26.01.2021, 14:33
Оқылды: 22

 Өткенді еске алу – тарихқа құрмет

Кеңестік кезеңде Компартияның бағдарламасы бойынша съезд және пленум шешімдерін орындау, жүзеге асыру атқару комитеттері арқылы жүзге асырылып отыратын. Сондай атқарушы жүйенің бірі – Жаңақала аудандық атқару комитеті еді.

халқына адал атқару комитеті1

1986 жылы маусым айында жұмысқа келгенімде төраға Құрманғали Юсипов екен. Құрестің мамандығы мұғалім, мінезі байсалды, ұстазға тән жоғары мәдениетті болатын. Ол кезде қазіргідей заңдық күші бар қызмет этикасы болмағанмен «Комунизмнің моральдық кодексі» барлық кеңседе ілулі тұратын. Оны сақтап жүру барша қызметкерден ауызша талап етілетін. Құрестің өзі оны мүлтіксіз  орындап, барша қызметкерлерден оны орындап жүруді бақылап, жаймен ескертіп жүруші еді. Ол кісі облысқа жоғарылап, басқа жұмысқа ауысқанда орнына Самат Оспан келді.  Мамандығы – жоғары ғалым-агроном. Бұл басшы да орысша-қазақша сауатты. Көп жерде жұмыс жасаған, соның ішінде обком мектебінен өткен, ысылған, жан-жақты білімді басшы екен. Ауданның экономикасы мен әлеуметтік жағын көтеруде өзіндік жұмыс әдістемесі мен айтулы қолтаңбасы қалды. Бұл кісі Жәнібек ауданына I хатшы болып жоғарылап кеткен соң, өзіміздің ауылдас, 1976 жылдан жұмыстас, сыралғы Төлеген Тастайұлы төраға болды. Бұл аға бар іс-тәжірибесімен білімін туған ауданын көтеруге жұмсап, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, бәрімізді іске жұмылдыра білді. Аудандық атқару комитетінің сессия қарарлары мен атқару комитеті шешімдерін 9 ауылдық кеңес атқару комитеттері арқылы жүзеге асырып отырды. Бұлардан басқа ішкі бөлімдерін қоспағанда елуге тарта бөлімдер мен бөлімшелер, мекемелер, шағын, орта өндірістер және ірі желілік газ құбыры сияқты өндірістердің жұмысына да бақылау жасап, басшылық жүргізетін. Аудандық 75 депутат, Жаңақала, Қисық-Қамыс ауылдық кеңесінде 30-дан қалған 7 ауылдық кеңесте 25-тен депутат аудан бюджеті мен облыс, республикадан берілген қаржылардың ысырапсыз уақытында, тіпті уақытынан бұрын орындалуын қатаң қадағалап отыратын. Барлық кеңшарлардың жыл басында алған жоспарлары мен кеңестік міндеттемелерінің үдесінен шығуын сессиялар мен атқару комитеті отырыстарында тыңдап, бағыт-бағдар, көмектер ұйымдастырылушы еді. Сессия тоқсанға бір рет, атқару комитеті отырысы айына бір рет өтуі заңды талап болатын.

Сессия қарарлары мен отырыс шешімдері «бақылау экранына» қойылып, орындау уақыттары болғанда жазбаша хабарламалар алынып, орындалмаса күн тәртібіне қайта қойылып, тексеріліп, көмектер ұйымдастырылатын.

Жаңақазан ауылдық кеңесі Қисық-Қамыстан кейінгі үлкен ауыл болатын. Бұрынғы аудан орталығы, халқының түсінік пайымы да басқалармен салыстырғанда біршама жоғары, талап-тілектері де көп болушы еді. Базарғали Сапарұлы Көпжасарға бас экономист болып кеткен соң, орнына «Қыран» комсомол жастар бригадасының ұстазы орденді, жоғары партия мектебін бітірген Орынбай Қайырұлы ауылдық кеңес төрағасы болды. Бұл аға саяси мәселелерден гөрі халықтың мұң-мұқтажына баса назар аударып, елдің әл-ауқатын арттыруға көбірек көңіл бөлді. Одан кейін төраға болған Сырым Бейісұлы да көп жыл шаруашылық басқарған алғыр да алымды азамат болды. Ал хатшылары Сұлтанғали Өтегенұлы, одан кейін болған Қадырбай Қамешұлы өз істерінің шебері, жазу-сызуға ерінбейтін, байсалды да еңбекқор жампоздар болатын. Қисық-Қамыс ауылдық кеңесінде Әкімай Мұсаұлы, Қадір Мұханбетұлынан кейін менімен қоян-қолтық жұмыстас болған Кәкиім Ихсанұлы болатын. Кәкиім аға тынымсыз, қолға алған ісін орындағанша шаршамайтын, ауылдағы барлық мәселені қамтып шешуге жанын да, білім-білігін де, іс-тәжірибесін де аямайтын жан еді. Мемлекет жұмысына өзін де, өзгені де аямайтын өте іскер адам болатын. Үнемі алға ұмтылған жаңашылдыққа жаны құмар қызметкер еді. Ал хатшысы Жанболат Бақтығалиұлы да жас кезінен хатшы болса да, Кәкеңнің шапшаңдығына ілесе біліп, кейін жақсы қызметкер қатарына көтерілді. Мәстексай ауылдық кеңесінің төрағасы Ғайнеден Әлмұханұлы аз уақыт төраға болса да, іскер басшы, білікті ұйымдастырушы, халықтың шынайы қамқоршысы бола білді. Мемлекеттің ет-сүт жоспарын жанын салып орындап, жастар тәрбиесіне, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спорт және мәдени демалысына үнемі қамқор болып жүрді. Ал хатшысы Батырғазы Мұханбетжанұлы табиғи сабырлығымен ішкі жұмыстарды тап-тұйнақтай жасап, кезекті-кезексіз өтетін сайлаулардың жоғары дәрежеде өтуін қамтамасыз жасап отыратын. Айдархан ауылдық кеңесінің төрағасы ауданға танымал, көп жыл қиын уақытта мектеп басқарған, сырт қарағанда байсалды, бірақ жұмыс кезінде тынымсыз жан Кенжеғали Тәутенұлы болды. Қандай істі де ұстазға тән жоғарғы жауапкершілікпен, мәдениеттілікпен орындайтын еді. Баладай аңғал, білмейтінін жасым үлкен демей, артыңнан қалмай сұрап отырушы еді. Хатшылары әуелі Қуаныш аға, соңынан атқару комитеті тарих қойнауына кеткен Жетпіс Оңағарұлы болды. Жетпіс аға алып тұлғасына қарамай, қағылез, сөзшең, өз ісіне төселген шебер хатшы еді. Үлкенмен де, кішімен де әзіл сөзін жарастырған көңілді қызметкер болды. Ауданға бізге беретін қағаздарын уақытында жіберіп, не хабарласып, үнемі байланысын үзбеуші еді. Көпжасар ауылдық кеңесінің төрағасы, кейін хатшы болған, Кежебай Беспайұлы мамандығы ғалым-зоотехник. Көп сөзге жоқ, істің адамы еді. Аудандық атқару комитетінен жіберілген барша қағаздарға жауапты жіберіп отырмаса да, сұраған уақытты кешіктірмей, қысқа да нұсқа, талапқа сай беріп отыратын. Бірлік ауылдық кеңесінің төрағасы Әкімай Мұсаұлының мамандығы мұғалім. Көп жерде басшы, мектеп директоры, партия комитеті мектебінен өтіп, жан-жақты тәрбие алған байсалды аға еді. Ол кісі негізгі жоғарғы жақпен шешілетін, сосын ақшаға байланысты жұыстармен айналысатын. Ішкі жұмыстармен, тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешуді хатшысы Қуаныш Мәмбетұлына сеніп тапсыратын. Қуаныш аға да халықтың өтініш-тілектерін үнемі мүмкіндігінше шешіп, шеше алмаса, болашақта шешімі болатынына сендіріп отыратын. Мортық халқы да Қуаныш ағаның алдамайтын бір сөзді адам екеніне сенетін. Қызылоба ауылдық кеңесінің төрағасы Нұртаза Әтенұлы жоғарғы білімді ғалым-зоотехник. Аудандық ауыл шаруашылық басқармасында бас зоотехник, Айдархан кеңшарында директор, тағы да басқа басшылық жұмыстар атқарған, ұйымдастырушылық іс-тәжірибесі мол, ауданға танымал кадр болды. Бұл ағаның басқалардан айырмашылығы мал маманы болғанмен, қарар-шешімдердің бақылау экранындағы күніне жауапты жазбалай жіберіп отыратын жоғарғы жауапкершілігі тәнті ететін. Бұл кісіден кейін болған Күләш Кенжеғалиқызы төраға болған кезде халыққа қызмет көрсетуден бір жалыққан жоқ. Хатшысы Сабырлы аға да сабырлы десе сабырлы, бірақ барша міндеттер мен тапсырмаларды екі айтқызбай орындап отыратын. Пятимар ауылдық кеңесінің басшысы Шәрипа Әжмұханбетқызы да ер мінезді, жұмыстың қыр-сырын жетік меңгерген, партияның алғыр кадрларының бірі болды. Ал хатшысы Қалекен аға Әбілұлы фирма басқарған кеңшарда маман болған іс-тәжірибесі мол адам еді. Бұл ағалардың қай-қайсымен де жұмыс жасау қызық та көңілді еді. Меңдешев ауылдық кеңесінің төрағасы Сатыбай Әлмұқанұлы комсомол мектебінің түлегі, бұрын қалай жанып жүрсе, бұл жұмыстарды да жандырып жасағанын біз куә, ауыл адамдары куә. Қызметкерлері Айдарбай Молдаш, Бекқали, Қазбек, т.б. Сәкеңе берілген көмекшілер бола білді. Бұл ағалардың қай-қайсымен де жұмыс жасау қызық та көңілді еді. Әрқайсысының өзіне тән, әрі жарасымды мінез, қасиеттері болатын. Мемлекет тарапынан қандай міндеттер жүктелсе де, орындаудың өзіндік жолдарын тауып отыратын-ды. Әсіресе, ет, сүт, жүн тапсыру жоспарланып, халықпен тіл табысып, асыра орындап отырушы еді. Аудан бірнеше дүркін облыстық, республикалық, одақтық кеңестік жарыстың жеңімпазы болса, ауылдық кеңестің төрағасы мен хатшысын аса зор қажыр-қайратымен еңбегінің арқасы деп батыл айта аламын. Шағын кәсіпорында, мектеп, балабақша, мәдениет пен дәрігерлік жұмыстар мен жалпы халықтың әл-ауқатын жақсартуда, кеңшар жұмысының жақсы жүруіне қосқан еңбектері айтып, тауыса алмаспыз, сірә?!

Күні бүгін ойлап қарасаң, қазіргімен салыстырсаң, мал саны, ауданның өндірістік қуаты, басқа да артықшылықтар бадырайып көрініп тұр. Дегенмен де, жеке мемлекет болғасын 1991-2000 жылдары тұралап қалған ауданды адам айтқысыз көтерген, өткен және қазіргі аудан әкімдері еңбегінің жанып келе жатқанына Аллаға мың да бір шүкір айтамыз.

 

Айтуған Ғайнеденұлы,

зейнеткер,

1986-1991 жылдардағы аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале