15.02.2021, 18:57
Оқылды: 32

Дидардың мәңгілік жас бейнесі

Кеңес дәуірінің тарихынында ең қаралы кезеңдердің бірінен саналатын Ауған соғысына Қазақстаннан 22000 мың адам қатысып, оның 761-і қаза тапса, 21 адам хабарсыз кеткен екен. Жарияланбаған соғыстан жаны да, тәні де жараланып, мүгедек болып келгені қаншама? Шыңғырлау ауданынан да алыстағы Ауғанстанға 41 жас жеткіншек аттанып, бір жерлесіміз жат елде ерлікпен қаза тапқан еді. Ол – Дидар Хамитов болатын. Егер Дидар Төлеуқайырұлы бүгінде тірі болса, 2 ақпан күні мерейлі 60 жасқа толады екен.

 Ди 3

Шынғырлау ауданының Қуағаш ауылында 1961 жылдың 2 ақпанында дүниеге келген Дидар Төлеуқайырұлы жастайынан елгезек, білімге құштар болып өседі. Әкесі Төлеуқайыр Тоқтығалиұлы ұзақ жылдар бойы мұғалімдік қызметте жасаған, әрі бойында ақындық қасиеті бар елге сыйлы жан болса, анасы Сәния да алты баланың тәрбиесімен айналысқан, көпке үлгілі отанасы болды.

Дидар 1978 жылы мектеп бітірген соң, білім қуып, Орал қаласының жоғары оқу орындарына оқуға түсуге барады. Алайда мектеп бітірген аттестатында мөр анық көрінбейді деген шешіммен қабылдау комииссиясы оқуға қабылдамай қояды. Содан ол  ДОСААФ-та көлік жүргізуші курсында оқиды. 1979 жылдың 8 мамыр күні Кеңес әскері қатарына шақырылып, Ленинград қаласында 6 ай әскери дайындық курсынан өтеді. Сол жылы қараша айында Закарпат облысы Ужгород қаласына ауысады. Отан алдындағы борышын орындап жүрген сарбаздың өмірі сол жылдың желтоқсанында күрт өзгеріп, бір түнде Ауған соғысындағы жауынгерлерге интернационалдық көмек көрсету қажет деген тапсырмаға сәйкес жат жерге ұшып кетеді.

Ди 2

Ауғанстанның таулы жерлерінде әскери борышын өтеп жүрген Дидар үшін 19 маусым өмірінің ең соңғы күні болды...

Сол күні әскери қағидаға байланысты рота бір орыннан екінші орынға ауысады. Оқ-дәрі тиеген көліктер бірінің артынан бірі колоннамен жүріп отырып, орта жолда кідіріс жасаған мезгілде қанды атыс басталады. Дидарға таудың арасынан мергеннің діттеген оғы дәл тиіп, сол қолын жұлып әкетеді. Оқ жаңбырдай жауған қанды атыста жора-жолдастары да жауап қайтарып, кейін атыс саябырсығанда Дидардың қимылсыз қалған денесін байқайды. «Атыстан кейін есімізді жиып, өз-өзімізге келе бастағанда қасыма бір әскер келіп маған: «Кажется твоего земляка уже нет» деп айтты. Барып қарасам, жерде сұлқ жатқан Дидардың денесі. Сол қолы бөлек жатыр», - деп айтыпты кейін әскерде бірге болған ауылдасы Жәрдем есімді сарбаз.

- Қаза болардың алдында жолдаған хатында үйдегілерден «Сіздердің қандай болғандарыңызды көргім келеді» деп бәріміздің фотоларымызды сұратқан еді. Сол жолдаған суреттеріміз және тағы да басқа дос-жарандарының фотолары сол жақ төс қалтасынан табылды. Снайпер жүрекке көздесе керек. Шеті отқа күйген, қан тиген фотоларын Дидардың қырқы болар уақытта атыста бірге болған Ержан Мукаев деген қаруласы пошта арқылы салып жіберді. Кейін анам Ақтөбе қаласында тұратын Ержанмен кездесіп, болған жағдайды өз құлағымен естіп келді, - дейді қарындасы Шара Төлеуқайырқызы.

Дидардың Ауғанстанда әскер қатарында түскен, отбасына мүлде беймәлім фотосын араға 27 жыл салып Болат Оразғалиев деген жолдасы тауып, бауырларына қайтарады.

Дидар 1980 жылы 19 маусым күні қаза болғанымен, ол уақытта қазіргідей жылдам ақпарат алмасу көзі болмағандықтан отбасы қаралы хабарды араға 4 төрт күн салып, 23 маусым күні естиді. 26 маусым күні сүйегі Қайыңды ауылына әкелініп жерленеді.

Бүгінде жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ерлікпен көз жұмған Дидар Хамитовтың ерлігін ұрпаққа насихаттау мақсатында Қарағаш пен Шыңғырлау ауылдарында ескерткіш орнатылып, батыр ағамыздың есімімен көшелер аталады.

- Келешек ұрпақ қасіретті соғысты көрмесе екен. «Ер есімі – ел есінде» дегендей, ел азаматтары ұмытпай, құрмет көрсетіп жатады. Ағамызды еске алуға арналған шараларға шақырып, өскелең ұрпаққа үлгі етіп отырады. Отбасымызбен де Дидар бауырымызбен байланысты әр датаны үнемі атап отырамыз, - дейді бауыры Шара.

Отан алдындағы борышым өтеймін деп, әскерге аттанған жас жігіттің өмірі бар болғаны 19 жасқа келгенде үзілетінен кім білген?! Бірнеше орден мен грамоталарға ие болған қайтпас қайсар ұл қаза болған соң «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.

Иә, ержүрек ағамыздың ерліктері бәріміз үшін үлгі. Бүгінде ауданымызда солақай саясаттың сұм соғысына қатысқан 11 ауған ардагері  бар. Соғыс аяқталғанымен, оның тарихы мәңгілік, сондықтан, ерлердің қанымен, ананың көз жасымен жазылған бұл әділетсіз майданды біздің ұмытуға хақымыз жоқ. Ауған соғысында мерт болғандар мен ардагерлердің алдында қашанда бас иеміз. Ал өрімдей жас Дидар оны білетін жандардың жадында күлімсіреген мәңгі жас бейнесімен есте сақталатыны шындық.

 

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале