28.01.2021, 11:12
Оқылды: 51

Бұлдыртыдағы басты мәселе – мал жайылымы

Сырым ауданы Бұлдырты ауылдық округінде шаруашылықтардың техникалық әлеуеті ширап, сәйкесінше ауыл шаруашылығы саласы адымдап алға басып келеді. Былтыр 13 қожалық 62,9 млн теңгеге  техника сатып алған. 7 шаруашылық күн панелін, электрогенератор орнату, құдық қазу сияқты жұмыстары үшін мемлекеттен 60, 490 млн теңге субсидия және алған. Тек ауыл шаруашылығы ғана емес, округтің басқа салаларында да оң өзгеріс бар. Ол туралы кешегі аптада Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев айтты.

IMG_1058

Былтырғы есеп беру кездесуінде аудан әкімінің жұмыс жоспарына Бұлдырты ауылдық округінен 3 мәселе енгізілген. 3-еудің 2-еуі оң шешімін тапқан. Мектептің ауласындағы спорт алаңының төсеніші ауыстырылған. Көгеріс ауылынан дәл осындай алаң салу үшін жобалық-сметалық құжат жасалған. Көп жағдайда іс пен ниет сметалық құжат болмай, тежеліп қалады. Қағаздың шаруасы реттелсе, көп ұзамай Көгеріске де ат шаптырым алаң салынар деп ойладық.

IMG_1037

Ерлан Мақашев кешегі есеп беру жиналысында аудан әкімінен тағы бір спорт алаңын салуды сұрады. Себебі, ауылда жастар саны артыпты, мектептің ауласындағы бір алаң ауылдың спортсүйер жастарына тарлық етеді екен. Былтырлары бұл ауылға спорт кешені де салынып кете жаздаған. Бірақ, шаруа оқсамады. Еркін күрестің Отанына зал салып беру мәселесін көтеруді ауыл әкімі осы жолы да ұмытпады.

Бұлдырты – аудандағы кірме жолы асфальтталған алғашқы ауылдық округ. Бертін келе бұл қатарға Алғабас қосылды. Биыл Тоғанасқа тақтайдай жол тартылып бітеді. Бұлдырты ауылына енді ішкі айналма тас жолдың жөнделгені керек.

IMG_1034

Жоғарыда айтқан үш мәселенің ішінде шешілмегені – электромонтерлерді көлікпен қамту мәселесі. Жиналысқа қатысқан Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудандық электр торабы мекемесінің басшысы Жұмағали Молдашевқа осы шаруаны біржақты қылуды тапсырды. Халық электр саласы бойынша басқа да мәселелердің бар екенін айтуда. Мәселен, ауылдың ішіндегі апатты бағаналарды ауыстыру қажет. Үйлердің ауласында тұрған жоғары кернеулі электр бағанасын көшіру де – кейінге қалдыруға болмайтын шаруа.

Бұлдыртылықтар бұл жиналыста негізінен екі бірдей өзекті мәселені көтерді. Оның бірі – жайылымның тарылуы. Малшы Сәмиғолла Хамидуллин жердің бәрі қожалықтардың иелігіне кеткесін, ауылдың іргесінде мал жаятын жайылым қалмағанын айтып, ашынды. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бұл мәселесінің барлық округте де өткір тұрғанын айтты. Себебі, жекенің иелігіндегі мал басының саны қожалықтардың үлесіндегі түлік санымен теңескен, тіпті артық. Қырғын мал елді мекеннің шегінен 4-5 шақырым қашықтықтағы өріске сия ма? Сыймайды. Бұл мәселені шешудің жолдары бар, бірақ қиын. Біріншіден, қожалықтардағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып, ол жерлерді жайылымның іргесіндегі шаруаларға беру. Шаруалар айырбасқа келіссе, олардың жеріне тұрғындардың малын жаюға болады. Екінші жолы – кооператив ашу. Кооператив бақташының да, жайылымның мәселесін шешеді.

- Қалай болғанда да мал жайылымсыз қалмайды. – деді Төлеген Төреғалиев.

Екінші мәселе – үйлерге ғаламтор желісін тарту. Болат Тасқалиев, Болат Бақтияров, Жеңіс Қоғабаев «Қазақтелеком» АҚ Сырым ауданындағы филиалының қызметіне қатысты шағым айтты. Айтуларынша, берген өтініш қанағаттандырылмайды екен. Бұл мәселеге арнайы мақала жазуды жөн көрдік. Сондықтан, мақаланы оқып отырған округ әкімдері округі бойынша өтініші елеусіз қалған тұрғындардың бар жоғын бір пысықтап жіберіп, мәселе болса, редакцияға хабарласса екен.

Жиналыста ауыл ішіне жол белгілерін орнату, ауылға газ қазандықтарын тексеруші маманның керектігі, мектепке бейнекамера орнату, қосымша компьютерлер мен технология бөлмесіне кесіп, өрнек салатын лазерлі аппарат алу мәселелері айтылды.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале