25.01.2021, 14:37
Оқылды: 11

Жемқорлыққа бейім салалар анықталды

Былтыр облыста сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша 118 іс тіркеліп, оның 101-і сотқа жолданған. Нәтижесінде 58 мемлекеттік қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, төртеуі бас бостандығынан айырылған. Ал екеуінің қылмысына бас бостандықтарын шектеу шарасы қолға алынса, 52 мемқызметкер 33  млн. теңге көлемінде айыппұл төлеген. Бұл туралы таяуда Орал қаласындағы «ANTIKOR» сервистік орталығында ұйымдастырылған онлайн-конференцияда айтылды.

68552E44-4FCE-4EF5-8F93-58116288264C

Жиынға БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Рустам Ақмырзаев, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Сәлиева, облыстық арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Виталий Колпаков, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттар партиясы БҚО филиалының төрағасы, облыстық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Мынатаубиік Әнесов, облыстық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Нұрғали Жолдасқалиев қатысты. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер басшылары, түрлі деңгейдегі мәслихат хатшылары, депутаттары, қоғамдық кеңес төрағалары, саяси партия, ҮЕҰ мүшелері мен  БАҚ өкілдері болды. Жиында Рустам Сапарбекұлы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа жол берген мемлекеттік мекемелерді атады. Оның «көш басында» құқық қорғау құрылымы тұрған көрінеді. Яғни пара алғаны үшін патрульдік полиция батальонының 11 қызметкері, Орал қалалық полиция басқармасы мен көші-қон қызметінен бір қызметкерден сотталған. Сондай-ақ БҚО экономикалық тергеу департаментінің екі қызметкері өкілеттіліктерін пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін әшкереленген. Ал жергілікті атқарушы құрылымдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың жеті қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның бесеуі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында және біреуі денсаулық сақтау саласында еңбек еткен. Сонымен қатар 44 жеке тұлға лауазымды тұлғаларға пара бергені және парақорлыққа итермелегені үшін жауапқа алынған. Сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша сотталғандардың қатарында БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник М. Есенов, сондай-ақ Теректі аудандық құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы  М.Молдашев бар.

«Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Сәлиева аталмыш кеңсенің қоғамдағы тұрмыстық жемқорлықты жою мақсатында  атқарған бірқатар жұмыстарына  тоқталды.  

– Өскелең ұрпақтың бойына парасаттылықты қалыптастыру мақсатында «Саналы ұрпақ» және «Адал ұрпақ» жобаларымен жұмыстар жүргізудеміз. «Саналы ұрпақ» жобасы аясында төрт жоғары оқу орынында және 34 колледжде жобалық кеңсе жұмыс жасайды. Клубтың 1000-нан аса мүшесі бар. Облыс бойынша 307 мектепте «Адал ұрпақ» жобасы негізінде ерікті клубтар  құрылған. Оған 5 800-ден астам оқушы тартылған.

Сондай-ақ «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы арқылы 57 мониторинг жүргізіліп, 53 кемшілік анықталды. Бүгінде олардың барлығында дерлік қателіктер түзетілді, – деді Әлия Өтемісқызы.

Баспасөз конференциясында агенттік бастамасымен Еріктілер жылы аясында «Адал көмек» жобасы іске қосылғаны айтылды. Жоба аясында түрлі сала басшылары 1000-нан астам тұрғынға  құқықтық кеңес берген.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале