23.01.2021, 17:26
Оқылды: 72

«Данада да дара – Дина»

Күй - құдірет, күй - ғұмыр, күй - ұлтымыздың рухани бейнесі. Күй - қазақ халқының кешегісі мен болашағы. Күйшілік дәстүрімізді әрі қарай жалғастырушы, насихаттаушы бүгінгі таңда өнер зерттеушілері және де домбырашылар. Осындай ұлы өнер иелері барда киелі күй мұрамыз жоғалмақ емес.

Дана да дара Дина

Халық бар жерде өнер бар. Оны еш уақытта бөле жарып қарауға болмайды. Заманның заңғарында да, зұлматында да ежелден әнімен тербеліп, әнімен мұңайған, күйімен толқып, күйімен шерменде шерін тарқатқан қазақ елі жаңа ғасырға жаңа өмір, жасампаз істерімен аяқ басты. Бұл ұлы шеруге қазақтың сайын даласының киелі күй қонақтаған Батыс өлкесінің бір бөлігі Жаңақала өңірі де үлкен үлес қосуда. Жаңақала өңірі – ежелден бақ дарып, қыдыр қонған қасиетті де құтты мекен.

«Күй – көңіл-күйді реттейді» десек, аты аңызға айналған тума дарын иесінің орындаушылық шеберлігін мойындаған көнекөз қариялар Дина анамыз жайлы әлі күнге жыр ғып айтып отырады. Қазақтың күй өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаз, шебер күйші Дина Кенжеқызының  есімі ел есінде.

14 қаңтар - қазақ өнерінде өзінің өшпес ізін қалдырған күйші композитор, Қазақ КСР халық әртісі, ұлы күйші Д.Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына орай, Д.Нұрпейісова атындағы өнер музейінде «Дара да дана – Дина» атты көрме ашылды.

Дина Нұрпейісова 1861-1955 жылдары өмір сүрген қазақтың әйгілі күйші композиторы. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Бекетай құмында дүниеге келген. Топырақ Алматы қаласынан бұйырған. Динаның композиторлық творчествосының кемелденіп, күйшілік, орындаушылық өнерінің  шабыттанған шағы – кеңестік дәуір. Халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып, 76 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Москвада өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, одан кейін 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі он күндікте Динa жүлделі орындарды жеңіп алды. Әкесі Кенже домбыра шертіп, атбегілікпен айналысқан. Қызының яғни Дина әжеміздің 5-6 жасынан бастап-ақ талбын байқап, домбырашылық өнердің қыр-сырын үйрете бастаған. Оның ұлы күйші Құрманғазымен алғаш кездесуі де осы кездер еді. 8-9 жасар Дина ұстазының күйлерін үйреніп қана қоймай, оның күйшілік-орындаушылық өнердегі ерекшеліктерін, дәстүрін жалғастырады. Динаның тырнақалды «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» атты күйлерінде халықтың күйшілік дәстүрі айқын сезіледі.

Дина Кенжеқызы жарық дүниеде тоқсан жылдан астам ғұмыр кешіп, сол өмірін, саналы жылдарының бәрін өнерге, халқының рухани игілігіне арнаған. Күй құдірет – күй ғұмыр. Күй ұлтымыздың рухани бейнесі. Күй – қазақ халқының кешегісі мен болашағы. Күйшілік дәстүрді әрі қарай жалғастырушы, насихаттаушы бүгінгі жас домбырашыларға Дина анамыздың күйшілік дарынын берсін демекпіз.  

Сымбат Рысқалиева, Д.Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінің меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале