26.02.2021, 12:15
Оқылды: 92

Ғибратты ғұмыр иесі

Ұстаз ұлы тұлға. Саналы өмірін бала тәрбиесі мен білім беру саласына арнаған бүгінгі кейіпкеріміз ұстаздық жолды таңдағанына еш өкінген емес. Біз бүгін 40 жыл білім саласында, соның ішінде 28 жыл мектептің директоры болған ұстаз Асан Жүсіпов жайлы материалды назарларыңызға ұсынамыз.

 ұс1

Асан Сапарұлы Жүсіпов 1948 жылы 8 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы Қоңыр ауылында дүниеге келген, осы өңірдің төл перзенті. Бастауыш білімді ауылда, орта білімді Жымпитыдан алып, жоғарғы оқу орнын 1971 жылы бітіріп, еңбек жолын А.Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебінде қатардағы мұғалімдіктен бастаған.

1972 -73 жылдары Кеңес әскері қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеп келді. 1973-79 жылдары  өз мектебінде жұмысын жалғастырып, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына дейін көтерілді. Сол жылдары аудандық партия және атқару комитеттері жас маманның еңбегін ескеріп, 1979  жылы Қособа мектебіне директор етіп тағайындады. Себебі, бұл елді мекенде жаңадан 464 орындық типтік жобамен салынуға тиісті құрылыс тоқтап тұрған болатын. Осы мектептің құрылысының жанданып, іске қосылуына септігін тигізіп, материалдық базасын заман талабына сай жабдықталуына еңбек етті. Жанұя жағдайымен  1984 жылы туған ауылға қайта оралып, селолық кеңестің төрағасы болып қызмет атқарып жүргенде де өз ауылындағы мектептің жағдайы, ата-аналардың талап-тілектері елін сүйетін азаматтың назарынан тыс қалған жоқ. Өйткені бұл мектептің Асан Сапарұлы үшін орны бөлек болатын.

ұс2

Бір жағынан өзі білім нәрін алғаш татқан алтын ұя болса, екіншіден, әкесі Сапар Жүсіповте елуінші жылдары осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, анасы Сәбила Нұғыманова 1963-73 жылдары мектеп директоры қызметін атқарған. Сондықтан мектеп тағдыры ол үшін ата-анасының аманатындай қымбат, қастерлі еді. Сол кездегі оқу корпусының оқушылардың еркін білім алуына тарлығы, ескілігі ел ағасын бейжай қалдырмады. Мектептің тіреулермен тұрған оқу бөлмелерін суретке түсіріп, жоғары орындарға жіберіп, кезінде аудандық партия комитетінен сөгіс те алдырған еді. Бірақ та өз ісіне тиянақты қайсар жан алдымен ескі мектептің орнына жаңа оқу корпусының салынуына, кейін үш қабатты зәулім ғимараттың салынуына септігін тигізді. Міне содан бері жиырма отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Асан Сапарұлы да осы жылдар бойына мектеп директоры қызметін үздіксіз абыроймен атқарып келді. Өзіне деген сенімді жауапкершілікпен ақтауда Асан Сапарұлы іскер, байсалды, өз ісіне жетік, шебер ұйымдастырушы, кішіге арқа сүйер ағалық қасиеттерімен ерекшеленеді.

ұс3

Ұстаз, шәкірт сөздері біздің халқымызда өте қадірлі, қастерлі ұғым. Олар білімділік, әдептілік, көрегендік, имандылық, кішіпейілділік, даналық, парасаттылық мағынасында қабылданып келетін игі қасиеттер. Осы қасиеттердің барлығы тұла бойынан табылатын Асан Сапарұлы Қоңыр ауылы, қала берді Сырым ауданының ұстаздар қауымында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі. Ұстаздың  әрбір сабағын шәкірттері асыға күтетін. Ол сабақтардың танымдық жағы түсінікті, тиянақты білім алуға негіз болып келетін. Халықтық педагогикаға арқа сүйеген, жаңалыққа жаны құмар, әрбір шәкірттің тиянақты білім алуымен қатар өнерлі, өмірге бейім болып ержетуіне көп көңіл бөлді. Өйткені дені сау адам – қоғам байлығы екенін басты принцип етіп ұстанған мектеп басшысының ұстаздармен жұмыла отырып жеткен жетістігі мол еді.

Асан Сапарұлы мамандығы географ-биолог болғандықтан мектептегі тарихи-өлкетану жұмыстарына зор ықпалын тигізді. 1988 жылдан бастап мектепте туризм-өлкетану үйірмесі жұмыс жасап, мектеп мұражайы 2007 жылы облыстық байқаудың жеңімпазы ретінде «Хрусталь шоқырына» ие болды.

ұс5

Мектептегі оқу процесінің кабинеттік жүйемен жұмыс істеуі  шәкірттердің пәндік білімдерін, пәнге деген қызығушылығын арттырудың бірден бір жолы деп есептеледі. Бір кездері өзі ұстазына балап, ағасындай құрметтеген Бақытжан Жанғазиев тәрізді ұстаздардың сабақта қолданған озық тәжірибелерін әрқашан есте ұстап, мұғалімдерге үлгі етіп отыратын. Асан Сапарұлының қарапайым да халық жанын түсінер игі қасиеттерінің бірі – кішіге қамқорлығы. Әрбір жыл сайын мектеп қабырғасынан түлеп ұшып жатқан шәкірттің жадында ол жасаған жақсылықтың мейірім шуағы кеткені сөзсіз. Әсіресе ұстаздардың алаңсыз білім беруі үшін қолынан келген жақсылығын аямай, терең теориялық білім алып, оның тәжірибеде ұштасуына себепкер бола білді. Халық сеніп тапсырған істі жауапкершілікпен атқарып келе жатқан Асан Сапарұлы осындай іскер де жігерлілікпен аудан, облыс халқының назарына ілінген тұлғалардың бірі. Оған куә – бірнеше дүркін облыстық  білім басқармасының Құрмет грамотасының иегері атанып, облыстық білім басқармасының Құрмет тақтасына (2008 ж) ілінуі, аудандық «Нұр Отан» партиясының ІХ конференциясынан облыстық конференцияға делегат болып сайлануы, «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалінің иегер атануы..

Ұстаз... Осы сөзде қаншама мән-мағына жатыр. Олар дихан сияқты әр адамның жанына білім нәрін себеді, өмір деген шексіз әлемге қанатын қатайтып ұшырады. Сондықтан ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Олардың алдынан ұлағатты ой иелері де диханшы да, парасатты қоғам қайраткерлері де өткен. Асан ағамыз басқарған А.Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебін бітіріп, еліміздің түкпір-түпірінде халыққа қызмет етіп жүр.

 

Жанболат Ақшолақов,

шәкірті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале