25.01.2021, 15:49
Оқылды: 62

Кәсіптің өзін тапқан жан

Қазіргі нарықтық қарым-қатынастар заманында «Қандай кәсіпті бастаймын, қандай іспен шұғылданамын?» десеңіз, өзіңіз білесіз. Егемен елдің азаматтарына мемлекеттің өзі көмек қолын созады. Қайтарымсыз гранттық қаржыдан басқа жеңілдетілген несие алып, нар тәуекел етуге жол ашық. Тек алдағы күніңізге айқын сеніммен қарап, сан мың күдіктің батпағына батпай, сенімнің жетегінде болсаңыз болғаны. Сонда бастаған ісіңіз шүкірге басады. Тасқала ауданындағы Амангелді ауылдық округінің тұрғыны Мәншүк Қожамұратова тап осындай ой-пікірін айтып, өз кәсібін қалай бастағаны жайында әңгіме етті.

C4E74AF2-81D7-4071-B5A2-72D71C5CAAAA

– Бұрын газ шаруашылығында декреттік демалысқа кеткен лаборанттың орнында қызмет еттім. Кейін ол маман жұмысқа шыққанда үйде бос отырып қалдым. Бірақ дені сау адамға үйде қол қусырып қарап отыру қиын. Еңбек биржасына тіркеліп, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімшесі жанынан «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерліктің қыр-сырына бір ай оқыдым. 2020 жылы қазан айының басында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жаңа бизнесидеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру деген 2-бағыты аясында биылғы жылдың шілде айында 200 АЕК (555600 теңге) көлемінде қайтарымсыз грант алдым, – деді Мәншүк.

Кейіпкеріміз гранттық қаржыға ғаламторды әрі ақтарып, бері ақтарып, Алматы қаласынан жаңа зауыттан шыққан жүн түтетін ша-ғын станок сатып алады. Станокты сатып алуға оңтүстік астанада тұратын үлкен ұлы көмектесті. Іске қосылғанына бірер ай болғанымен, жүн түту станогына келушілер кезекке жазылады. Тек Амангелді емес, айналадағы ауылдардан, аудан орталығынан қой жүнін қапшықтарға салып, ат арытып келетіндер аз емес. Өйткені ауданда мұндай станок Мәншүкте  ғана.

– Цехымда жаңа қырқылған жүн де, ескісі де түтіледі. Жүннің келісін 350 теңгеден түтеміз. Біздің ауылдарда негізінен ақ қой өсіреді. Қой малы момын болғанымен, жүн-жұрқасына ошаған, тікенек шөп жабысады. Содан тазартып әкелулерін сұраймыз. Станокты майлап-сайлап, «мәпелеп» ұстап отырмыз. «Өзімдікі дегенде өгіздей қара күшім бар» деп тегін айтпаған ғой. Өзіңдікі болған соң, ұзағырақ пайдаланғың келеді. Кенже ұлым студент, қазір онлайн оқып жүр, арасында маған көмектеседі. Жұбайым Ыбырай ауысымдық жұмыста, қол тигенде ол да көмек қолын созады. Электр желісі жағы оның мойнында. Былайша айтқанда, жүн түту – отбасылық бизнесіміз, – деп әңгімеледі өзін-өзі қамтушы М.Қожамұратова.

Мәншүк бұрыннан көрпе тігумен айналысады. Сондықтан алдағы уақытта жаздың күндері жүн түтетіндер қатары қалыңдап жатса, қасына тағы бір адамды жұмысқа алмақ. Көрпе жасап, оның сыртқы қабын тігуді жолға қойсам деген жоспары бар. Қазір жаздық сарайын цех қылып отырғандықтан, бөлек цех салу – ойдағы шаруа. Қарапайым келіншек станок алам дегенде бәзбіреулер «Қойдың шуаш сасыған жүнін түтетін станок аламын дегенің қай сасқаның? Басқа кәсіп құрып қап па?» дегендей сыни пікір айтты. Алғыр, есті келіншек қазақтың салт-дәстүрінен бейхабар жандарға сөзін шығындамайды. Тек «Кедейдің кербезінен сақта», «Кәсіптің өзін тапқан байлықтың көзін табады»  деген тәмсілді есіне алады да, үнсіз жымияды. Өзіне сенімді адамдар тек алға қарайды, алға ұмтылады. Мәншүк сондай!

 Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале