Облыстық «Орал өңірі» газетінің 2019 жылғы 5 ақпандағы №10 санында «Шалқардың экологиялық ахуалы қайтсе жақсарады?» деген тақырыппен мақала жарияланып, онда топырақтанушы, агроном, зейнеткер Жетіс Дәрібаев Шалқар көлін сақтап қалу турасында өз ой-пікірін білдірген екен. Осы мақалаға жауап ретінде кейбір келіспейтін тұстарды нақты мысалдармен көрсетіп, ұсыныстарымды ортаға салғым келіп отыр.
Жазғытұрым қар суының мол болуы, өзендердің тасуы ауыл шаруашылығы саласы үшін қолайлы кезең болып есептеледі. Неге десеңіз, шабындық жерлерге жиналған мол су қысқы мал азығын дайындауға көмектесіп, жазғы және күзгі жайылымдық жерлерді шүйгін шөппен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар көл мен тоғайдың флорасы мен фаунасына, табиғаттың экожүйесіне оң ықпалын тигізеді. Облысымызда Аңқаты, Шолақаңқаты, Шідерті, Шыңғырлау, Өлеңті, Жыланды, Қалдығайты, Шежін, Дүре, Каменка, Ащыөзек, Жақсыбай, Сарыөзен, Қараөзен, Шаған, Көшім және басты өзеніміз Жайықпен қатар Шалқар көлі бар. Табиғи өзендерге қоса Орал – Көшім, Азынабай – Тайпақ суландыру жүйелері инженерлік тәсілмен қолдан жасалды.
Кезінде Жайық өзені жоғарыдан бөгелмей тұрған уақытта, 1896, 1924, 1942 жылдары тасыған судың деңгейі 10,5 метрге дейін көтерілген еді. Жайықтың сол жағалауына шыққан тасқын судың екпіні ескі сай-жыралар арқылы Шалқар көліне құйылып, оның 256 шаршы шақырым акваториясы сумен толтырылды. Артық су Ащы (Солянка) өзенінің сағасы арқылы Ақжайық ауданының Горячкин ауылының тұсынан қайта Жайық өзеніне құйылатын болған. Өйткені Ащы өзені бастауын Шалқар көлінен алады, ұзындығы – 70,5 шақырым. Сөйткен Шалқар қазір Арал теңізімен тағдырлас болып тұр. Бұл көлді тек Жайық-Шалқар каналы құтқара алады. Осы мақсатта 1973 жылы пайдалануға берілген, бұрынғы «Еңбек» кеңшары тұсына қойылған секундына 5 текше метр су айдайтын қалқымалы насос станциясы сәуірдің 20-сынан қазанның 20-сына дейін жұмыс істеді. Оны қалпына келтіру арқылы 65-75 млн текше метр су бере аламыз. Нәтижесінде әрі кетсе екі-үш жылда Шалқарды қайта суға толтыра аламыз.
Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №12 санынан оқи аласыздар.
Жалау Шынтеміров,
ардагер инженер-гидротехник,
Орал қаласы