Сырым аудандық сотында түрлі заң бұзушылықтар бағытында бірнеше қылмыстық істер өткен жылдың еншісінде қаралған. Мәселен, аудандық соттың төрайымы Ботакөз Елеуқызының айтуынша, елімізді жайлаған қатерлі індетке байланысты соттағы қаралған істер адамдардың саулығын сақтау мақсатында яғни, онлайн түрде өткен.
Бұл тұрғыдағы заң бұзушылықтардың болмағандығын жыл қорытындысы бойынша өткен алқалы жиында облыстық, республикалық соттың басшылары өздері жасаған хабарламалары барысында айтты. Сот төрайымының қолындағы нақты дерекке сүйенер болсақ, ауданда мал ұрлығы жиі кездесіп отыр.
Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің жалпы ұрлық жөніндегі 188-бабымен қылмыстық істер қаралып келсе, енді жаңа заңмен енгізілген өзгерістерге байланысты мал ұрлығы 188-1-бабымен қаралатын болып, құқық бұзушыларға жауапкершілік қатаңдатылды. Яғни мал ұрлығын жасаған адамдарға татуласып ымыраға келу, жауаптылықтан құтылуға мүмкіндік берілмейді.
Айталық, мал ұрлығына барған 12 азаматқа аудандық сотта 9 іс қаралып, қылмыскерлер тиісті баптың бөлігіне сай жазаға тартылған.
Сондай-ақ сот төрайымының айтуынша, аудан аумағындағы тас жол арқылы өтетін автокөліктерден заттарды жасырын түрде жымқыру жағдайлары да жиі кездеседі.
Сонымен қатар сот қаулысымен мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізу құқығынан айырылғандардың одан нәтиже шығармай, қайтадан мас күйінде көлік рөліне отыру жағдайларына да сот төрайымы қынжылыс білдіреді.
Аудандық соттың төрайымы Б.Баймуханованы отбасында сәби жетім қалып, шаңырақтың шайқалуының жиі кездесуі алаңдатады.
Мәселен, бұрынғы жылдары некені бұзуға арыз берушілердің көш басында нәзік жандылар болса, ендігісін ер азаматтар өз иеліктеріне алып «белсенділік» танытуда екен.
Мұның да өзіндік сыры бар болды. Яғни, қазіргі әйелдер су тасып, от жақпайды, бала бақпайды. Демек, үйге газ, су келіп тұр, бала бағатын қария немесе жалдамалы күтуші бар, барлық жағдай болса жасалған.
Ал отағасылар болса, қаржы табу үшін вахталық әдіспен қалаларға жұмысқа кетеді. (Қазір вахталық әдіске әйелдер де баруда).
Міне, мұның соңы үйде қалған әйел, немесе отағасы түрлі орталарда болып, ішімдік ішу, жеңіл жүріске ұрынуға кезігіп жатады. Соңы бармақ тістеу, отбасындағы ажырасуға әкеліп жатады. Тіпті, бүгінде құрсағын жарып шыққан балаларын үйінде тастап, қаладан қызық іздеп кеткен «көкек» аналар қатары да ауданда бар.
Иә, сонымен отбасының ойрандалып, шаңырақтың шайқалуы бағытындағы дерекке көз жүгіртсек, өткен жылдың еншісінде аудан бойынша неке бұзуға 27 арыз тіркеліп, 19 азаматтық іс сотта қаралды. Ал, 5 іс медиация тәсілімен өзара мәмілеге келіп, татуласқандықтан тоқтатылған.
- Сотта адам баласының шашы тік тұрарлық небір істер, жүрегіңді сыздататын жайттар қаралады. Тіпті, дүние-мүлікті, перзентті бөлісудегі даулы мәселелер де қаралып, шешілуде. Қаралатын істерді заң шеңберінде қарап, шешім қабылдауға жұмыстанудамыз, - дейді сот төрайымы Ботакөз Елеуқызы.
Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz