Облыстық «Орал өңірі» газетіндегі "Заң және біз" арнайы бетінің алдыңғы санында татуласу келісімінің мағынасына, оның заңмен бекітілген тәртіптеріне тоқталсақ, енді мәні жағынан осыған ұқсас дауды шешудің медиациялық тәртібі туралы айтатын боламыз.
- Медиация» термині латынның «mediare», яғни делдалдық ету деген сөзінен шыққан. Халықаралық термин болғасын, өз заңымызбен де аудармасыз сол қалыпта бекітілген. Бұрын құлаққа сіңісті сөз болмаса да, тура мағынасы дәл сол делдалдыққа келеді.
«Медиация туралы» заң 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданса да, ол үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түріне жатады. Арнайы заңның шыққанына он жыл болып қалса да, қоғамда, әсіресе, қазақ тілді ортада медиация қызметі сұранысқа соншалықты ие болып кетті деп айта алмаймыз.
Жоғарыда айтып отырған үшінші тарап ретінде біз медиаторды танимыз. Ол дау немесе сотта қаралатын іске қатысушылардың белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі. Сонымен бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау барысын толығымен бақылайды.
Медиатор кәсіби және кәсіби емес деп екіге бөлінеді. Кәсіби медиатор деп жасы 25-ке толған, жоғары білімі бар, ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдарды танимыз. Сонымен қатар доғарыстағы судьялар да ол қызметті кәсіби негізде атқара алады.
БҚО медиаторлар одағының төрағасы Алуа Рақышеваның айтуынша, кәсіби де, кәсіби емес те медиаторларға атқаратын жұмыстар көп және ол тек заңдық мәселелерді шешумен шектелмейді. Орал қаласындағы татуласу орталығындағы медиаторлар қатарында заңгерлерден бөлек психологтар да қызмет атқарады екен. Рақышеваның БАҚ-қа берген сұхбатынан білгеніміз, облысымызда медиаторлар одағынан басқа, билер одағы да құрылып іске кірісіп кетіпті. Қазір билер одағының төрағасы, орынбасары бекітіліп, әрбір аудан орталығында билер кеңесі ашылған. Біз алдағы уақытта осы ақпаратқа қатысты кеңірек мәлімет беруге тырысамыз. Ал енді медиацияның заңмен бекітілген және атқаратын негізгі міндеттері мен мақсаттарына тоқталайық. Ол азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады. Азаматтар, заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады. Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даудың 30-40%-ы медиация рәсімінен өтеді, олардың 85%-ында оң нәтижелерге қол жеткізілген.
Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді.
Медиация тәртібінде қаралатын істерге қойылатын заң талаптарына тоқтала кетсек:
– тараптар бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін дауды (жанжалды) судьяның немесе медиатордың жәрдемдесуімен медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы;
– медиацияны өткізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Судья медиацияны «Медиация туралы» ҚР заңына сәйкес және Азаматтық процестік кодексте белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып өткізеді;
– сот тараптардың өтінішхаты бойынша медиация рәсімін Азаматтық процестік кодекстің 150-бабының бірінші бөлігінде, осы баптың төртінші бөлігінде белгіленген мерзімдер шегінде кейінге қалдыруға және егер басқа тұлғалардың қатысуы дауды (жанжалды) реттеуге ықпал ететін болса, оларды медиацияға шақыруға құқылы;
– егер тараптар талап қою арызы қабылданғанға дейін судьяның жәрдемдесуімен дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге қол жеткізбесе, іске қатысы бар материалдар Азаматтық процестік кодекстің 35-бабының жетінші бөлігінде көзделген тәртіппен басқа судьяның қарауына беріледі;
– тараптардың келісуімен істі медиацияны өткізген судья қарауы мүмкін;
– бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізуінде жатқан іс бойынша судьяның жәрдемдесуімен дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхат келіп түскен кезде сот іс бойынша іс жүргізуді Азаматтық процестік кодекстің 273-бабының 7-тармақшасына сәйкес он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы;
– бірінші сатыдағы сотта медиация өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі;
– медиацияны апелляциялық сатыдағы сотта өткізу үшін іс, әдетте, соттың алқалы құрамындағы судьялардың біріне беріледі;
– бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізуінде жатқан іс бойынша медиатордың жәрдемдесуімен дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхат келіп түскен және тараптардың медиатормен жасасқан шарты ұсынылған кезде сот іс бойынша іс жүргізуді Азаматтық процестік кодекстің 272-бабының 7-тармақшасына сәйкес бір айдан аспайтын мерзімге тоқтата тұруға міндетті;
– тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхаты, егер бұл қосымша процестік әрекеттерді және істі қарауды тоқтата тұруды талап етпесе, кассациялық сатыдағы сотта мәлімделуі мүмкін. Тараптар кассациялық сатыдағы сотта өтінішхатпен бірге бір мезгілде дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді ұсынуы тиіс;
– сотта медиацияны өткізу хаттамасы жүргізілмейді;
– егер дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалса, ол сот актісі орындалатын жер бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе аталған сот актісін шығарған сотқа бекітуге ұсынылады;
– іс жүргізуінде жатқан іс судья (сот құрамы) дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және оны бекіту бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады;
– дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым «Медиация туралы» ҚР заңының және Азаматтық процестік кодекстің 176, 177-баптарының талаптарына сәйкес келуі тиіс;
– егер тараптар медиация тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе келісімнің шартын сот бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі;
– дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау Азаматтық процестік кодекстің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.
Дәл осындай негіздермен азаматтық іс аясында сіз партисипативті келісім жасай аласыз, оның бар айырмашылығы, екі тараптың өкілдері немесе адвокаттары өзара келісім жасап, оны бекітуге сотқа ұсынады. Келісімге келу оны жасау рәсімі судьяның қатысуынсыз, яғни бейресми, еркін жағдайда өтетіндіктен де ол заңдық білімі жоқ, қарапайым адамдар үшін өте ыңғайлы әрітиімді.
Сонымен, құрметті оқырман, біз сіздерге татуласу рәсімдеріне жататын, дауды сотқа жеткізбей шешуге бағытталған үш нұсқаның үшеуіне де, қысқаша болса да, түсінік бердік.
Тағы да естеріңізге сала кетейін, олар: 1. Татуласу келісімі, 2. Медиация, 3. Партисипативті келісім. Бұлардың барлығы да арнайы заң нормаларында көрініс тапқан және судьяларға да істі қарар алдында, осы жолдардың бірімен тараптарды татуластыруды ұсыну міндеттелген, дауды соттың қатысуынсыз шешудің заңды жолдары екендігіне баса назар аударғым келеді.
Егер осы аталған рәсімдерге қатысты қандай да бір сұрақтар болса, жауап беруге әзірміз.
Сұрақ:
– 2006 жылы «Аляньс банктен» несие алып, 2009 жылы жаптым. Алты жылдан кейін осы банктен 88645,28 теңге бережақсыз деген хабарлама келді. Аудандық сотқа шағым түсірдім. Сот 18.11.2015 ж. оң шешім шығарып берді /судья Г.Сагитова/, содан 14.12 2015 ж. облыстық сотта аудандық сот шешімін өзгерткен жоқ /судья Е.Идиров/, яғни мен бережақ емеспін.
2019 жылдан бері банктерге барсам, маған несие бермейді. Неге десем, сол 88645,28 теңге сізде тұр дейді. Мұндай мәліметті беріп отырған «Альянс Финанс» ЖШС екен. 2020 жылдың 10 қарашасында Орал қаласындағы «ФА «Альянс Финанс» ЖШС-ға өтініш тастадым. Бірақ өтінішім қанағаттандырылған жоқ. 2020 жылдың 4 желтоқсанында хат жіберген. Мені бережақтар тізімінен шығармайды екен. Сонда сот шешімі пайдаға аспай ма, әлде оны мойындамай ма? Мені бережақтар тізімінен шығаруға көмек берсеңіз.
Биылғы 5 ақпан күні БҚО прокуратурасының электрондық поштасына да өтініш жібергенмін, хабар жоқ.
Қарлыға Есмұханова,
Қарауылтөбе ауылы,
Ақжайық ауданы
Жауап:
– Редакцияға осылай деп хат жолдаған оқырманымыз, өз өтінішіне аудандық сот шешімі мен облыстық соттың апелляциялық алқасының қаулысын да қоса салған екен. Ол үшін тек алғыс айтамыз, себебі құжаттарды зерттеп-зерделеу қойылған сұраққа толық жауап беруге сөзсіз өз септігін тигізеді.
Алайда оқырманымыз қойып отырған сұрақ – банктен кредит алу мәселесі өз шешімін таппайды ма деп қорқамын. Себебі сот құжаттарынан көрініп тұрғандай, сот шешімі сіздің пайдаңызға процестік негізде шығарылған. Яғни түсінікті тілмен айтқанда, сот сізді банк алдында қарыз емес деп танымаған, талап қоюшы, банк атынан әрекет етуші коллекторлық компания «ФА «Альянс Финанс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сотқа беру мерзімін өткізіп алған деген негізбен шығарған.
Мүмкін сіздің 2006 жылы «Альянс банктен» алған қарызыңызды өтегеніңіз туралы дәлелдереңіз бар шығар, олай болса, сізге бұл мәселені шешудің екі жолын ұсынамын:
zhaikpress.kz
Сурет ғаламтордан алынған