15.01.2021, 9:21
Оқылды: 32

Әке жолы – ұрпаққа үлгі

Әкем Өтеш Әжіғұлов – еңбекпен есейіп, адал жүріп, ақ сөйлеп, ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген жан еді. Ол қызмет, лауазымнан гөрі ел-халқының жағдайын бірінші кезекте ойлап, көпшілік үшін кез келген жанның жүрегі дауаламайтын іске тәуекел ететін.

 Әке1

1910 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген әкем еңбекке ерте араласты. Ұлы Отан соғысына дейін түрлі жұмыстар атқарып, колхоз басқармасы лауазымына дейін көтерілді. 1942 жылдың басында майдан даласына аттанады. Соғыста үш рет жараланып, 1943 жылдың желтоқсанында елге оралады. Ұлы Отан соғысының II топтағы мүгедегі атанған ол 1944-1963 жылдар аралығында Орда, Казталов, Фурманов, Жаңақала аудандарындағы ауылдық кеңестердің төрағасы болып еңбек етті. 1963-1969 жылдың Мәстексай совхозының №3 фермасының меңгеруші қызметінде жүріп зейнетке шықты. Еңбегі ескерусіз қалмай, ол 1958 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, В.Лениннің 100 жылдық мерейтойлық медалімен және өзге де мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ұлы Отан соғысында алған төрт медалі бар. Қарапайым, кішіпейіл, өзінен гөрі өзгені көп ойлайтын, қолынан келген қамқорлығын аямайтын жан болған әкемізді бала кезімізде көп көрмейтінбіз. Себебі ол жұмысқа ерте кетіп, кеш келетін.

Әкем ауыл ішіндегі қандай жағдайға да бейжай қарамаған. Жоғарыда баяндалғандай, екінің бірінің жүрегі дауаламайтын іске тәуекел ететін. Сондай бір оқиғадан мысал келтіре кетейін. Бір кездері ауылдағы әлеуметтік жағдай қиындап кетсе керек. Ауылдық кеңестің төрағасы болып жүрген әкем кеңшардың қоймасын бұзып, ондағы азық-түліктің бір бөлігін тұрғындарға үлестіріп береді. Ауылдағы бір мекеменің қызметкері осы жағдайды баяндап әкемнің үстінен облыстық партия комитетіне арыз жазады. Көп кешікпей обком басшылығы келіп, істің барысымен танысады. Нәтижесінде әкемнің шарасыздықтан, халыққа көмек беру қажет болғандықтан, осындай әрекетке барғаны анықталады. Осы оқиға себепші болса керек, көп кешікпей облыстан ауылға азық-түлік, тұрмыстық керек-жарақ жіберіпті. Арыз жазған адам да түсініп, әкемнен кешірім сұраған. Осыған ұқсас жайттар Саралжын ауылдық кеңесінде және Мұқыр ауылында ферма меңгерушісі болып жүрген кезінде де болған. Сондай-ақ ауылдағы түрлі оқиғаларға да араласып, құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерімен бірге жүріп, өз міндетін абыроймен атқара білген.

Әкемнің Мұқыр ауылындағы №3 ферма меңгерушісі болып жұмыс істеп жүрген кезінде Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кенжебек Меңдіәлиев үйімізге келіп қонып кетсе керек. Таңмен ұйқыдан тұрған соң, аула ішіндегі бір сиырдың шөп жей алмай қиналып тұрғанын байқаған хатшы әкемнен малға не болғанын сұрайды. Әкем шеге ме, сым ба тамағына тұрып қалып, шөп жей алмай тұрғанын жеткізген. Бөлімше кеңсесіне барғаннан соң Кенжебек ағамыз ферма зоотехнигі Мақсот Сейітқалиевке, «Өтештің бір сиыры жайсыздау тұр екен, тап қорқынышты емес, «общепитке» ал да, орнына бір малды берсеңші. Оны сендер істемесеңдер, бұл өзі оған бармайды ғой, бала-шағасының сауабына қаларсыңдар», - деген екен.

Өңірімізге танымал журналист, әкемнің туысқанындай болған інісі Жүсіпкерей Нұртасов ағамыз «Орал өңірі» газетіне 2005 жылы көлемді мақала жазды. Онда 1944 жылдың қысы ауыр болғанын, сауын сиыр фермасында жем-шөп таусылуға айналғанда, әкемнің Қарабатыр деген жерде соғыстан бұрынғы жылдары үйілген, қар басып жатқан шағын шөп маяларын іздеп тапқанын баяндайды. Ауылдық кеңес төрағасы болып жүрген өзі басында жүріп, маяларды бес-алты түйемен тасыттырған екен. Құм өңірінде арба, шана қолданбайды. Сол себепті шөпті түйенің үстіне артқан. Мұндай кездерде әкемнің өзі де қолдап істейтінін, яғни мүгедек қолына айыр, күрек саптарының шетін тіреп қойып, сау қолымен қимылдағанда жұмысты өнімді істейтінін суреттеп жазған. «Өтеш басқаратын Таубұйрат ауылдық кеңесінің аумағындағы үш қолхозға мемлекеттік жер қорындағы Жаманқұм, Мұғаз аталатын жер учаскелері бөлініп, малдары сонда қыстатылатын болған. Ол жерлер ауылдан 90-100 шақырымдай қашықта болатын. Аталған учаскелерден жазда жем-шөп дайындалғанымен, шабындықтың шөбі колхозды мал азығымен қажетті мөлшерде қамтамасыз етуге жетпеді. Сол себепті жем-шөп есебін жасағанда оның 10-15 пайызын тебіндетіп жаюмен толтыруды көздейтін дәстүрге сүйенетін. Қатал қыс ол есепті жүзеге асыртпай тастады. Өтеш қыс бойы сол учаскелерде болып, сонау жиырмасыншы жылдардан қалған ескі шетен аулаларды іздеп тауып, есепке алып, колхоздарға бөліп отырды. Осындай құм басып қалған аулаларды аршып алғанда сүрленіп қалған көкқияқ шөптер шығушы еді. Сол бір қиын-қыстау кезеңде ол да едәуір көмек болған-ды. Соның арқасында қоғамдық мал басы сақталып қалды. Осындай қам-қарекетпен жүрген Өтеш шалғайдағы үйіне қыс бойы қатыса алмайды. Оның үйіндегі екі сиырының біреуі азық жоқтықтан өлген екен. Ол кезде жеке мүддеден қоғамдық мүддені жоғары қойған адамды қатты қадірлейтін. Өтештің осы жағдайы аудан, тіпті облыс басшыларына дейін мәлім болады. Сонда облыс басшыларының бірі: «Мұндай кадрларды әрдайым назарда ұстап, қолдап отыру керек» деп айтқан екен. Оның кейінгі өмірі мен қызметінде осынау сөздің де пайдасы тиіп отырды» деп жазған Жүсіпкерей ағамыз мақаласын әкемнің аңқылдаған, жаны таза, ақ азамат болғандығын айтып аяқтапты.

Әкеміздің ары таза болғандығының бір көрінісі сол, көлік жүргізушісі арқылы бірде «Жаңыл Сабырғалиева деген сауыншы апайға берерсің» деп бір ыдысқа (котелек) құйылған қаймақты ұстатады. Әкемді жезде деп ойнайтын жүргізушісі Сәрсен деген ағамыз оны байқамай, анама бере салады. Артынан әкем мұны біліп, қатты ренжіген екен. Тіпті осыған қатысты әзіл-шыны аралас әңгіме ел ішінде тарап кеткені бар.

Бала кездегі бір оқиға әлі де жадымда. Күз айы. Мен жоғары сыныпта оқимын. Кешкі тамақтың уақытында ауылдағы Есқали деген қарттың кемпірі келді. «Өтешжан! Пішен келді, түсірілді. Сөзімізді жерге тастамай, өтінішімізді жедел түрде орындағаныңа саған рақметімді айтайын деп арнайы келдім. Мына қара домалақтарыңның қызығын көр!» деген баталы сөзіне әке-шешем де, әжелерім де, апаларым да риза болды.

Сексенінші  жылдары Жаңаталап ауылындағы Д.Нұрпейісова атындағы орта мектепте жұмыс жасап жүрген кезім. Бір күні совхоздың партия комитетінің хатшысы Сидағали Қойшығалиев ағам хабарласып, «Назым, бір әнші ағаң келіп отыр. Біздің жаққа гастрольмен келген екен. Өтақаңды жақсы білетін көрінеді. Қызы осында екенін естіп, сізді сұрап жатыр» деген соң кеңсеге бардым. Таныса келе, Атырау облыстық филармониясының әншісі Мекес Төрешев екенін білдім. Әріптестеріммен бірге үйге алып келдім. Оның айтуынша, өзі 9-сыныпта оқып жүрген кезінде анасынан айырылып, жетім қалыпты. Ал анасы совхоздың кеңсесінде еден жуушы болып жұмыс істеген. Әкем оны қамқорлыққа алып, әншілік талантын байқаған соң, өнер бағытында білім алуына көмектесіп, Алматы қаласына баруына жәрдемдескен екен. Әкем бар кезде де арнайы іздеп келіпті. Осындай әкеңнің болғанына, оның жақсылығын ұмытпай, жүрегінде сақтап жүрген жандарға  қалайша шаттанбайсың?!

