Биыл арынды ақын, жалынды жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына – 175 жыл. Қазақ айтысының тарихын зерделеп, мұраларына көз салсақ, алдымен көзге ілінетіні де осы жыр алыбының шығармалары. Ол – айтыс өнерінде алдына қара салмаған хас жүйрік, сөз сүлейі Сүйінбай бабасынан тәлім алған тума талант.
Таяуда қаламыздағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлтымыздың ұлы тұлғасы, жыр дүлдүлі Жамбыл атамыздың мерейтойына арналған «Ұлы дала жыршысы» атты ізгі шара өтті. Онда алдымен қос ғасырдың куәгері болған Жамбыл ақынның өткен өмір белестеріне, айтыс өнерінде артына қалдырған айшықты іздеріне қысқаша шолу жасалып, солардың ішінде Жамбыл мен Құлмамбет айтысының шоқтығы биік екеніне ерекше назар аударылды. Нақтырақ айтсақ, өз кезегінде аузымен құс тістеген Құлмамбетті сөзден сүріндіруі бала Жамбылдың дара Жамбылға айналуының бастау-бұлағы іспеттес.
Ал енді сонау Алатаудың етегіндегі Жетісу топырағында туған дала дарынын мынау Ақ Жайық өңірімен тығыз байланыстырып тұрған не десек, ол қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жерлесіміз Т.Жароковпен тығыз қарым-қатынаста болуы еді. Әрі қазақтың Маяковскийі атанған Тайыр ақын – ғасыр жасаған жыр дүлдүлінің көкірегінен төгілген көптеген өлең-термелердің жазбаша нұсқасын жасап, кейінгі ұрпаққа жеткізген адам. Бұл күнгі шара барысында да осы жайттар тілге тиек етіліп, аталмыш орталықтың бір топ ақындары жырдан шашу шашты. Сөз сайысына түскен бүгінгі бала Жамбылдардың қатарында халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері Талғат Мықи, есімі елге ерте танылған жүйрік Айнабек Бисенғалиев, әр сөзі мірдің оғындай Мұрадым Мирланов және аламанда алқынбай шабатын жас пері Райымбек Өтеповтер болды.
Бірден айтайық, аттары алыс-жақынға танылып үлгерген, қара сөздің қаймағын қалқып ішкен аталған ақындарымыздың осы жолғы өзара айтыстары «бір қайнауы» кем дүние көрінді. Әрине, көрерменнің аздығы, өздері айтқандай, денсаулықтағы кінәрат пен «ұйқыдан ояна салып» жарысқа түсу сияқты түрлі жағдаяттар да өз септігін тигізген болар. Көңілде бөтен ой жоқ, біз де сөз баққан, оның астарын бағамдай алатын қара шаңырақтың бір өкілі ретінде ағалық назымызды ғана айтып жатырмыз. Әрі «Ақын» деген ардақты атты арқалап жүрген соң, шынайы жүйріктерге қуған жел де жетпеуі керек қой. Атам қазақ «Аяғыңнан сүрінсең, тұрып кетерсің. Тіліңнен сүрінсең, құрып кетерсің» деп тегін айтты деймісіз?!
Айтпақшы, айтыс арасында Жамбыл ақын жырлары мен жүректі тербеген әсем әнге де кезек берілді. Әсіресе, Элдар Ихсанов пен Ерсайын Саян оқыған «Артықша туған азамат», «Сараң бай мен Жомарт кедей» атты өлеңдер мен республикалық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты Назгүл Қабиева шырқаған «Жаз» термесі құлақтан кіріп, бойды алды. Қоңыр қыздың қоңыр үні «Шарықтай түс, шарықта» дегізерліктей, шара шырайын ашып кетті.
Айтыс өнерінің алдаспаны болған ұлы ақынды ұлықтайтын ұрпағы мен ұмытпайтын ұлты барда Жамбыл есімі өшпесі хақ.
Бауыржан Бисенов,
zhaikpress.kz