Табиғатты ақ көрпесіне ораған қыстыгүні шана сүйреп, көк мұздың үстінде мәнерлеп сырғанау – балалардың сүйікті ермегі. Сондықтан мектеп оқушылары бұл мезгілді асыға күтеді. 11 ақпан күні «Светлячок» туристік орталығының іші тасқалалық 85 балғынның шат күлкісі мен таңданысына толы болды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың бүлдіршіндері бас қосып, уақытты көңілді өткізді. Орал қаласындағы «жасотандықтар» да балалық шаққа саяхат жасап қайтты.
«Бүгін біз Атамекен ауылынан келдік, таңертең бізге аниматорлар жақсы көрсетілім көрсетті, біз осындай шараға келгенімізге қуаныштымыз. Таудан бірінші рет сырғанап тұрмыз, біздің ауылдан 5 бала, 3 қыз барлығы 8 бала келді», - дейді мектеп оқушысы Диас Жұбанов.
Ұйымдастырушылар мен еріктілер де думанның ортасынан табылып, демалыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Шарада балалардың көңілін жаулаған мультфильм кейіпкерлері де болды.
«Бүгінгі шараға Тасқала ауданының алты ауылынан 85 бала қатысты. Олар аз қамтылған жанұялар мен көпбалалы отбасылардың балалары. Біздің мақсатымыздың негізі – балаларға салауатты өмір салтын насихаттап, спортты бойларына серік етіп ұстану. Бұл шараға рухани бағыттағы тәрбие беруші мотиватор мамандарды да шақырдық», - дейді облыстық мәслихат депутаты Әсел Мырзахметова.
Жалпы бұл акция өңірде осымен 5-ші рет өткізіліп отыр. Шараның ұйымдастырылуына батысқазақстандық «жасотандықтар», «Nur Otan» партиясының жас депутаттары, полиция департаменті мен ММА федерациясының өкілдері және облыстың еріктілері ұйытқы болды.
Сондай-ақ барлық оқушылар үшін ойын алаңдары тегін жұмыс істеп, тәттілер дайындалды.
Қайырымдылық акциясының өтуіне демеушілік білдірген партия мүшесі Талғат Чудаев, БҚО «Достық» ҚБ-нің белсенді еріктілері Армат Бисенов, Алмат Исентаевқа алғыс айтады ұйымдастырушылар.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz