«Терапевт дәрігер қажет»
Газетіміздің №3 санында Жаңақала ауданы әкімінің және ауылдық округ әкімдерінің есепті кездесулері басталғаны жөнінде жазған болатынбыз. Қаңтардың 22 жұлдызында түске дейін Пятимар ауылында, түстен кейін С.Меңдешев ауылдық округінде халықпен кездесу өтті. Пятимар ауылында өткен кездесуде ауыл әкімі Жақсылық Хайрелов денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларына және былтыр істелген істерге кеңінен тоқталып өтті.
- Ауылымызда 2020 жылы 82 адам аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс іздеуші болып тіркелген. Осы жұмыссыздарды жұмыспен қамту бағдарламасының әртүрлі шараларына тарту жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, қоғамдық жұмысқа 61 адам, тұрақты жұмысқа жұмыссыздар есебінде тұрған 13 адам жолданды. 4 адам «Жастар тәжірибесі» жолдамасымен мемлекеттік мекемелерге жіберілсе, шаруа қожалықтарына әлеуметтік жұмыс орны арқылы аз қамтылған отбасыдан 3 адам 6 айдан кем емес уақытқа жұмысқа тартылды. Кәсіптік оқуға 1 адам жолданып, жұмысқа орналасты. «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша 2020 жылдың басынан бері 12 отбасына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен қатар 15 отбасына материалдық көмек берілді,- деді ауыл әкімі Ж.Хайрелов. Одан әрі аудан әкімі Н.Қарағойшин баяндама жасады.
- Жалпы, ауданымыз мал шаруашылығымен айналысады. Мал санының тұрақты түрде өсіп келе жатқаны байқалады. Әсіресе ол мемлекеттік бағдарламаларға қатысып отырған шаруа қожалықтарының үлесінде. Пятимар ауылдық округінде 62 шаруа қожалығы болса, олар жалпы құны 72 миллион теңге көлемінде демеуқаржы алды. Малды асылдандыру бағытында жұмыстанып жатқан шаруа қожалықтарының да саны жыл сайын өсуде. Аудан көлемінде 2020 жылы 45 шаруа қожалығы малдарын асыл тұқымдыға айналдырып, 2019 жылға қарағанда саны едәуір артқан. Пятимар ауылында 62 шаруа қожалығы болса да, тек 9 адам ғана жұмыс істейді. Қалған малды кім бағып жатқаны белгісіз. Жыл ішінде ауданымыздағы шаруа қожалықтары 1 млрд. 200 млн. теңге жеңілдетілген несие алған. Мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер де беріліп жатыр. Енді шаруа қожалықтары қарамағында жұмыс жасайтын адамдарды заңдастырып, зейнетақы қорына ақшаларын аударып, медициналық сақтандыруларын уақтылы төлеулері керек. Шаруа қожалықтары осы заңдылықтарды бұзып отырғанын қаперге аламын. Аудан бойынша Пятимар ауылы ең төмен жағдайда,- деді аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин. Ауыл әкімі мен аудан әкімінің баяндамалары тыңдалып болғаннан кейін тұрғындар сұрақтарын қойды. Ауыл тұрғыны Руслан Имашев ауыл ішіндегі қоқыстарды бір жерге үю туралы ұсыныс айтса, Дидар Жұбанышов күрес үйірмесінен сағат беруді сұрады.
- Құрметті ауылдастар, біздің әдетіміз көшеде, дастарқан басында сөйлейміз. Осындай есеп беру кездесулері болған кезде шығып сөйлемейміз. Бірнеше ұсыныстарымды айтуға шықтым. Ауылымызда бұралқы иттер көбейіп кетті. Соны бір ретке келтірсе деген тілегім бар. Ірі қара малына сырға жетіспейді. Сырға жетіспегесін халық малдарын сата алмай қиналады. Аққұс елдімекеніне емхана қызметкері тұрақтамай тұр. Бұл да аталмыш елдімекен адамдарының басты мәселесі деп айтуға болады. Ауылымызға терапевт дәрігер керек. Жасымыз келгесін аудан орталығына бару да оңай емес. Жедел-жәрдем көлігіне де 16 жыл болды, әбден тозды. Оны да жаңарту қажет. Шөп бағасының жоғары болуы да жанымызға батып тұр. Осындай мәселелердің шешімін тапсаңыздар,- деді ауыл ақсақалы Сабыр Нұрхатов. Аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлы: «Ауыл тазалығын сақтау тек қана бір әкімге я болмаса ақылы қызметтің адамдарына жүктелмеуі керек. Ауыл ажарлануы үшін барлығы бірдей атсалысуы керек. Мал сырғасының жетіспеуінің де өзіндік себебі бар. Көп өтпей мал санағы жүргізіледі. Қан алынған малдың саны мен ауызша берілген мал саны сәйкес келмейді. Сол үшін де тұрғындар малдарының санын нақты айтулары қажет. Жедел-жәрдемнің көлігін жаңартуды облыстық денсаулық сақтау басқармасы шешеді»-деп жауап берді.
Түйткілді мәселелер талқыланды
Дәстүрден жаңылмаған С.Меңдешев ауылдық округінің әкімі Алмаз Нұрғазинов баяндамасын оқып, 2020 жылы атқарылған істерге қысқаша тоқталып өтті.
- Халыққа қиындық келтіріп тұрған жер мәселесі. Ол әсіресе, ауылдық округтерде туындап жатыр. Халықтың малының жайылымының тарлығы осы мәселеге себеп болуда. Тәуелсіздік алған 1991 жылы әр ауылдың шекарасы белгіленген болатын. Сол кездегі мен қазіргі кездегі сәйкес келмейді. Күні бүгін 64 мың гектар жерді қайтару мәселе күн тәртібінде тұр. Өздеріңіз білесіздер, 2020 жыл мен 2023 жыл аралығында мемлекет басшысы шағын және шағын орта бизнеске мараторий жариялады. Бұл мараторий шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер үшін тиімді. 2020 жылы анықталған жерді қайтару мәселесі жүрген жоқ. Тек анықтадық та қойдық. 2020 жылдың қыркүйек айында облыс әкімі қаулы қабылдап, пайдаланылмай жатқан жерлерді кері қайтару жөнінде жұмыстанып бастап еді, оны Жоғарғы прократура тоқтатып тастады,-деді аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин жер мәселесі жөнінде. Тұрғындардың сұрақ қоятын кезегі келгенде біразы тұрып көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады. Нұржан Орнақаев мал бордақылауға жер сұраса, Темірболат Қарабалин үй салуға жерді қалай алуға болатынын және ауыз судың ащылығы не себепті екенін сұрады. Ауыл әкімі Алмас Нұрғазинов ауыл тұрғыны Темірболат Қарабалинға жерді қалай алатынын анықтап беремін десе, суға қатысты қойылған сауалға «Ақбұлақ» бағдарламасымен келген ауызсу Қылшыққұмнан келетін суға жетпейтінін айтты. Сол сәтте ауыл тұрғындарының басым бөлігі судың ішу түгіл, кір жууға да жарамайтынын әр жерден айтып жатты. Белсенді жас, ауыл тұрғыны Қамбар Қаменов жарықтың жиі сөнуін сөз қылды. Жарық өшкен кезде басқа линия арқылы көп кешіктірмеу қосуға болатынын я болмайтынын білу мақсатында сұрақ қойды. Аудандық электр жүйесінің бас инженері Жансейіт Аронұлы: «Барлығы ескірді. Сол себепті жарықтың өшіп тұратыны жасырын емес. Бірақ біздер 1-2 сағаттың ішінде қосамыз» деді. Сол кезде «Қайдағы 1-2 сағат, 6 сағат тіпті 12 сағатқа дейін жарықсыз отырған кезіміз болды», «Жарты күннен астам жарық болған жоқ кей уақытта» деп отырғандар шу ете түсті. Жарықтың өшуінен ауызы күйгендер аз емес екен.
- Жарықтың ұзақ уақыт болмауынан насосымыз жанып кетті. Қазір барлық үй электр жарығын қажет етеді. Амалдың жоқтығынан екіншісін сатып алып орнаттық. Қыстың ішінде қарайған ақша шығарып сатып алу да оңай емес,-деді ауыл тұрғыны Гүлбарам Есенғалиева.
Есепті кездесу барысында мал азығы, мал ұрлығы сынды бірқатар мәселелер де айтылды. Тұрғындар сұрақтарын қойды, жауапты адамдар жауаптарын берді. Келер күннен, басталған жылдан үміт күтетін ауыл тұрғындарының мәселелері оңынан шешілгей деп үйімізге оралдық.
Жанайдар Болатбекұлы,
Пятимар-Жаңақала-С.Меңдешев
zhaikpress.kz