Әкеміз дүниеқоңыздыққа салынып, артық мал жинап, өзгеден асып түсуге еш талпынған адам емес. Қарапайым, көппен бірдей тіршілік кешті. Үйде қонақ келгенде жайып тастайтын ақ киіз болды. Ерекше аппақ еді, қызыл түсті оюлары бар. Айналасы да теп-тегіс еді, түрлі-түсті жіппен өрілген. Ата-анам оны қасиетті, киелі деп ардақ тұтатын. Кейін ортаншы қызы Меңзипа апамды ұзатарда құдалар келеді деп кілем алып келгені бар. Бірақ сол ақ киіздерін жарқыратып төсеп тастаудан танған емес.

Әкем өнерге бір табан жақын еді. Ән салатын, суырыпсалма ақындығы да болды. Бұл қасиет анасынан дарыған. Әжеміз «Жалғызыма» деп, баласына, яғни әкемізге, бізге, немерелеріне шумақтатып өлең шығарып отыратын.

Бірде әкемнің қағаздарын ақтарып отырып, қалта кітапшасынан мына өлең шумағын оқыдым:

«Жасқанбай айтар жеріңде,

Сөйлесең әділ, тік тұрып.

Ұстасаң биік арыңды,

Қарағым, ол да мықтылық.

Көргенде соққы өмірден,

Босамай тұрса белдігің.

Кездейсоқ, кейбір жәбірден,

Қайыспай кетсең, ол да ерлік!»

Өзінің жазғаны ма, әлде өзіне ұнағасын бір жерден түртіп алды ма, оны анық білмеймін. Осы өлең шумағы өмірімде де, қызметімде де бағдаршам іспеттес болды. Сол себепті оны әлі күнге дейін сөмкеме салып алып жүремін.

Әкемді білетіндер кездесе қалған жерде «Өтақаң сондай тамаша адам еді ғой, біздің Өдөш-ай! Отырған жерінде думан жасап, әңгімесін келістіретін. Әнді қалай салатын еді!? Домбырамен «Күпсебайды» салғанда, бір сергіп қалатынбыз» деген сынды сөздерін естігенде масаттанып, марқайып, көңілім өсіп, жадырап кетемін. Осындайда «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген сөз еске оралады.

Өмір-өзен. Уақыт жылжып өтіп жатыр. Әкем қайтқаннан кейін, тұңғыш перзенті Меруерт апам, анамыз, ұлы Өтелген, әкемнің тәрбиесінде болған Рая қызы да дүниеден озды. Анамыз екеуі өмірге әкелген 11 перзенттен қазір үш қыз, бір ұл және Мақуза деген қызы да бар. Немере-жиендер, шөберелер өсіп жатыр.

Мақтанғаным емес, әкем балаларының ішінде мені ерекше бағалайтын. Сәби кезімнен өжет, өткір, пысық болсам керек. Көп үміт күтетін. «Осы қыз түбінде бір үлкен істің басында болады, алда болады» деп алға жетелеп отыратын. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімнен бастап әкем «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған партия сиездерінің баяндамаларын, аңыздарды, батырлар жырларын оқыттырып, өзі тыңдап отыратын. Әкемнің бұл тәрбиесі менің ой-өрісіме, сөз саптауыма, бір сөзбен айтқанда, тұлға болып  қалыптасуыма көп пайдасын тигізді. Соның әсері болса керек, Орал пединститутына оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып шықтым. Ғұмырымның қырық жылдан астам уақытын мектепке, бала тәрбиесіне арнадым. Отыз бес жылға жуық уақыт мектеп директоры болдым. Қандай қызметте жүрсем де, әке өнегесін есімнен шығарған жоқпын. Маған артқан се-німін ақтауға тырыстым.

Былтыр марқұм әкеміздің туғанына 110 жыл толды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында әкемізді еске алып, ауқымды іс-шара өткізуді жоспарлап едік. Алайда ел ішіндегі жағдайға байланысты іс-шара өткізуге, өзін көре қалған, дәмдес болған ел адамдарын, тума-туысқандарын жинауға мүмкіндік болмады. Тек балалары, немере-жиен, шөберелері болып, Мұқыр ауылына барып, әке рухына Құран бағыштап қайттық.

 

Назымсұлу  Өтешқызы,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале