Монша мен саунада өрт қаупі көп болады. Мәселен, өткен жылы облыс аумағында 56 және 2021 жылдың тек он күнінде үш өрт оқиғасы моншалар мен саунада тіркелген.
Өрт себептерінің бірі – қыздырылған ағаштан жанғыш газды шығарудың физика-химиялық үдерісі. Бұл үдеріс ағаш пиролизі деп аталады. Ең қауіпті орын – моншада бумен қыздырылатын бөлме. Мұнда ағаш мол және температура қолайлы. Бумен қыздырылатын бөлмеде ағаштың пиролизі үшін жағдай бар, ал шыққан газ өздігінен жануға қабілетті. Моншадағы өрттердің шығуына электр жабдықтары, электр пеші және бу бөлмесінің жарықтандыру сымдары әсерін тигізеді. Өйткені электр жабдықтары дұрыс орнатылмай, оларды пайдалану кезінде олқылықтар орын алады. Пешті бумен қыздырылатын бөлмеде дұрыс орнатпау салдарынан өрт болуы мүмкін. Мысалы, пештен жанғыш әрлеуге дейінгі қашықтық сақталмайды, бұның өзі ағаштың қызып кетуіне және өртенуіне әкеліп соғады.
Моншаны пайдалану барысында нормативтік талаптардан басқа режімдік сипаттағы іс-шараларды сақтау қажет. Мәселен, желіге қосылған тас пештің электр қыздырғышын қараусыз қалдыруға болмайды. Сондай-ақ қандай да бір жабдықты өз бетінше жөндеу, ауыстыру немесе зауытта шығарылмаған құбырлы электр жылытқышты орнатуға, ажыратылған тас пешті немесе жарамсыз термореттегішті пайдаланудан аулақ болу керек. Сол сияқты сауна бөлмесінде арнайы жабдықталған орындардан тыс, тұрмыстық электр қыздырғыш аспаптарын пайдалануға, есік пен еден арасындағы желдету саңылауын кез келген заттармен жабуға, спирттік ішімдіктер ішуге және темекі шегуге тыйым салынады.
БҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы