Бәйтерек ауданы «қызыл аймаққа» енді. Эпидахуал көңіл көншітпейді. Сондықтан тұрғындар санитарлық талаптарды қатаң орындауға тиіс. Жекелеген азаматтардың ішінде дәрігерлердің ескертуіне мән бермеу де кездеседі.
Жуырда Дариян ауылында санитарлық талаптардың орындалуын қадағалайтын мониторингтік топ мүшелері мен аудандық ресурстық орталығының кеңесшісі Мәрзия Қонысбаева округ орталығындағы мектеп-гимназия, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ БҚО бойынша филиалы, №2 аудандық саз мектебі, дәріханалар, №2 аудандық аурухана ғимараттарын аралап шықты.
Топ құрамы санитарлық нормаларды жіті қадағалап, сақтық шараларын қалай ұстану керектігі айтылған плакаттарды ілді.
- Індеттің беті қайтар емес. Жыл соңында жасыл аймақта едік. Қаңтардың алғашқы онкүндігінде қызыл аймаққа өтіп кеттік. Бұның барлығы сақтық шараларын ұстанбағандықтан болуы мүмкін. Сол себепті ауыл тұрғындарына ескертпе қағаздар таратып, жерлестеріміз көп шоғырланатын жерлерге арнайы плакаттар ілдік, - дейді М.Қонысбаева
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz