23.02.2021, 10:07
Оқылды: 72

Тереңге тамыр жайып...

          Құшағы кең қазақ елі жайсыз замандарда тағдыр айдауымен жерімізге қоныс тепкен өзге ұлт өкілдерін өз бауырына тартып, шеттетпегені рас. Бүгінде жер аударылған ұлт өкілдері Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары. Ал бір шаңырақ астына біріккен көпұлтты қазақ елінің бірлігі мен ынтымағы өзге мемлекеттерге үлгі. 

smart

Сонау жылдары солақай саясаттың түсініксіз шешімдерінің кесірінен Ақ Жайық өңіріне қоныстанған ұлттардың бірі – немістер. Ал біздің әңгімемізге арқау болып отырған Дариян ауылының тұрғыны Александр Адольфович Штейнгельбергтің отбасы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде елімізге күшпен қоныс аударылған. Оның сөзінше, ол Сырым ауданы Тасқұдық ауылында туып өсіпті. Әкесі Адольф пен анасы Азина он бала көрген бақытты жандар екен. Ұшқан ұясынан 1975 жылы арман қуып кеткен Александр ағамыз бүгінде отбасымен бірге Дариян ауылында тұрады.

Бізді құшақ жая қарсы алған ол осы күні ұлы Сергеймен бірге тұратынын айтты. Ал әкесі мен анасы дүние салған. Олар туралы айтқанда Александр Адольфович еріксіз көзіне жас алып,«Үлкендердің көрген қорлығын жастар көрмесе екен»,- деп қайталай берді. Кейін бір сәт терең ойға батты да, «Құдайға шүкір», - деп жадыраған қалпымен әңгімесін жалғастырды.

Оның айтуынша, әкесі Адольф Штейнгельберг 1900 жылы Украинаның Одесса өңірі жағында дүниеге келіпті. Сол жақта ер жетіп, отбасын да құрған. Бірақ солақай саясаттың кесірінен оны отбасынан ажыратып, жер аударыпты. Алғашында Адольф Штейнгельберг көп қандастарымен бірге Бөкей ордасы ауданына табан тіреген. Үлкен кісінің әр айтқан сөзін есінде сақтап жүрген Александр ағай аяқ асты қоныстанған өзге ұлт өкілдерін ордалық қазақтар жатсынбай, бірден жылы қабақ танытқанын айтады. Сол себепті де немістер қазақтар арасына тез сіңісіп кеткен екен.

Орда топырағына әбден бой үйреткен Адольф Штейнгельберг Азина Исекеновамен сөз жарастырып, екеуі 1945 жылы шаңырақ көтеріпті. Бір жылдан соң тұңғыштары Мина дүниеге келген.

- Әкем мықты ұста болды. Ал анам теміржолда қызмет етті. Бала күнімдегі әке-шешемнің айтқан сөздерін әлі жадымда сақтап келемін. Олардың көрген азабы мен соғыс жылдарындағы адам төзгісіз еңбегі мен қорлығын ешкімге бермесін. Анам вагон ішінде отырып, бомбалардың жарылып жатқанын еститіндігін де жиі айтатын. Шүкір, қазір аспанымыз ашық, еліміз тыныш. Құдай осы бірлігімізден айырмасын! - дейді ол.

Елуінші жылдары Штейнгельбергтер Бөкей ордасынан Сырым ауданына қоныс аударады. Адольф пен Азина Тасқұдық ауылына тұрақтайды.

- Үйдегі екі үлкен қыздан басқасының барлығы Тасқұдықта туып өстік. Жанұяда 10 бала. Бірде аш, бірде тоқ жүрсек те тату болдық. Қазақ арасында жүрген соң тіл меңгеріп алдық. Ата-анамыз қазақтың дәстүрін берік ұстанатын. Анам үнемі ас салып, түрлі ұлттық тағамдарды дайындайтын. Жан дүниеміз қазақтармен қабысып кетті, - дейді Саша ағамыз.

Тасқұдықта 1975 жылға дейін тұрған Штейнгельберг отбасы  Дариян ауылына қоныс аударады. Бірнеше жылдан соң Александр Адольфовичтің ата-анасы дүние салады.

- Қандай қиындық көрсек те, бүгінгі бейбіт күнімізге жеттік. Ата-анамыздың көрген ауыртпалығы олардың ұрпағына шапағат болып тиюде. Осы күні марқұм Нұржан Шарипов нағашымның балаларымен араласып тұрамыз. Ауылда бірге өскен, сыныптас досым Бауыржан Шарипов деген бар еді. Ол да бақилық болыпты. Оның арамызда жоқтығы жаныма батады. Десе де осы бергеніне де шүкір айтамын. Бүгінде ұлдарым шаңырақ көтеріп, өмірден өз орындарын тапты. Төрт ұлым, алты немерем бар. Зайыбым Валентина екеуміз бақытты ата-ана әрі немерелеріміздің сүйікті ата-әжесіміз. Бейбіт саясат ұстанып, ел берекесін арттырып отырған өкіметке, қазақ халқына алғысым шексіз, - дейді Александр Штейнгельберг.

Еліміздегі басты байлық бейбітшілік пен келісім қазақ жерін мекен еткен ұлт пен ұлыстың достық пиғылдарынан екендігі сөзсіз. Өзгені бауырға тартып, төрін ұсынатын кең пейіл қазақ ұлтына өзге ұлт өкілдері сүйіспеншілікпен қарап қана қоймай, қашанда ризашылығын білдіріп жүреді деген ойдамыз. Өйткені олар Қазақстанның тең құқылы азаматтары.

 

   Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале