac7a-67cb573e82b1

- Армат Амангелдіұлы, сайлауға аудандағы дайындық қалай жүріп жатыр?

- Аудан бойынша 42 сайлау учаскесі бар. Аудан әкімінің 2020 жылғы 5 наурыздағы №6 шешімінде аудан аумағындағы сайлау учаскелерінің орналасқан жерлері мен шекаралары бекітіліп, ауданымыздың қоғамдық-саяси «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» газетінде жарияланды. Алдағы сайлауды заң аясында әділ және таза өткізу үшін қыркүйек айынан бастап комиссия мүшелерін дайындап жатырмыз. Ол үшін оқыту семинарларын өткіздік. Сайлау кезінде орын алатын жағдайларды талдап, оны шешу жолдары түсіндірілді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 20-бабының 12-тармағына сәйкес сайлау комиссияларының құрамдарына өзгерістер енгізілді. Барлық сайлау учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен, сайлау кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау үшін халаттар, бетперделер, қолғаптар, антисептиктер, қорғаныс экрандармен қамтамасыз етілді. Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау үшін бетпердесіз, өз қаламын алмай келген келген сайлаушыларға да беру үшін қосымша бетперде, қолғап, қаламдар алынды.

3478ea1b-f968-4114-ad20-6f46230f3008

- Аудандағы елді мекендердегі  учаскелік сайлау комиссияларының қызметі жайлы айтып берсеңіз.

- Учаскелік сайлау комиссияларына сайлаудың ең бір маңызды жүгі жүктелген. Олар сайлауалды дайындық кезінде сайлаушылардың тізімдерін нақтылап, сайлаушыларды тізіммен таныстыруда. Денсаулық жағдайына байланысты немесе басқа да бір салмақты себептермен үйден дауыс беретіндерді анықтап, олардан арыздар қабылдауда. Сайлау күні болмайтын сайлаушыларды анықтап, есептен шығару куәліктерін беру де сол учаскелік салау комиссияларының құзіретінде. Комиссия мүшелері сайлаушыларды дауыс беру күні, уақыты және орны туралы хабарландырып, арнайы шақыру қағаздарын таратуда. Дауыс беруге арналған үй-жайды дайындайды. Сайлау күні сайлау учаскесінде дауыс берілуін ұйымдастырады. Сол жерде  дауыс беруді ұйымдастыру мәселелері жөніндегі арыздар мен шағымдарды қарайды және солар бойынша шешімдер қабылдайды. Дауыс беру аяқталған соң, яғни, сайлау учаскесі өз жұмысын тоқтатқан соң, дауыс санауды жүргізеді және учаскедегі дауыс беру нәтижелерін анықтайды.

-Биылғы сайлаудың алдыңғы сайлаулардан ерекшелігі бар. Яғни, осы сайлауда партия атынан ұсынылатын тұлғаға емес, партияға дауыс беріледі. Енді, біздің ауданда сол сайлауға түскен партиялардың барлығы да тіркелді ме?

- Мәжіліс депутаттарын сайлауға республика бойынша бес партия - «Қазақстан Халық партиясы», «Nur Otan» партиясы», «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы», «Ақ жол» демократиялық партиясы», «ADAL» партиясы» қоғамдық бірлестіктері түскенін білесіздер. Ал, Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясына аудандық мәслихат депутаттығына үш партия - «Nur Otan» партиясы», «Ауыл» ХДПП» және «ADAL» саяси партиясы» тіркелді. Атап айтсақ, «Nur Otan» партиясының» партиялық тізімінде - 24 кандидат, «Ауыл» ХДПП» партиялық тізімінде - 4 кандидат, «ADAL» саяси партиясының» партиялық тізімінде - 2 кандидат мәслихаттың аудандық деңгейінде халық қалаулысы болудан үміткер ретінде тіркелген.

- Жаңа ғана сайлауға түсетін партиялар жайында айтып кеттіңіз. Сол партиялар халықпен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқандығын білеміз. Жалпы, ауданда осы бағытта қандай шаралар өтті?

- Үгіт-насихат жүргізу материалдарын ілуге, халықпен кездесуге арналған арнайы орындар белгіленді. Ол орындар жайлы мәлімет ауданымыздың қоғамдық-саяси «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» газетіне жарияланды. Аталған партиялардың өкілдері белгіленген арнайы орындарда өздерінің үгіт-насихат материалдарын іліп, кездесулер өткізуде. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы өздерінің бағдарламаларымен таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

- Қазан айында басталған сайлауалды дайындық мәреге жетіп, халық өз таңдауын жасайтын сәт те жақындап қалды. Дауыс беру нақты қалай болатыны жайында айтып берсеңіз.

- Дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен таңғы сағат 7.00-де басталып, кешкі 20.00-ге дейін өткізіледі. Дауыс беру басталғанға дейін бір сағат бұрын дауыс беруге арналған пункттерді ашады. Дауыс беру басталардан отыз минут бұрын комиссия мүшелерінің қатысуымен сайлау жәшіктерінде сайлау бюллетеньдерінің бар екенін немесе жоқ екенін, жәшіктердің бүтіндігін тексереді, дауыс беруге арналған жәшіктерге пломба салады немесе мөр басады. Комиссияның сайлау бюллетеньдерін беруге жауапты мүшелерін белгілейді. Әрбір сайлаушы өзі дауыс береді. Сайлаушының қолына Парламент Мәжілісі және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары бойынша 3 бюллетень беріледі.

Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушыларға сайлаушылар тізімдері негізінде сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі бойынша беріліп, сайлаушылар тізімге бюллетеньдерді алғандығы туралы 3 жерге қол қояды. Комиссияның бюллетеньді берген мүшесі де сол жерде және берген бюллетеньдерде өзінің қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньді алған сайлаушының тізімдегі тегінің тұсына қол қояды.  Дауыс берушілер сайлау бюллетеньдерін жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Толтырылған бюллетеньдер дауыс беруге арналған тұрақыжәшікке салынады.

Пандемияға байланысты биыл ерекеше сақтық шаралары қаралған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №69 қаулысына сәйкес, сайлау учаскесіне келген сайлаушының температурасы тексеріледі. Дене температурасы (+370С-тан жоғары) жоғары болған жағдайда ол медицина қызметкерлерінің қарауы немесе жедел жәрдемнің келуін күтуі үшін оқшаулау бөлмесіне орналастырылады. Сайлау учаскесінде арақашықтықты сақтау шаралары ескертіледі. Сайлаушылардың учаске ішінде жүріп-тұруы кіріп-шығу бағыттағыштары арқылы жүзеге асады.

Осы баспасөз берген мүмкіндікті пайдаланып, барша жерлестерімді азаматтық белсенділік танытуға шақырамын. Өз таңдауларыңызды жасап, дауыс беріңіздер!

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале