Дәл қазіргі кез қорада қой қозылап, құлындардың ойнақтайтын шағы. Жаз бойы жинаған азықтың таусылатын мезгілі де жақын. Қара күздегі жүздеген аналық малдың саны көктем шыға екі есеге артатыны заңдылық. Осының бәрін ескерген мал бағушылар малдың қысқы азығының жетуіне аса мән береді. Бірақ қыстың қанша уақытқа ұзаратынын адам баласы болжай алмас. Аудан бойынша мал азығының қаншалықты жеткілікті екендігін білу мақсатында ауыл шаруашылығы мамандарымен тілдескенбіз.
«Қыс мезгілі басталған кезде 11 мыңнан астам жылқы тебінде жүр еді. Қазіргі таңда бес мыңдай бас тебінде қалды. Өздеріңізге белгілі, қаңтардың аяғы мен ақпанның ортасына дейін ауа райы күрт өзгерді. Әуелі оқсатып ерітті. Одан соң қатырды. Мұздақ жауған күндер де болды. Осының бәрі жылқыға кәдімгідей әсер етеді. Шаруалардың көбі малдың қысқы азығын қорасындағы ұсақ мал мен ірі қараның санына қарап жинайды. Ал үйір-үйір жылқыларын тебіндейді деп есептейді де, олар үшін шөп үймейді. Жылқыға арнап дайындағанның өзінде бір айға жететіндей етіп жинақтайды. Негізінен ол дұрыс емес. Қыстың қалай болатынын ешкім болжап айта алмайды. Жасыратыны жоқ, кейбір ауылдардағы шаруашылықтар да қысқы мал азығының тапшылығына аса мән бермейді. Ол қожалықтардың өз шаруасы. Көбінесе қорадағы малға есептеп жинайды да, жылқыны ескере бермейді. Біз не үшін шырылдаймыз? Себебі жылқы арықтап бір құласа, кейін орнынан тұра қоймайтын мал. Оны құлатпау керек. Ол үшін қысқы азығы мол болуы шарт. Қазақстан ауылдық округінің арғы бетіндегі каналдың (Жайықбай) маңында жылқылар тебіндеп жүр. Оған шүкіршілік айтуға болады. Жақында қысқы мал азығының жетер-жетпесіне көзімізді жеткізейік деген ниетпен барлық ауылды аралап шықтық. Қасымда өзімнің маманым болды. Жолшыбай кездескен шаруаларға соғып, халдерін сұрастық. Мал азығына да көз жүгірттік. Мереке, Шежін және Қазақстан ауылдық округінің жылқылары тебіндеп жүр. Қосшының жылқыларының жартысы қорада, ал жартысы тебінде. Ол да орналасқан аймағына байланысты. Аталған ауылдық округтерде қардың қалыңдығы төмен. Айтарлықтай қалың қар жоқ. Дегенмен өздеріңіз білетіндей, өткен жылы шөптің деңгейі өте төмен болды. Шығымы аз болғандықтан, мол азық жинауға қиындық туғызды. Достық, Амангелді және Тасқала маңында қардың қалыңдығы байқалады. Қазіргі таңда Амангелді, Мерей және Ақтау ауылының жылқылары қорада тұр. Соның ішінде жабағыларды бірінші қамады. Себебі олар тебін қиындаған шақта енесінің көмегіне жүгінеді. Сондықтан шаруалар жабағыны ертерек қамап тастады. Қазталов және Ақжайық аудандарымен шекаралас жатқан ауыл малының жартысынан көбі жайылып жүр. Жалпы, малдың қысқы азығы жоспар бойынша жеткілікті. Бұның өзі шамамен. Себебі қыстың қалай болатындығын ешкім біле алмас. Қазіргі таңда рулонмен есептейміз ғой. Бір рулон 250 келіні тартады деп есептелінеді. Мысалға айтар болсақ, күзде келген 35-40 бас ұсақ мал көктемде төлдеп көбейеді. Сол 40 басқа шамамен алғанда бір рулон шөп екі күн жарымға ғана жетеді. Мүмкін одан аз, мүмкін көп. Кейбір шаруаларда малдың қысқы азығы мол болса, ал кейбірінде жетпеуі әбден мүмкін. Қазіргі таңда артылған шөптерді басқа жаққа сатпау жөнінде ауданымыздың барлық шаруаларына айтып жатырмыз. Кейбір қожалықтарымыздың шөбі бітсе де, жемге сенеді. Өткен жазда айтарлықтай шөп те болмады. Тебіндеуге ыңғайлы деп айта алмаймын. Өзім ауылдық округтерді аралап шыққан кезде оған көз жеткіздім. Жақында жаңбыр жауып, тоң пайда болды. Негізінен, уақытымен жаңбыр жауса, егіншілер мен шөпшілерге қолайлы болар еді. Алғашқы жауын егін салғаннан кейін 15-20 күннен кейін жауса және егін піскен кезде оқсатып жауып өтсе, халық үшін тиімді. Орынсыз қатты желдің өзі егіс алқабына теріс әсер етеді. Қазіргі таңда қысқы мал азығының таусылып қалмауы жөнінде ақпарат алып, шаруалардың біразын бақылауда ұстап отырмыз», – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіров.
Жылқының тебіндеуге шамасы жоқ
Өткен жаздың өзіндік ерекшеліктері болды. Қысқы мал азығын жинауға ертерек кіріскендер болды. Яғни, жерге шыққан шөптің құнарын жоймай тұрған кезде ораққа іліктірді. Солардың бірі – Амангелді округінің тұрғыны Мұхсин Мақауов. Бірақ ойламаған жерден үйінің маңынан өрт шығып, бірнеше рулон шөбі күлге айналғанын естігенбіз. Содан кейін қысқы мал азығын жинап үлгерді ме деген сұрақпен хабарласқан едік. «Өткен жаздағы жағдай өмірі есімнен кете қоймас. Күтпеген жерден орын алған дала өрті әуелі бәрімізді састырды. Жасыратыны жоқ, қоныстанып отырған шаңырағымыз бірге кететін шығар деп те қорықтық. Дегенмен, елдің арқасында аман-есенбіз. Сол аталмыш өрт кезінде малдың қысқы азығына деп жиып қойған бірнеше мыңдаған рулон шөбіміз тілсіз жаудың құрбаны болды. Кейін есімізді жиып, қайтадан шөп жинауға кірістік. Мыңға жуық рулонды қайтадан үйіп, қазіргі таңда соны қорек қылып отырмыз. Негізінен, шөп жетуі керек. Бірақ қайдан білейін, қыс едәуір ұзап кетіп жатса, ойландыруы мүмкін ғой. Он шақты күн бұрын жылқыны қамадық. Себебі қар мұзға айналып, жылқының тебіндеуіне қиындап кетті. Оның үстіне буаз биелеріміз құлындай бастады. Сондықтан қалған уақытта қорада ұстауды жөн көрдік. Өткен жылдың қысында жылқы тебінде болды. Қораға қамамадық. Биыл боран жақсы болып, ауа райының күрт өзгергеніне куә болдық. Мал мен бастың амандығына не жетсін?! – дейді амангелділік шаруалардың бірі Мұхсин Мақауов.
Тасқала ауылдық округінде тұратын Нұрлан Аюпов та өз пікірімен бөліскен болатын. «Өткен жазда қуаңшылық байқалды. Оны ауылдастарым да жақсы сезінгенін білемін. Шөптің бағасында да өзгерістер болды. Малдың қысқы азығын жинау науқанында жылда орақ суырмай жүретін жерлерден былтырғы жылы шөп шықпай қалды. Шабуға ыңғайлы жерлерді іздеп кеткен кездеріміз де болды. Былайша айтқанда, қысқы азығымыз жетеді. Азын-аулақ жылқы малы да бар. Бірақ оларға ірі қара мен ұсақ малдан қалған шөпті беріп жатырмыз. Қыстан аман шықсақ, тағы да шөп жинау шаруасына ұжым болып кірісеміз», – деді тасқалалық шаруа.
Ауыл шаруашылығы мамандарының есебі бойынша ірі қараға 14-15 келі, ал қой мен ешкіге күніне 3-4 келі шөп керек екен. Орташа есеп бойынша жылқы күніне 16 келі шөпті азық қылатын көрінеді. Ауылдастарға малдың қысқы азығын мол етіп жинап алуға кеңес береді мамандар. Кейбір ауыл азаматтарының осы малмен күнелтіп отырғандары жасырын емес. Ақ адал малдың ашығып, азаюына жол бермеу үшін аулаңызда қысқы азықтың мол болғаны жөн-ау...
Темірболат Әнуарұлы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz