Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік тілде жарнама мәтінінің дұрыс жазылуы, қоғамдық орындарда тіл туралы заң талаптарының сақталуына қатысты мәселе талқыланды.
Жиында Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев ҚР «Тілдер туралы» заңы аясында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуына қатысты ақпарат бөлісті.
Бөлім басшысының баяндаған мәліметі бойынша 2020 жылы шаһардағы 53 көше, даңғыл және шағынаудан аты жаңартылды. Солардың бірқатары ұлттың біртуар тұлғалары Абай Құнанбайұлы, Григорий Потанин, Исатай-Махамбет, Ілияс Есенберлин, Хиуаз Доспанова, Құныскерей, Әбіш Кекілбаев, Қайрат Жұмағалиев, Герольд Бельгер есімімен аталып отыр. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мерейтойы қарсаңында хакімнің қанаттары сөздері насихатталып, Абай алаңындағы ескерткіш-тақтаға қашалып жазылды, тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Ұрпаққа баба тілін насихаттаудың маңызы зор екені мәлім. Орал қаласы бойынша мектептердің орыс сыныптарында қазақ ұлтының 8269 баласы білім алуда. Яғни қаладағы жалпы қазақ оқушыларының 16,5%-ын құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,6%-ға ғана кеміген. «Қазақ мектебіне қадам басайық» тақырыбында ата-аналарға түсіндіру жұмысын жүргізуді жалғастырамыз», - деді Серік Қайырлиев.
«Бірге түзетейік!» акциясы бойынша көрнекі ақпараттың мәтіндеріндегі, мекеме ғимараттарының маңдайшалары мен жарнама тақтайшаларындағы қателерді түзетуге қала тұрғындары белсене қатысып келеді. Еріктілер жылында М.Өтемісұлы атындағы БҚУ филология факультетінің студенттері сауда үйлері мен базарларға, тамақтану орындарына барып, «Тілдер туралы» заңның 21-бабы бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары облыстық «Қазақ тілі қоғамымен» бірлесіп, көрнекі ақпарат тілін барлау мақсатында мониторинг жүргізді. Мониторинг тобы жалпы 700-ге тарта мекеме-ұйым мен кәсіпорынға барды. Соның ішінде 236 нысанға ескерту хат берілді, 107-сі заң талабына сәйкес түзету енгізіп, көрнекі ақпарат материалын қайта орнатты. Көптеген жарнама кеш түзетілуде. Бұл бағыттағы жұмыс қоғам белсенділерімен «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруды» қажет етіп отыр. Тіл жанашырларымен бірлесе қызмет атқару үшін іс-қимыл алгоритмі жасалған.
Облыстық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Абдулманов «Көрнекі ақпарат пен жарнама жазуда ұшырасатын мәселелер туралы» баяндама жасады. Қоғамдық бірлестік қала көшелеріндегі көрнекі ақпараттың тілдік, этикалық, моральдік тұстарына мән беру, тіл заңнамасының орындалуын бақылау, жарнама берушілерге, көрнекі ақпарат таратушыларға «Тілдер туралы» заң баптарын түсіндіру, мемлекеттік тілде жарнама жазу және көрнекі ақпарат таратуда аудармашылық-әдістемелік көмек көрсету, заңбұзушылық болған жағдайда арнайы хат жолдап ескерту мақсатында жұмыстанған. Ғимарат маңдайшасында қаріптердің түсіп қалғанына қайғыра қоймайтындар кездессе, бірқатар мекеме көрнекі ақпаратты орыс тілінде андағайлатып қояды. Жарнама мәтіні аудармасындағы сәйкессіздіктен көз сүрінеді. Одан қала берді, құлақтандырудың қазақша нұсқасын әрлеймін деп «бет қызартатын» сөз тіркесін жазып қойғанын байқамайтындар бар.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы, филология ғылымының кандидаты Болат Жексенғалиев қоғамдағы тілге қатысты келеңсіздіктің түп салдарына үңілді.
– 1995 жылы Орал қаласы әкімдігінің ғимаратындағы тап осы залда көрнекі ақпарат пен жарнама тіліне байланысты алғашқы жиын өтті. Сонда «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» деген Абай сөзінен бастап баяндама оқыдым. Содан бері 25 жыл өтті. Өкінішке қарай, мен мұны қазір басқаша айтуға мәжбүрмін. Сөз түзелген жоқ, тіл бұзылды, ағайын! Енді «Тілді түзе» деп айту керек. Бұл – мойындайтын шындық. Қазақ тілі бәсекеге қабілетті тіл бола алмай отыр. Бір-бірімізді кінәлаудың қажеті жоқ. Оған бір ғана себеп бар. Қазақстанда қазақ тілін білудің қажеттілігі болмады. Тілге қатысты түйткілдің шешілмеуі – заңдық-құқықтық жолмен реттелмеуіне байланысты болып отыр. Алдымен, тіл заңдылығын талап етіп, ресми хат жолдағанда «Қазақ тілі» деген сөздің орнына «Мемлекеттік тіл» деген сөзді қолдануды ұсынамын. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Бұл талап – мемлекеттік құрылымдарға келген және қазақ тілін білмейтін азаматтарға арналған. Мәселен, орыс тілінде сұраныс жасаса, сол тілде жауап беру үшін ғана қажет. Заң түзелмейтін болса, тіл басқармасының да, қала әкімдігінің де қолынан келер қайран жоқ. Мәселен, ҚР «Жарнама туралы» заңында «Жөнсіз жарнама» бойынша мемлекеттік тілдің лексикалық және стильдік нормаларын бұзуға қатысты талап көрсетілмеген. Содан кейін кінәлі тұлғаға қалайша айыппұл саласың? Мемлекеттік тілге деген немқұрайлы саясат биліктің ең жоғарғы буынынан бастап ең төменгі буынына дейін жалғасып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деді. Тіл деген үлкен саясат. Отыз жыл бойы мемлекеттік қызметшілерді қазақ тілінде тегін оқыттық. Ақиқатын айтайық, одан ешқандай нәтиже болмады. Ал еврейлер 300 жыл бойы жоғалып кеткен тілін 15 жылда тірілтіп алды. Мен өзім қазақ тілін жетік білсем де, мемлекеттік тілдегі заңды түсінбеймін. Орысшасын оқып барып қана ұға аламын. Жарнама кеңістігін Ресей тауарлары жаулап алды. Олардың тауарларындағы жазу «калька» тәсілімен, яғни сөзбе-сөз аударылуда. Мәселен, «жиһаз жұмағы» деп қояды. Бұл жерде сөз аударылды, бірақ ой аударылған жоқ. Сондықтан тіл кеселіне қарсы тұру үшін бірігу керек. Кәсіпкерлер арасында жаңалық ашуға талпынып тұрған жалынды жастарды осындай ортақ игі іске тарту керек. Қазақстанда өте зор бәсекелестік орта қалыптасып келе жатыр. Соған қазақ тілі жұтылып кетпес үшін ерте қамданайық. Бір-бірімізге кеңес беретін, бір-бірімізге ақыл айтатын қоғам болсақ қана ұтамыз. Жарнама тіліне байланысты халық арасында сауалнама жүргізуге болады. Сауалнама – тілдегі түйткіл шешіміне қоғам назарын аудару үшін таптырмайтын құралдың бірі, - деді Болат Жексенғалиев.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов тілдерді дамыту басқармасы және басқа да өкілетті құрылымдармен бірлесіп, қазақша нұсқасы ақсап тұрған жарнама тілін дұрыстау мақсатында түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты. Дегенмен мемлекеттік тілге деген құрметтің күшеюіне идеологиялық тұрғыдан серпін беру кәсіпкерлердің де тілдегі түйткілге белсенді назарын аударуына басты себеп болатынын атап өтті. Көрнекі ақпаратты сауатты жазуды талап етумен мемлекеттік тіл мәселесі түбегейлі шешілмейді. Түптеп келгенде, тіл сауаттылығының көшін түзеуге қолданыстағы заң талаптары ықпал ете алмай отыр.
Нұржан Мақсотов бизнес иелері үшін әдістемелік тұрғыда нақты бағыт сілтеп отыратын мекемені белгілеп берудің ықпалы ерекше болатынын тілге тиек етті.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Светлана Ғаниева бұрын қолданыста болған келісім парағын қалпына келтірудің маңызы зор екенін құптай сөйледі.
«Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 24-26 баптарында сатушыға (дайындаушы, орындаушы) ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде сауатты жазу нақты ұсынылып отырғанын, осының негізінде жауапкершілікке тарту мәселесін қағалаушы құрылымдар назардан тыс қалдырып отырғанын айтты.
Нұрлан Сәдір қала логотипіндегі шаһар атының орысша жазылған нұсқасы жоғары бөлікте орналасқанын, әкімдіктен соны түзетуді бірнеше мәрте талап еткенімен, ұсыныс күйінде қалып қойғанын жеткізді.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жиынды қорытындылай келе, барлық мәселе назарға алынып, хаттамаға енгізілетінін айтып, жергілікті деңгейде жүзеге асыруға болатын ұсыныстардың бірқатарын орындау үшін бөлім басшыларына тапсырма берді.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz