9.03.2021, 10:22
Оқылды: 58

Балабақша жайлы болмай, баланың бабы табылмас!

Халық қалаулылары үшін «Депутат мінберін» ұсынып отырмыз. Әсіресе аудандық мәслихат депутаттары мәселе-сауалдарын, ұсыныс-пікірлерін, азаматтық үні мен жайайқайын алдағы уақытта осы мінберден білдірсе дейміз. Тек, «Қолдаймыз! Жасаймыз!» деген жалаң ұрандардан қашсақ екен. Билікке мәселенің шынайы болғаны, халыққа оның шешілгені керек. Бүгін сырымдық депутаттарымыз балабақша жайлы базына айтып отыр. 22E4370C-DA7F-4F18-A5B9-81F73BE087C6

 Балаға берілетін тәрбие мен білім мәселесі - мемлекеттің басты назарында болуы керек. Еліміздің ертеңі - балаларымызға бөлінетін көмек пен жасалатын жағдайға көңілі толмайтындар көбеюде. Неге?! Себеп көп. Сәби дүниеге келгенде берілетін бірреттік жөргекпұл басқа мемлекеттермен салыстырғанда мардымсыз, бала басына берілетін жәрдемақы шай-пұлдан артылмайды. Аудан мен ауылдық жерлердегі балабақшалар сын көтермейді, жеке балабақшалар тым қымбат, айта берсең толып жатыр.

08857EDB-2A70-4D92-842F-33A1EBEDC8D1 Біз мынаны ескеруіміз керек. Мектепке дейінгі тәрбие, біздің бар-жоғымызды күтіп отырмайды. Кезегін күткен балалар, қазақтың ұлттық «балабақшасы» - ата – әжелерінің қолында өседі. Олар болса, уақыт зу етіп балабақша емес, мектепке баратын жасқа жетеді. Кейбір әулеттер үшін балабақша мәселесі осымен жойылып кетеді. Бірақ қаншама мыңдаған отбасы осы мәселемен бетпе-бет келуде. Себебі туу көрсеткіші артуда, бала санында өсім бар, шүкір.

Дүниеге келген әр сәби ата-ана мейірімін көріп, мемлекеттің қамқорлығын сезініп өсуі қажет.  Міне, бала үшін жасалатын қамқорлықты, берілетін жәрдемақыны, білім беруді, тәрбие ошақтарын жетілдіре осы талаптан туып отыр. заман талабы.

Бала тәрбиелеу, әсіресе бүгінгі бүлдіршінді таңқалдыру оңай ма? Техниканың дамыған заманында «іштен оқып туған» баланы заманауи бөбекжай - балабақшалармен ғана алаңдатуға, сол арқылы тәрбие даңғылына салуға болады деп ойлаймын. Үлкен қалаларда жаңадан салынған балабақшалар көздің жауын алып, баланы қызықтыратын шығар, алайда аудандар мен ауылдардағы балабақшалардың сын көтермейтіні анық. Ұзын жолдың торабындағы тарихи аудан болып саналатын біздің Сырым ауданының орталығында жалғыз ғана «Балдырған» балабақшасы бар. Оның жоқ-жітігімен, айтар мұң зарымен аудан билігі де, білім беру бөлімі де жете таныс. Алайда осындай мәселелердің жоғарғы Үкіметке, білім министрліктеріне жетіп жатыр ма? Осыған күмәнданады екенсің. Терезелері мен есіктері 50 жылдан бері түк өзгермеген алқам-салқам ғимаратты көргенде жаның ауырады. Кез келген үйдің ауласында тұрған ойын алаңы аудандағы жалғыз балабақшаға бұйырмағасын не дейсің? Қолдан жасалған қоршау мен жылына бір сырлап өңін келтіріп, ала жаздай бала ойнайтын тақтай терассалар қай ғасырдан қалды екен?  

Ұжымның қуаттылығына сөз айта алмаймыз. Балабақша мекемесі 26 педагог, 13 тәрбиеші, меңгеруші, әдіскер, психолог, әлеуметтік педагог, дефектолог, логопед, 2 музыка жетекшісі, 2 дене шынықтыру нұсқаушысы, орыс тілі мұғалімі, сурет пәні мұғалімі, хореограф секілді мамандармен толық қамтылған. Олар 145 бүлдіршінмен бір отбасындай тіршілік жасауда. Заманға сай қымбат ойыншықтар мен робот техникалар, құм сурет салатын құрылғыларды көз шалды. Бүгінгі баланың сұранысына сай дүниенің бәрі бар сияқты көрінеді. Әдемі ойыншық пен балалардың жарқын бейнесін көріп көңіл жадырайды. Ал ескі ғимаратты көріп, сол көңіл тағы күндей бұзылады. «Түлкінің қызылдығы өзіне сор» - дегендей, бала тәрбиесімен айналысқан жерде мектеп пен балабақшаның тексерістен көз ашпайтыны шындық нәрсе. Осыдан жарты ғасыр бұрын арнайы балабақша үшін салынған, сәйкесінше тозығы жеткен ғимарат заманауи стандарттар – талаптарға жауап бере ала ма? Аудандық білім бөлімі не дер екен?

Қыс болса азынаған жел кірмесін деп қымталып, жамалған, сыр қатқан ағаш терезелердің өңі кетіп түр. Іргетасы шатқаяқтаған, іргеден жел соққан балабақшада ішкі температура мен жылу режимінің талапқа үйлеспейтіні айтпаса да түсінікті.

Қысқасы аудан түрлі ғимараттарға зәру. Жымпитыға ең керегі - балабақша. Аудандағы балалардың шаңырағы күрделі жөндеуді қажет етеді және болашақта жаңа ғимарат салынса нұр үстіне нұр болады. Балабақша жайлы болмай, баланың бабы табылмайды.

А.Ойшыбаева,

аудандық мәслихат депутаты,

штаттан тыс тілші

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале