Жәнібек ауданы әкімі Азамат Сафималиевтің төрағалығымен ауданда коронавирус жұқпасының туындауына және таралуына жол бермеу бойынша тиісті шара қабылдау жөніндегі жұмыс тобының кезектен тыс отырысы өтіп, ауданда коронавирус жұқпасының таралуына байланысты шектеу шараларын күшейту туралы мәселе қаралды.
Жиында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айгүл Қуатованың ұсынысы бойынша облыстың бас санитар дәрігері М.Арыспаевтың қаулысынан бөлек аудандағы эпидахуалдың тұрақсыздығына байланысты Жәнібек ауылына бірнеше шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданды. Дәлірек айтсақ, Жәнібек ауылы тұрғындарының жүріп тұру уақыты, яғни түнгі 23.00-ден таңғы сағат 06.00-ге дейін шектеледі. Сонымен қатар Жәнібек ауылындағы барлық азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақыты таңғы 09.00-ден кешкі 20.00-ге дейін қысқарады. Солардың ішіне супермаркеттер де кіреді. Ауылішілік және ауданаралық таксилерге жүруге рұқсат етілгенмен, көлік ішінде санитарлық талаптар қатаң сақталуы керек.
Ауданның бас санитар дәрігерінің 2021 жылдың 1 ақпандағы №7 қаулысына сай шектеу шаралары 3 ақпаннан бастап 17 ақпанға дейін өз күшінде болады.
Айта кетейік, жыл басынан аудан бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 55-ке жетті.
Г.Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz