21.02.2021, 11:35
Оқылды: 189

Бар мәселе қалпақта

       Қалпақ кез келген қалалықтың сенімді бас киімі қатарында болып келгені сөзсіз. Бүгінгі күні қалпақ – өзін-өзі құрметтейтін еркектің гардеробынан табылатын классикалық үлгідегі бас киімнің бірі. Қалпақтың жазғы және күзгі маусымдық түрлері фетрдан жасалған қалпақ, трилби және панама түрі көптеген көрсетілімдерде ұсынылған, сонымен қатар сәндік өнер рейтингінің көш басында тұрған.

Әйел адамдардың қалпағын өндіру ісі Чехияда Орта ғасырда, жүннен тоқылған қалпақтар пайда бола бастаған кезден басталған. Кейінірек 1630 жылдары Нови Йичин қаласында қалпақ шеберлерінің гильдиясы қалыптасқан. Сол аймақ керемет қалпақ үлгілерімен танылып, жаңа тұтынушылар пайда болған, олардың ішінде Мария Тереза патшайым да болған. 1799 жылы Нови Йичинде шеберхана ашылып, ерлерлерге арналаған теріден  және фетрдан жасалған қалпақ тігуге бейімделген. Кейінірек, Tonak студиясы әлемде ең ірі қалпақ шығару және тасымалдаушы болады. 1910 жылға қарай компания ерлер қалпағын сатумен Европе елдеріне таныла бастайды.  Tonak қалпағымен ақын Ян Неруда, Чехословакия Республикасының бірінші президенті Томаш Гарриг Масарик секілді оқымысты, білімді адамдар өзінің гардеробын толықтырады. Бүгінгі таңда компания әлемнің 50 елінің тапсырысын қанағаттандырып отыр. Брендтегі бұл бас киімдер  Chanel және Dior сән үйлерінде сұранысқа ие. Tonakты Эскоттан бастап Дубайға дейінгі барлық әлем елдерінің ат жарыстарында шабандоздар киеді. 2010 жылы Tonak өз өнімін Мәскеуде өткен Миллионерлер көрмесіне қойып, орыс олигархтарының үлкен сұранысына ие болып, әлемнің барлық елінде сапасы өте жоғары, жақсы қалпақтың өтімді екенін дәлелдеді. Компания өкілі Сильвия Ванечкова Tonakтың өнімінің әлемдік кризисқа қарамастан қарыштап дамып жатқандығын алға тартып: "Сән мерзімдік болып табылады. Біз бүгінгі таңда өткен заманның киімі мен аяқ киім үлгілеріне оралуды  көріп тұрмыз, оның ішінде қалпақ та бар. Қалпақ қай уақытта да өзектілігін, құндылығын жоймаған, экономикалық кризис біздің тұтынушыларымыздың өзіндік стилін қаржыландыруына тоқтау сала алмайды", - деген болатын.

Міне, осыншама тарихы бар, сән әлемінде сұранысқа ие ерлер қалпағын біздің ағартушы, ғалым, қазақтың біртуар тұлғалары да қолданып, өздерінің гардеробын толықтырған. Өздерінің классикалық киім үлгілерімен қазақ қоғамында ерекше орын алған. Олардың киім киісінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен үлгі алған, соларға еліктеген қазақ жастары аз болмаған. Бұған дәлел ретінде ақын, жазушы, филология ғылымының докторы, академик Қажым Жұмалиевтің 1964 жылы жазған «Ұлық болсаң, кішік бол» әңгімесінде қазақ әдебиетінің қабырғасын қаласқан классик жазушыларымыздың бірі Б.Майлин бейнесі жасалған.

212

Жазушы Б.Майлинмен 1928 жылы жол үстінде кездеседі. Жаз бойы Сырдария, Әулиеата, Қызылорда губернияларына қарайтын елдерде санақ жұмысымен командировкада болып, Шымкентегі оқуына қайтып келе жатқан студент Қажым Арыс станциясына келіп тоқтаған кезде, Ташкент-Москва поезын күтуші жолаушылармен кездеседі. Шымкент жақтан келген жолаушылардың соңынан кезекке тұрған студент: «Жұпыны ғана киінген, жасы қырықтар шамасы, жүзі жылы...үстінде қалыңдау кенептен тігілген жол жалбағайлы суқағар, басында ескілеу кепкі, аяғында көп киілген қисық табан хром етік... қымбат материалдан тігілген гимнастеркасы да көнеріңкіреген... Күн шалған бет-әлпеті қоңырқай» (115-б) кісімен танысады. Жақында ғана «Лениншіл жас» газетінде «Батырақ Ғалиасқар» атты өлеңі шығып, Асқар Тоқмағамбетовтың өз аузынан «ақын» деген атты естіп келе жатқан студент ол кісіні көзіне де ілмейді. Жұмыс бабымен жүрген жақын жердегі ауыл советтердің бірі шығар деп ойлайды. Оны жазушының өзі: «Орта бойлыдан сәл ірірек, төртбақтау, сом денелі , жалпақ бет, таңқы мұрын, қалың ерін, қой көзді. Көзінің қарасынан да ағы көбірек, монғол типес кісі екен. Өзінің сом денесіне сай, саусақтары да жұп-жуан. Келбет-кескінінде, киім-киісі, жүріс-тұрысына қарағанда зиялы, оқымысты адамдардан гөрі, көп жылдар ауыр өмірді басынан өткізіп, тек кеңес кеңес дәуірінде ғана қоңына шыр бітіп, ел тізгігін өз қолына алған ауылдық кеңестің төр ағасына ұқсайды. Шынымды айтайын, ол кісіні менсініп тұрған мен жоқ» (116-б) деп береді. Билеттеріне белгі соқтырып вокзалдың екінші жағындағы ұзын стол жанына келген екеуі бостан-бос қарап отырудың есебін таба алмайды. Қасындағы жолаушы сары портфелін ашып, ішінен қағаз алып жазуға кіріскенде, жас ақын Арыс қаласын аралап кетеді. Тіпті сол жердің халқы «Ақын жігітті» танысын деп те ойлайды. Ол қасындағы жаңа танысына қайырылып, «Мен көшеге шығып келейін деп едім, мына чемоданды баға тұрасыз ба?- дейді. Жаңа таныс та: «Жарайды, бағайын», - деп сәл езу тартады да қағазын жазып қала береді...

Арысты арлап қайтып келсе таныс әлі қағаз жазуфын аяқтап қалған екен, жас ақында әңгімеге тартады, қайдан келе жатқанын сұрайды. Ағынан жарылған бұл жігітке Қызылордадағы «Лениншіл жасқа», Асқарға баруыңа қарағанда өлең жазатын өнерің болып тұр ғой,-деп сыр тартады. Ағалық ақылын да айтады. Бұл студент: -Ағай атыңыз кім болады?-деп сұрақты төтесінен қояды.

-Майлин, -деді жол серігім.

Мен жұлып алғандай:

-Бейімбет Майлинсіз бе? Майлин болғанда, кәдімгі «Шұға», «Мырқымбай», «Түйебай» ,-деп шұбыртып ала жөнелдім»(130-б),-дейді.

«Сенің жасыңда, жәй жігіт, мына ыстықта басына қалпақ киіп, қолына таяқ ұстамайды. Ол үшін не бөркі айналған тентек немесе шығармасы жаңа ғана баспа жүзін ақын, жазушы болуы керек. Тентек деуге қимадым. Дәуде болсаң, жас ақынның бірісің ғой деп ойладым»,-дейді Б.Майлин: «Ең жақсы ұстаз – өмір» деген, ақылын айтып, кеудесіне нан пісіп келе жатқан тәкаппар ақынды кішіпейілділікке шақырады. Өзінің Уфа қаласында өткен жастық шағы туралы әңгімелерін айтып береді. Қазақ совет әдебиетінің қабырғасын қаласқан: Сәкен, Сәбит, Ілияс, Мұхтар, Ғабит, Ғабиден, Тайыр шығармалары туралы өз пікірін ортаға салды. «Ал, Қажым, «бір күн жолдасқа, қырық күн сәлем» деген аз уақыт болса да, жолдас болдық. Сенің жақсы ақын, үлкен адам болуыңа тілектеспін. Бірақ «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халық мақалын ұмытпа» (138-б) ,- деп, жүргелі тұрған поезға барып отырады. («Қажым Жұмалиев 100 жыл. «Белестерден биікке өрлеу» Алматы, 2007, 38-40-б. Авторлары М.К.Жұмалиев, Қ.М.Жұмалиев, Т.Қ.Жұмалиева).

2020 жылдың қараша айында Алматы қаласында іссапарда болып, академик Қажым Жұмалиев атамыздың ұрпақтарымен кездесіп, өзі тұрған үйде болып үлкен әсермен оралған болатынмын. Сол сапарда Қажым атамыздың немересі Қажым Махамбетұлы Жұмалиев ініміз музейге жәдігерлер ұсынған еді. Солардың ішінде ерекше көзіме түскені атамыз киген қалпақ еді. Бұл қалпақтың ерекшелігі - 1950 жылдан бері пайдаланылса да сапасын жоғалтпағаны. Қалпақтың түсі жасыл, дөңгелек пішінді, фетрдан жасалған. Шыққан жері жоғарыда аталған Tonak фирмасынан шыққан Чехословакиялық өнім. Ішкі беті ақ, қоңыр түсті жылтыр, мықты атлас матамен көмкерілген, қалпақтың адамның басына тоқайласар жері үш сантиметрдей былғарымен көмкерілген. Сол былғарыға екі қатардың үстіңгі бөлігіне 1799 Tonak деп, эмблемасымен бірге, астына MADE IN CZECHOSLOVAKIA деп жызылған. Сонымен қатар дөңгелек шеңбердің ішінде «56» деп бас киімнің размері жазылған. Қалпақтың сыртқы бөлігін де қоңырқай жұқа 3 сантиметрдей лентамен көмкеріп, екі басының түйіскен жерін бантиктеп тіккен. Міне, М. Мералиев атындағы тарихи-өлкетану музейіндегі кезекті бір жәдігердің тарихы осындай.

Нұрлан Құмарұлы,

М.Мералиев атындағы тарихи-өлкетану

музейінің меңгерушісі,

Қаратөбе аудандық мәслихатының

депутаты

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале