9.03.2021, 12:16
Оқылды: 165

«Мамандығым – мәл дәрігері»

- Мен кішкентай кезімнен дәрігер болуды армандадым. Тіпті мектепте «Болашақ мамандығым» тақырында жазған шығармаларымда үнемі дәрігер боламын деп жазатынмын. Бірақ 11-сыныпқа келгенде өзімнің нақты мал дәрігері болғым келетінін түсіндім. Үнемі әкемнің қасында жүріп, малдан төл алу, оның күтіміне аса мән беруі – менің осы мамандықты таңдауыма сеп болғандай. Оның үстіне ветеринария саласы өте қызықты, ешқашан іш пыстырмайтын мамандық, - дейді бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Ләззат Бағдатқызы.

 IMG-20210302-WA0104

Ләззат Жапалақова Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің «Ветеринария» факультетіне оқуға түсіп, білім ордасын «қызыл» дипломмен бітіреді.

Өмір заңымен 2011 жылы Азамат Қожақовдеген азаматпен бірге шаңырақ көтеріп, бір жылдан соң Қарағаш ауылына көшіп келеді. 2016 жылы ауылда мал дәрігері лауазымына тағайындалады.

«Жасыратыны жоқ, басында жұмысқа кіргенде қатты қиналдым. Оның үстіне ауылда жалғыз мал дәрігері болған соң, жүздеген малдан сараптамаға қан алып, жануарлардың уақыты түрлі аурулардан алдын алу мақсатында егу жұмыстарын тек жалғыз өзім жүргіздім. Кейін осы жұмыстарды атқара жүріп бәріне үйрендім деп айта аламын. Ең бастысы – өз жұмысыңды ұнатуың керек. Мен ешқашан малдан жиіркенбей, емдеу жұмыстарын жүргіздім. Қиналған малдың төлдеуін жеңілдетіп, оның жаңа туған қозысын немесе бұзауын көргенде бір марқайып қаласың», - дейді ол.

Осыдан екі-үш жыл бұрын өңірімізде бұрын-соңды естімеген, көрмеген «модулярный дерматит» дегенауру шыққан болатын. Малдың үсті қаптаған жарадан, іштей қыздырған қызудан Зеңгі баба түлегі қиналып, өлгені баршаға белгілі. Осы орайда Ләззат ауыл бойынша дерматит ауруына шалдыққан 29 бас ірі қарадан бірде-бір шашу шығармай, күндіз-түні емдеуінің арқасында барлығын да аман сақтап қалады.

Бүгінде жолдасы Азамат та мал дәрігері қызметіне орналасуына орай Ләззат көбіне құжат рәсімдеу барысымен айналысады. Әр жануарды уақытылы «Ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру» базасына енгізіп, анықтама беру, ай сайын есеп тапсыру секілді жұмыстарды жүзеге асырады.

Үш қызғалдақтың анасы, аяулы жар Ләззат жұмыстың қиындығына мойымай үйде де, түзде де жұмысты қатар алып, ауылдастарының алғысына бөленген жан.

 

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале