11.02.2021, 20:30
Оқылды: 131

«Бала жетістікке жетсе, бірге қуанамыз»

Жаратылыста адамның бәрі бірдей. Дегенмен, оның мүмкіндігі әртүрлі. Бүгінгі таңда ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға мемлекет көп көңіл бөлуде. Соның нәтижесінде ата-аналар балаларын үйден оқытқаннан гөрі түзеу мекемелеріне әкелуге ұмтылуда. Көпшілік ортаға келгеннен кейін олардың өмірге деген ынтасының артуы мүмкін. Сондықтан, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың тәрбиесі тасада қалмай, оларды тағдырдың тәлкегінен құтқару, жанына жылылық, жүрегіне шуақ, келешегіне қанат бітіру – адамзаттың парызы. Осындай мақсатпен ауданымызда да психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ашылып, талай ата-ананың көңіліне демеу, қамкөңіл баланың болашағына шуақ шашып келе жатқандығы мәлім. Жақында осы мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Мекемеде балалардың өй-өрісін дамытуға мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасалғаны байқалады. Ғимаратқа кіргеннен лық толы бөлме гүлдері мен безендірудің өзінен ерекше әсер алдық. Қабырғадағы ертегі кейіпкерлері, өсімдіктер мен жануарлар әлемінен үзік суреттер көздің жауын алып, жаныңа тыныштық сыйлайды.

Түзету кабинетінің тарихы

кор1

 Қазақстан Республикасының 2002 жылы 11 шілдедегі «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» №343 Заңын және Қазақстан Республикасының 2007 жылы 27 шілдедегі №319 «Білім туралы» Заңдарын басшылыққа ала отырып, дамуында кемшіліктері бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі 2005 жылы 4 тамыздағы №286 қаулы негізінде Жаңақала ауданынан психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті (ППТК) ашылған.

Жаңақала ауданының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті қазіргі уақытта аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы мекемесінде орналасқан. Түзеу кабинеті 0 ден 18 жасқа дейінгі дамуында түрлі бұзылыстары бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді түрде психологиялық-педагогикалық түзеу және оңалту мақсатындағы арнайы мекеме. Мұнда арнайы мамандар жұмыс істейді. Атап айтсақ, олигофренпедагог, педагог-психолог, мұғалім-логопед, әлеуметтік педагог, саз-ырғақ мұғалімі, тәрбиеші педагог, дене тәрбиесі мұғалімі бар. Мамандардың барлығы да жоғары және арнайы (дефектологиялық) білімді ұстаздар. Қазіргі уақытта осынау ұжымның мамандары 33 баламен жұмыстанып отыр. Оның ішінде 11 бала еш жерде қамтылмай, үйде отырғандар, 1 бала мектептің даярлық сыныбында, 21 бала аудандық балабақшаға барып отырса да осы кабинет мамандарының көмегін қажет етіп отыр. Мамандардың жүйелі жұмысы негізінде 2017 жылы 6 бала, 2018 жылы 6 бала, 2019 жылы 4 бала түзеліп, түзеу кабинетінің тізімінен шыққан. Бұл балалар облыстық психологиялық-дәрігерлік, педагогикалық кеңес беру мекемесінің анықтамасы арқылы қабылданады. Әрбір ата-ана өз баласының дамуындағы кемшіліктерді байқаса, аудандық дәрігерлер мен кабинет мамандарынан кеңес алып, облыстық ПДПК қаратып, түзеу кабинетіне жолдама алып келеді екен.

Ерекше бала – болашақ дана

 Айгүл Әлмұратқызы

- Ерекше білім беруді қажет ететін балалар қазіргі қоғамның ерекше бір бөлшегі. Біздің арнайы мамандардың мақсаты – ерекше балаларды дамыту, қолдау көрсету, ата-анамен бірлесіп, дұрыс бағыт-бағдар беру. Инклюзивті білім беру саласы болғандықтан әр маманның орны ерекше және тәрбиеленушілер үшін мақсаттары да, бағыттары да әртүрлі. Өйткені бұл саладағы балалар ерекше назарда. Әрбір маман өз бағыты бойынша ерекше білімді қажет ететін балалардың өзіндік қабілеттерін, ерекшеліктерін анықтайды. Мысалы, кейбіреулері би билеуге, сурет салуға қызығады. Осындай қызығушылығы мол балаларды әрі қарай дамыту үшін педагог-психолог пен әрбір маман жұмыстанады. Білім берудің бұл түрінде ерекше білімді қажет ететін баланың өз-өзіне сенімі артады. Ол маңайындағылар тарапынан өзіне қолдау бар екенін сезінеді. Бұл баланың өзін-өзі бағалай білуіне, қоршаған ортасына сүйіспеншілікпен қарауына, өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезуіне жол ашады. Инклюзивті білім беру саласында педагог-психологтың рөлі ерекше. Кабинет  психологы аутист және гипербелсенді балалармен жұмыс жүргізеді. Аутист бала қоршаған ортаға, қоғамға мүлде қызықпайды. Сол себепті баланың назарын адамға, басқа нысанға аудару және бірнәрсеге үйрету қиын. Түзету жұмыстырын көбінесе ойын түрінде жүргізуге тырысамыз. Балалармен ойнап, ойнау арқылы түзеу жұмыстарын жүргізе отырып, кішкене болсада жетістікке жетсе бірге қуанамыз. Біздің жұмысымыздың кереметтілігі сонша, баласының титтей де қуанышына ата-аналар мәз, тіпті қуаныштан көздеріне жас алады. Бала «а-а» деген дыбысты айтса да, қолдарының тырысуы жазылып, бір затты ұстап, бір ыдыстан екінші ыдысқа салуы да біз үшін үлкен жетістік.

Арнайы мамандарымыздың арқасында ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар болашақта биік белестерді бағындырады деген сенімдемін. Сонымен қатар болашақ ата-аналарға айтар кеңесім – дүниеге дені сау ұрпақ әкелгіңіз келсе, жүктілік кезінде денсаулыққа күтіммен қарап, түрлі дәрумендер ішіп жүріңіздер,  -дейді аудандық түзету кабинетінің басшысы Айгүл Әлмұратқызы.

Логопед не дейді?

- Тіл бұзылысы бар балалармен жұмыстанамын. Бала 4-5 жасында ана тіліндегі барлық дыбыстарды білу керек. Қазіргі таңда көп кемшіліктер мектеп жасына дейінгі балаларда тіл бұзылыстары көп кездеседі. Үш жасқа дейін балалар сөйлей алмай келіп жатыр. Дыбыстарды дұрыс айта алмайтын балаларды біздер бір жылда түзеп, шығарып жіберіп жатырмыз. Сөйлеуге бейімділігі төмен балалардың ата-аналармен бірінші кезекте бірге жұмыс істейміз. Үш жасқа дейін бала сөйлемесе немесе одан кейін әріптерді дұрыс айта алмаса, еркеліктен деп жүре беруге болмайды. Қарапайым «р» әрпін баланың айта алмауы уақыт өте келе психологиясына кері әсер етеді. Ата-ана баласының дамуы кезінде әрбір қимыл-қозғалысын бақылап отыруы тиіс. Балалар үшін кішкентай кезінен ұялы телефонды көп пайдаланғанның зияны бар. Оқытудың озық әдіс-тәсілдері және мамандардың үздіксіз еңбегі арқылы кемшіліктермен дер кезінде түзету жұмысын жүргізуге болады, - дейді мекеменің мұғалім-логопеді Жадыра Меңдешова.

 

Түйін: «Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашағымыз» десек, келешегіміздің, оның ішінде көмекке мұқтаж жандардың саналы түрде жетіліп өсуіне бейжай қарамауымыз қажет. Осы бағытта ерекше балалардың әрқайсысының дертіне сәйкес ем-дом, жаттығу жұмыстары жүргізілуі керек. Әрине, әлеуметтік санатына қарамастан, бала біздің болашағымыз болып саналады. Сондықтан болашағымыздың жарқын болуына қоғам болып атсалысқан жөн. Ерекше білімді қажет ететін балалармен психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті кешенді көмектерін көрсетуді одан әрі өрістете берсін! - демекпіз.

 

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале