Тасқала ауданы бойынша қарқынды дамып келетін саланың бірі – шағын және орта бизнес саласы. Шектеу шаралары кезінде шағын бизнес субъектілеріне оңай кезең болған жоқ. Алайда, «Еңбекке бейім болсаң, қатарыңнан кейін болмайсың» дегендей, есепті кезеңде аудан аумағында 1 жол бойындағы сервис нысаны, 4 дүкен, 1 шағын наубайхана, Бірлік ауылының аумағында «Феррум контракт» компаниясының «Су құю цехы», Достық ауылының маңында «Архар Бизнес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі автокөлікке жанар-жағар май құю станциясы және «Taskala-Et BKO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5120 ІҚМ басына арналған бордақылау алаңы іске қосылды.
Аталмыш жобалардың іске қосылуына байланысты 65 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы ауданда жұмыс жасап тұрған 1059 шағын және орта бизнес субъектілері 2064 адамды жұмыспен қамтып отырса, жұмыс жасап тұрған 19 шағын цехта 48 адам жұмыспен қамтылып отыр. Есепті кезеңде шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен салық көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 218,6 млн. теңгені құрады. Жалпы ауданда жұмыспен қамту саласында біркелкі жұмыстар атқарылды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік саласына үлкен көңіл бөлінуде. Соңғы екі жылда 334 адам кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекеттік қолдау шараларына қатысты. Соның ішінде 237 адам мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болса, 97 адам шағын несие алды. Мемлекеттік қолдау арқылы 270 адам халқымыздың дәстүрлі кәсібін одан әрі дамытуды көздеп, 1750 ірі қара, 4200 ұсақ мал, 27 жылқы сатып алып, шаруаларын дамытуда. Бағдарлама қатысушылары құс шаруашылығын дамыту бағытына үлкен қызығушылық танытуда. Соңғы екі жылда 52 адам 5280 құс түрлерін сатып алып, жылдам өтелетін бизнестің түрі екеніне көз жеткізіп, одан әрі кәсіптерін дамытуда. Мысалы, Тасқала ауылының тұрғыны Фрей Александр алыс қашықтықтарға жүк көлігімен тауар тасу кәсібін құс шаруашылығын дамытуға айырбастауды тиімді көріп, жаңадан ашқан ісін өрбітіп келеді. Бүгінгі күннің өзінде инкубатор аппараттарын алып, тауық балапандарын шығаруда. Бұған қоса бройлер және мекиен тауықтарын шығарып, жұмыртқа және тауық етін өндіруде.
- Мемлекеттік қолдау арқасында соңғы жылдары аудан тұрғындары біртіндеп бизнесті халық сұранысына қарай дамытуға бет бұруда. Атап айтсақ, мемлекеттік қайтарымсыз грант иегерлері өрнек тастар шығару, темірден әр түрлі оюларды иіп, қақпалар, есіктер, басқа да бұйымдар жасауды, шағын жылыжай салып, көшеттер өндіріп сатуды, қоғамдық монша салып, кір жуу, жастықтарды қайта өндеу қызметін қолға алуда. Сонымен қатар 12 тігін цехын, 1 маталар сататын дүкен, 5 шаштараз ашылып, 3 адам жарнамалық қызмет көрсетумен айналысып, бизнесін дамытуда. Мысалы, жеке кәсіпкер Мейрамгүл Әжіғалиева 2014 жылы 1,2 млн. теңге шағын несие алып, Амангелді ауылынан тігін цехын ашты. Ісі өрге басып, 2015 жылы аудан орталығынан ателье ашты. Тапсырыс берушілердің сұранысы бойынша 2020 жылы бағдарламаға қайта қатысып, 2,5 млн. теңге шағын несие алып, орталықтан мата дүкенін ашып, кәсібін одан әрі дамытуда.
Аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2019 жылы 269 отбасын құраса, 2020 жылы 135 отбасына азайды. Себебі осы жылдары 256 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның 69 жұмысқа орналастырылса, 32 мемлекеттік қайтарымсыз гранттарға ие болып өз кәсібін ашты. Біреуі шағын несиеге қолжеткізді. Аталған шаралар нәтижесінде кәсіпкерлік саласында жаңа нысандардың іске қосылуына байланысты және мемлекеттік бағдарламалар арқылы іске асырылған жобалар аясында жұмыс орындары ашылды. 2019 жылмен салыстырғанда ауданда 403 жұмыс орны артық құрылды (2020ж - 1100). Сонымен қатар 2020 жылы жалпы ауданда жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1734 адам тартылды. Соның ішінде 772 жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылды. Оның 569 тұрақты жұмыс орны болып табылады. Оған қоса, 96 жас маман «Жастар тәжірибесіне», 45 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына және 527 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды. Алайда шектеу шаралары енгізілуіне байланысты жұмыстан қысқартылғандардың саны көбейіп, Ресей Федерациясының шекарасы жабылуына байланысты 2019 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі артып, 6,8%-ды құрады. Аудан бойынша жұмыссыздар саны 601 адамды құрап отыр. Бұл мәселені оңды шешу бағытында жоспарлы түрде жұмыстар жалғастырылатын болады, - дейді аудан басшысы Алдияр Халелов.
Темірболат Тоқмамбетов,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz