25.01.2021, 16:11
Оқылды: 91

Жүргізуші куәлігінсіз жүруге болады

Темір тұлпар тізгіндеген ағайын алдағы уақытта көлікке қатысты құжаттарды өзімен бірге алып жүрмеуіне болады. Сондай-ақ  құжатсыз жүрген жүргізушілерге салынатын айыппұл да жойылмақшы.

F0DB4254-CFFA-49C2-A041-6A3A968AB4CF

Жүргізушілер өзімен бірге жеке куәлігін алып жүруге міндетті. Өткен жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент жасаған ұсыныстарға сәйкес еліміздегі «Жол қозғалысы туралы» заңға осындай өзгеріс енгізілді.

Парламент Мәжілісінің өткен аптадағы жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдаған болатын. Соған сәйкес алдағы уақытта жол-көлік полициясы тоқтатқан жағдайда жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортын көрсету міндет  емес. Бұдан былай полицейлер жүргізушінің жеке куәлігі арқылы керек құжаттарды орталық база арқылы тексереді.

- Қабылданған заң мемлекет басшысының ұсыныстары аясында әзірленді. Құжатқа енгізілген жаңа нормалар көлік жүргізуге қатысты бірқатар жаңашылдықты қамтиды. Соған орай енді көлік жүргізгенде жүргізуші куәлігін және көліктің техникалық паспортын бірге алып жүру міндеті алынып тасталды. Бұл цифрландыру жұмыстарының нақты нәтижесі екені сөзсіз. Алдағы уақытта заң азаматтар үшін осы бағытта қолайлы жағдай туғызуға жұмыс істейді деп сенеміз, - деді ҚР Параменті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, бұл норма мемлекеттік тіркеу нөмірі шектеліп немесе жүргізуші куәлігін басқа мемлекеттен алған тұлғаларға қатысты емес. Оларда құжаттардың болуы міндетті.

Нұрбек Зәкәрияұлы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале