Былтыр облыста балалардың қатысуымен 42 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан үш бүлдіршін қайтыс болған. Олардың біреуі велосипедті тізгіндеп келе жатқанда көлікке соқтығысып, “тіл тартпай” кеткен. Осы орайда өткен аптаның соңында Орал қаласындағы оқушылар сарайында “БҚО қауіпсіз жолдары” жобасы аясында интерактивті велотренажердің тұсаукесері өтті. Шараға облыстық білім басқармасының және БҚО полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Интерактивті алаңның тұсаукесер рәсімін оқушылар сарайының директоры Шолпан Сисенова мен “Гауһар жолы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жоба үйлестірушісі Гүлнар Бисенова жасады. Жиынның ашылу салтанатында Орал қалалық №42 мектептің бесінші сынып оқушылары жол белгілері көрсетілген интерактивті алаңда велосипедпен жүру ережелерін көрсетіп, жол белгілері бойынша түсініктерін айтты.
Иә, шын мәнінде, жол-көлік оқиғаларына байланысты түрлі жазатайым жағдайлардың орын алуына тек көлік тізгіндеген азаматтар ғана емес, жаяу жүргіншілер де себепші болып жатады.
Өйткені құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі белгіленген жолақтан емес, жолды кез келген жерден кесіп өтетін көрінеді. Белгіленген ережені сақтамау, әсіресе, мектеп жасындағы балаларға өте қауіпті.
– Интерактивті велотренажер алаңы қала көшелерінде велосипедпен жүретін оқушыларға арналған. Велосипедпен жүргенде жол ережесі қауіпсіздігін сақтау қажеттігін түсіндірудеміз. Яғни жолда келе жатқанда, оңға немесе солға қалай бұрылу қажеттігін, тоқтайтын кезде қандай белгі беру керектігін, үш-төрт жолақты жолдардың қай бөлігінде велосипедпен жүру қауіпсіз екенін үйретудеміз. Велосипедпен жүру ережесі көлікті тізгіндеу ережесімен ұқсас. Жолда екеуі де бірдей белгіге қарап жүреді. Жол жүру ережесін үйренемін деген бүлдіршіндер бізге келіп, ережелерді тегін меңгеруіне болады. Болашақта Ақсай қаласында мобильді көлік алаңы ашылмақ, – деді оқушылар сарайының мобильді алаң үйірмесінің жетекшісі Елдос Жалғасбаев.
Шарада оқушыларға жол ережесі туралы ақпараттық буклеттер, “Мен жауапты жаяу жүргіншімін” деген жазуы бар қарындаштар, жарық шағылыстыратын салпыншақтар мен тәтті күлшелер үлестірілді.
– Балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларды жол жарақаттарынан сақтау үшін алдымен көшеде жүру ережелерін, жолда жүру тәртібін үйретуіміз керек. Үйде ата-ана, балабақша мен мектепте тәрбиешілері мен ұстаздары және біз жол ережелері туралы түсініктерін қалыптастыра білсек, балалар ұшырайтын жол апатының алдын алар едік. Бұл жерде оқушылар жол қозғалысы ережелері мен жол қауіпсіздігіне байланысты теориялық және практикалық тұрғыда сабақ алады. Сабақ виртуальды ойын арқылы жүргізіледі, – деді “Гауһар жолы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жоба үйлестірушісі Гүлнар Бисенова.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz