14.01.2021, 17:38
Оқылды: 63

Жан жарасын даналыққа ұластыру

Әкемнің немере інісі Есенкелді Қасымовтың фәни дүниеден бақилыққа өткеніне өткен жылдың желтоқсан айында алты жыл толды. Жеңгеміз Сұлушаш Құлмалиева сүйікті жары Есенкелді ағамның рухына арнап шығарған «Қол ұстасқан ғұмыр және қас қағым сәт» деген естелік кітабының тұсаукесерін ағамның мәңгілік ғұмырының басталғанына бес жылдық ас беруі кезінде өткізген болатын. Жылжып жылдар өткен сайын ағамыз Есенкелді Сабырұлының жарқын бейнесі сағымға айналып бара жатқандықтан, оны сүйгендер мен сағынғандардың, сыйлағандардың мол қазынасы ретінде, артында қалған мыңдаған шәкіртінің жадында жаңғырту ниетінде осы іс-шарада Сұлушаш анамыздың сөйлеген ұлағатты сөзін сол күйінде елге жеткізгенді  жөн көрдім. Өйткені бұл екі ұстаз – саналы өмірлерін осы Батыс Қазақстан облысында өткізіп, жас ұрпақты тәрбиелеуде  елеулі  үлестерін  қосқан  жандар.

 Жан жарасын даналыққа ұластыру1

– «Кітап неге бесінші жылы шықты?» деген сұрақ орынды да шығар. Оған тірілердің өміріндегі әр түрлі жағдайлармен қатар, Есақам туралы жазар сөздің жауапкершілігі қолымды байлады. Суық ақылмен қарасақ, жазудан асқан ауыр қызмет жоқ екен. Өзіңді бір Алланың алдында есеп беріп отырғандай сезінесің.

«Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады» деп ақындар толғағандай, осы кезге дейін қанша жазсам да, кесек дүние жасадым дей алмаймын. Ал шер толқытқан бұл кітап қашан болса да шығар еді. Бұл кітаптың Нұр-Сұлтан қаласындағы іргелі баспахананың бірінен еш кемшіліксіз аты да, заты да сөйлеп тұрғандай толымды еңбек болып, Есақамды кенеттен жоғалтқандағы ұйқысыз түндерім мен күлкісіз күндерімнің өтеуіндей, өзім үшін көңілдің жыртығын жамап, дертіме қуат беріп жарық көргеніне қуаныштымын. Жанымның жартысына айналған, елу жылдай өмірім өзімен бірге өткен жанның қас қағым сәтте көз алдымда ғайып болғаны туралы кітаптың тұсауын көзімнің жасы боталап, жүрегімнен қан сорғалап тұрып ашатын шығармын деген сезімде болғанымды жасыра алмаймын. Бірақ олай етуге болмайды.

Бұл – жазмыш. Бір Алланың шешіміне пенденің қарсы келе алмайтынын мойындайсың. Өкініштісі, оның жетпіске де жетпей өмірден өткені. Ақан серіше айтқанда, «...Жүрсеңші қасыма еріп азын аулақ»  деген үміттің ойда жоқта тез үзілгені. Шерағаның «Бір кем дүниесі» ғой. Сондықтан сөзімді кітабымның басында жазылған Колумбия жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриэлия Гарсиа Маркестің сөзімен бастауды жөн көрдім. Ол: «Возможно, в этом мире ты всего лишь человек, но для кого-то ты – весь мир» деген. Иә, ол жал құйрықтан жұрдай, кіндіктен жалғыз мен үшін бүкіл әлемім еді. Ал өзім Қасым Аманжоловша айтсам, «Біреудің жұртта қалған жасығы болсам, Есенкелдім үшін аспандағы асылы едім». Кітапта өзім туралы көп айтылған сияқты болып көрінуі мүмкін, ол түсінікті. Екеуміздің өмірімізді бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Сондықтан жүректің сөзін қор етіп, өз сөзімді зор еттім деп ойламаймын. Қазір жалғыз ағашты орманға айналдырып, Есақам маған тастап кетті. Тағдыр дейтін тақ иесінің тұтқынында балаларымның қолдауымен, немерелерімнің қуантуымен ғұмыр кешіп жатқан жайым бар. Адам өмірі ақылдан, сабыртөзімнен, ерік-жігерден, ар-ұяттан, абырой мен азаматтықтан тұратын болса, менің жұбайым Есенкелді Сабырұлы сабырын сары алтыннан құйған, осы қасиеттердің бәрін бір басына жинаған жан еді, - деп толғанды Сұлушаш ана.

Иә, Есенкелді ағамыз – бұл дүниеде жаманға жалынбай, жақсыға табынбай о дүниеге өткен адамдардың бірі. Өмірден өз орнын тапқан бақытты жан екенін мойындап өтті. Оны Сұлушаш анамыз былай толықтырады:

–  Өз басым Есақам дүниеден өткенде азаматтылықтың, арлылықтың белгісіндей болған бір дәуір басымнан өткендей сезімде болдым. Қазан-аяқ сылдырламайтын үй болмаса да, Есақамның мінезін білетіндер біздің бақытымызға анық сенетін. Ақиқатында да біз тату-тәтті тандем едік. Мен түгілі, өзге жандарға жел болып тигенін, көңіл қалдырғанын, тіпті дауыс көтеріп сөйлегенін де естімедім. Жүрегі таза, еңбегі адал, мінезінде мін жоқ бір адам болса, ол менің Есенкелдім дер едім. Жалпақ жұртқа жан сырымды жайып салған шығармам белгілі оқиғалар тізбегі ғана емес, жүректен қайнап шыққан сезімдер жүректеріңізге жетеді деп сенемін. Мен бұл кітапта Есақам туралы артық кетіп ағысқа қарсы жүзгенім жоқ. Үйіміздің иесі ғана емес, киесі болған адам жайында қайта көп нәрсені жеткізе алмаған сияқтымын. Ұсақ-түйекке көңіл бөліп, жүйесіз бос сөзге де ерік беріп, оның табиғатына қиянат жасамауға тырыстым. Есақамның Құдайға шүкір, көзі тірі жерлестері, әріптестері, замандастары оны жақсы біледі. Сондықтан оның образын қиялға құрып, өтірік жасай алмайсың. Кейбір оқырманға мен жан дегенде жалғыз келінім туралы қаталдау жазған болып көрінуі әбден мүмкін. Бұл жерде «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» деген сияқты. Бұл менің, ұстаз-ананың, бүкіл қазақтың енелері мен келіндеріне мәңгілікке жазған хатым, өрем жеткенше сөзден соққан ескерткішім деп қабылдаңыздар. Адам ұрпағымен ғана мың жасайды. Алла бұйыртса, келінім де болашақта ене болады. Ата-ана өзі жіберген олқылықтарды балаларының қайталамауын тілейді. Көңіл, шіркін, болсадағы қылаусыз... «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтатынын», бұл менің аналық, енелік борышымды толық өтеу үшін парызымды орындау болғанын келінім жақсы түсінеді. Жұрт не десе, о десін, мен қазіргі өз кәрілігімді рухани нұрлы тірлік деп есептеймін. Бұл Алланың өз перзентіне берген жазмышының әділдігі шығар. Нандарын адал еңбегімен тауып жүрген балаларыма тәңірдің нұры жауғай. Өлгендер із-түзсіз кетпейді, аруаққа айналып тірілерді желеп-жебейді. Бүгін Есақамның аруағы бір аударылып, рухы шат болып жатқан шығар. «Адам баласы тіршілік сапарын аяқтағанда, мәңгілік барып жатар мекенінің бір уыс топырағы ол туылған сәтте-ақ бұрқ ете қалады» деген халық нанымы бар. Бұл да тегін айтылмаған деп ойлаймын. Өзінің сұрауы бойынша оның мәңгілік мекені Жайықтың жағасынан орын тепті. Артында қалғандарды бір Алла қолдап, Есақамның рухы жебей берсін!

Сұлушаш анамыз секілді жағдайды бастарынан өткізіп жатқан қаншама адамдар бар, «Қайғыны бөліссе, азаяды...» деген ниетпен осы мақала жазылды. Кітап оқырмандарға кең таралды, оны www.kazneb.kz сайтынан оқуға болады.

P.S. Айта кететін жайт, Сұлушаш Сүндетқалиқызы өткен жылы «Мен даланың қызымын» деген кітабын шығарды. «Мынауыңыз тым тез болды ғой дегенімізде» апай: «Қайғы емес, қуанышты сәттерді жазу жүйкеге салмақ  түсірмейді  екен. Кез келген шығарма автордан үлкен еңбектенуді талап етеді. Дегенмен «Сабақты ине сәтімен» дегендей, осы туындымды қалай бастап, қалай аяқтағанымды өзім де байқамай қалдым» деген болатын. Бұл кітап та кең оқырманға жол тартты. Жоғарыда көрсетілген сайт арқылы электрондық нұсқадан да бұл кітапты оқи аласыз.

 

Сая Аманкелдіқызы,

Нұр-Сұлтан қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале