Әбілқайырдың шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкейдің бел баласы Жәңгір – Бөкей ордасының соңғы ханы. Ол Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде жатып, еуропаша білім алған, халықты басқарудың әдіс-тәсілдерін ерте үйренген. Жәңгір ел билеген 22 жылда өңірде көптеген реформа жүзеге асқан. Жасқұста сәулетті шаһар – Хан ордасын салдырғаны көпке мәлім. Сондай-ақ араб, парсы, неміс, орыс тілдерін жақсы меңгерген, көркем әдебиетті, мерзімді баспасөзді тұрақты оқыған, танымдық басылымдар мен шығыстың көне кітаптарын жинаған. Өз сарайында мазмұнды кітапхана ұстап, қару-жарақ бөлмесін жасақтаған. Әрі бөкейлік қазақтардың орта және жоғары оқу орындарына түсіп, білім алуына айрықша қамқорлық жасаған.
Жәңгір 1831 жылы Орынбор генерал губернаторы Эссенге хат жолдап, мектеп үйін салуға келісімін алады. 1841 жылы ішкі Орда қазақтарының балаларын орысша оқыту үшін бастауыш мектеп ашылады. Жылына үш рет мектеп оқушыларының тізімі мен үлгерім бағалары ханға көрсетіліп, оқушылардан сынақ алынып отырған. Алғаш ашылғанда мектепке небәрі 25 оқушы ғана тартылған. Айта кетелік, мектеп сол кездің өзінде екі кластық училище деп аталса, алғашқы оқушылардың қатарында Ахметкерей Хансұлтанов, Мұхамбетше Байтүменов, Сұлтан Бажақов, Сұлтан Исмайл және Мәжит Шомбалов сияқты ұлт зиялылары оқыған. Шәкірттердің ең үлкені 22-де, кішісі 9 жаста болыпты. Оларға алғаш дәріс берген және мектептің меңгерушісі болған хан ставкасының жоғары білімді мал дәрігері Константин Ольдекоп. Мектепте орыс, араб, татар тілдері, арифметика, география, тарих пәндері оқытылған. Мұнда 20 балаға арналған пансион да ашылған. Ал шығыс тілдері мен дінтанудан жоғары білімді молда Хакимжан Мұхамед Аминов дәріс оқыпты. Жәңгір училищесі 1891 жылдың 6 желтоқсанында өзінің 50 жылдық мерейтойын тойлағаны да тасқа басылған тарих. Осы жылдар аралығында аталмыш білім ұясынан 2000-нан астам түлек сауат ашса, соның 250-ге жуығы оқудың толық курсын бітіріп шыққан.
Өткен тарихқа көз салсақ, 1851 жылы Неплюев кадет корпусын 37 адам бітірсе, солардың ішінде Аслангерей Бөкейханов, Сұлтанмахмұт Жантөрин, Зұлхарнай Нұралыханов, Мұхаметжан Бекмұхамедов, Сұлтан Шалабаев, Мұхаммед-Салық Бабажанов, Мырзағали Саңғырықов және Жүсіп Ниязов секілді сегіз бөкейлік болған. Айтпақшы, 1848 жылдың 22 наурызында шыққан арнайы өкімнен кейін Жәңгір мектебі мемлекет қарауына алынып, оған жылына 1404 сом қаражат қарастырылыпты.
1879 жылы аталмыш мектеп Халық ағарту министрлігінің екі кластық училищесі болып қайта ашылса, 1905 жылы ол төрт кластық қалалық училищеге айналады. 1908 жылы оның жанынан бөлім және старшын мектептері үшін оқытушылар даярлайтын екі жылдық педагогикалық курс жасақталып,1920 жылы соның негізінде Бөкей халық ағарту институты өмірге келеді. Одан кейін, яғни 1923-1928 жылдары институт педагогикалық техникумға ауысып, директорлығына К. Ғабдырахманов тағайындалған. Ол Қазан қаласындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітірген, білімді, мәдениетті, оқыған-тоқығаны мол ұлағатты ұстаз болған. Осы ретте 1930-1935 жылдары осынау қара шаңырақ жастар мектебіне айналдырылса, 1936-1939 жылдары ол орталау мектепке көшіп, оған жазушы Максим Горький аты берілгенін де ай-та кетелік. Тәуелсіздіктің беташар жылында Орда орта мектебі деп аталып, өзінің 150 жылдық мерейтойын тойласа, өткен ғасыр соңында бұл қара шаңыраққа Жәңгір хан есімі берілді.
Міне, жылжыған жылдардың жетегімен мектебіміз биыл өзінің 180 жылдық торқалы тойына қадам басты. Бүгінде заман өзгеріп, адамдар жаңарғанымен, қара шаңырақ өзінің қалыпты дағдысынан айныған жоқ. Мақсат – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Әрине, қазақ сахарасындағы тұңғыш мектеп болғаннан соң кеудені мақтаныш сезімі кернейтіні рас. Десек те, аға ұрпақтың сара жолын лайықты жалғастырып, абырой мүддесінен көріну оңай іс емес. Тарих тақтасына аттарын алтын әріптермен жазып қалдырған аға-апаларымыз қаншама?! Олардың есімдерін ел-жұрты әр кез мақтанышпен ауызға алады. Алда мектеп мұражайын қайта жаңартып, аулаға кіреберіс, сол жақ қанатқа сол ардагер ұстаздарға арналған аллея жасасақ деген ойымыз бар. Ал Жәңгір хан ескерткіші оң жақ қанатқа орнатылса дейміз. Мұның бәрі келер күннің еншісіндегі шаруалар.
Қазіргі күні мектебімізде 87 мұғалім қызмет атқарып жүрсе, оның 81-і жоғары білімді мамандар. Біліктілік санаттары бойынша айтсақ, педагог-зерттеуші – 20, педагог-сарапшы – 23, педагог-модератор 10. Бұған қоса, жоғары санатты – 2, І санатты – 4, ІІ санатты 10 маман бар. Әр жылдары ізденімпаз ұстаздарымыз бен талантты шәкірттеріміз қол жеткізіп келе жатқан жетістіктеріміз өз алдына бір төбе. Солардың бірқатарын ғана тілге тиек етсек, қос ұстазымыз А. Наурызова мен Б. Сабырованың «Жаңартылған бі-лім беру бағдарламасы аясында қазақ тілі пәнін оқытудың инновациялық тәсілдері» тақырыбындағы әдістемелік құралы республикалық жинаққа еніп таратылды. Ал «Ұлы даланың руханияты – ұлт болашағының негізі» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияда тарихшы әріптестеріміз К. Сабырова, Г. Бисекенова және Г. Алмурзинаның мерейі үстем болды. География және биология пәні мұғалімдері Н. Шарафетдинов пен Н. Мұқашева «100 жаңа есім» жобасына байланысты облыс әкімінің алғысхаты мен арнайы сертификатқа қол жеткізді. Мектеп мерейін асырып, мәртебесін асқақтатып жүрген ұл-қыздарымыз қаншама?! Аты-жөндерін тізіп кетсек, оның өзі бір шоғыр болар еді.
«Өзіңде бүршік жарған арман бұла,
Ұшырған талай қыран, тарланды да.
Мектебім – қасиетті мекенімсің,
Мәңгілік Жәңгір ханнан қалған мұра» деп мектебіміздің түлегі, ақын Ғайсағали Сейтақ жырлағандай, қара шаңырақтың қадір-қасиеті осылайша жыл өткен сайын арта түсері хақ.
Медет Мусин,
Жәңгір хан атындағы
орта мектептің директоры,
Бөкей ордасы ауданы