9.02.2021, 10:16
Оқылды: 43

Аңқатыда үй өртенді

«От пен су - тілсіз жау» деге сөзді халық бекер айтпаған. Күнделікті тұрмыста, күн сайын қолданып жүрген оттан абайсызда өрт шығуы әбден мүмкін. Өрт - адамдардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға зиянын тигізетін алапат апат.

C3DC7C0D-E71C-4F13-A6C1-82A7FF262C37

Қыс кезінде өрт қараусыз жанып жатқан пештен немесе жылыту қондырғысынан, қауіпсіздік ережелері сақталмай салынған пеш мұржасынан болуы мүмкін. Өрт неден, қалай басталса да, нәтижесі біреу – ол адамның денсаулығына, дүние-мүлкіне келген шығын. Әсіресе баспанасы өртке оранып, бүтін бір отбасы шаңырағынан айырылып жатады.

Жуырда сондай оқиға Теректі ауданы, Аңқаты ауылы Жеңіс көшесінде болды. Көшенің бас жағындағы №6 үйде өрт шығып, ұядай жылы мекен отқа оранды. Өрт орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер отпен арпалысып жүріп, жарылса, айналаның бәрін ойран етер газ баллондарын алып шықты. Өрт салдарынан жарақат алғандар мен қаза болғандар жоқ. Соның өзі көңілге медеу.

Дегенмен қыстың көзі қырауда баспанасыз, ақ қардың үстінде қалу қиын жағдай.

-Өрттің шығу себептері - электр жабдықтарының ақауы, балалардың ашық отпен ойнауы, адамдардың отты қараусыз қалдыруы. Кейде өрт адамның мас күйінде темекі шегіп ұйықтап қалуынан болады. Жалпы, тұрмыста болсын, қызметте не сауда орындарында болсын, осындай төтенше жағдайлар өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақтамауынан туындайды,- дейді Теректі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Бибарыс Нығметжанов.

«Сақтансаң, сақтармын» деген, Теректі ауданының ТЖ бөлімі аудан тұрғындарына тұрғын үйде қарапайым өрт қауіпсіздігі ержелерін қатаң сақтауды сұрайды.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале