16.03.2021, 9:47
Оқылды: 43

Бақылау бекеттерін күшейту керек

Өткен апта соңында облыс әкімдігінде фитосанитарлық-ветеринарлық бақылау және қадағалау бекеттерінің жұмысы бойынша штаб отырысы өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты.

 Бақылау бекеттерін күшейту керек

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен шекаралас алты аумақта агроөнеркәсіптік кешен өнімдеріне бақылау және қадағалау жүргізетін фитосанитарлық және ветеринарлық бекеттер бар. Қазіргі уақытта мамандар жетіспеушілігіне байланысты тек «Сырым» және «Тасқала» фитосанитарлық бақылау бекеттері қызмет атқаруда. Ал қалған бекеттер мобильді топ негізінде жұмыс істеуде. Карантинге жатқызылған өнімдерді тиеген жүк көліктері  негізінен Бәйтерек ауданында орналасқан «Сырым» мемлекеттік автомобильді шекара бақылау бекеті  арқылы өтуде. Фитосанитарлық бақылау бөлімшесінің инспекторлары 2020 жылдың 31 наурызына дейін мемлекеттік автомобильді шекара бақылау бекеті аумағының сыртында қызмет атқарды. Осы кезде карантинге жатқызылған өнім түрлерін тасымалдаған автокөліктерді тоқтату, құжатсыз тасымалдаған өнім иелеріне әкімшілік айыппұл салу, автокөліктерді кері қайтару инспекторларды біраз әбірге салған болатын. Өйткені мемлекеттік шекарадан өтіп кеткен көліктер сыртта тұрған инспекторларға тоқтамастан, ережеге бағынбастан кетіп қалу дерегі жиілеген.

Жиында «Мемлекеттік құрылымдармен бірлескен жоспар (Жол картасы) мен технологиялық сызба бойынша атқарылған жұмыстар, шешімі табылмаған мәселелер және алда тұрған міндеттер туралы» мәселелер де қаралды. Алдымен сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев фитосанитарлық-ветеринарлық бақылау және қадағалау бекеттері бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарға баға беріп өтті.

– Құрметті кеңеске қатысушылар, 2019 жылы барлық құзыретті мемлекеттік құрылымдар арасында мемлекеттік автомобиль шекара бөлімшесі маңында агроөнеркәсіп кешені өнімдерін бақылау және қадағалау жүргізу үшін «Жол картасын» қабылдаған болатынбыз. Қазіргі таңда осы жоспар бойынша толыққанды жұмыстанудамыз. Жоспарға сәйкес мемлекеттік құрылымдар арасында бір-біріне қызмет көрсету көзделген. 2020 жылдың қорытындысы бойынша аймақтық инспекцияның жұмыс көрсеткіші республикада бірінші орында тұр. Осы деңгейді сақтап қалу үшін бұл саладағы түйткілді мәселелерді шешіп, реттеуді қолға алуымыз керек, - деді Мұхтар Манкеев.

Отырыста одан әрі облыстық аумақтық инспекция басшысы Лавр Хайретдинов бірқатар қиындықтарға қарамастан, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар фитосанитарлық бақылау бекеттерінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан 31 наурызына дейін 103 заңбұзушылықты анықтап, 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынғандығын атап өтті.

– Пандемияға байланысты қабылданған төтенше жағдай кезінде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар «Сырым» бөлімшесі аумағының ішінде қызмет атқарды. Осы орайда карантинге жатқызылған өнімдерді толықтай тексеруге, құжатсыз тасымалдаған өнім иелеріне айыппұл салуға, кері қайтаруға инспекторлар толықтай мүмкіндік алды. Осы кезеңде 2101 заңбұзушылық анықталып, 96,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысына сәйкес, өсімдіктер карантині саласындағы анықталған заңбұзушылықтар мен салынған айыппұлдар көлемі бойынша инспекциялар арасында бірінші орынға шығып, республика бойынша салынған айыппұлдардың 42 пайызын құрады, - деген облыстық аумақтық инспекция басшысы Лавр Хайретдинов инспекторлар бөлімше аумағына кіргелі 2019 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 21 есе көбейгендігін атап өтті. Алайда мемлекеттік шекара басшылығының шешімімен 2020 жылдың 17 қазанынан бастап инспекторлардың  қайтадан бөлімше аумағының сыртына шығарылуы себепті көп кедергілерге тап болған. Айталық, инспекторлар бөлімше аумағының ішінде болған кезде күніне 200-300 автокөлікті тексеруден өткізсе, қазіргі таңда небәрі 50-ге дейін автокөлік тексерістен өтеді. Яғни тексеру көрсеткіштері салыстырмалы түрде бірден 4-6 есеге азайып кеткен.

– «Сырым» бөлімшесі аумағынан тыс шыққан автокөліктерді тоқтату, өнімдерді құжатсыз тасымалдаған автокөліктерді кері қайтару немесе әкімшілік айыппұл салу өз деңгейінде орындалмағаны былай тұрсын, мемлекетімізге тексеруден өткізілмеген, құжатсыз, карантиндік нысандары бар өнімдердің кіріп кету қауіптілігі күрт өсті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішінде карантиндік нысандардың 182 түрі таралған, оның ішінде елімізде 14 түрі бар. Ал облысымызда оның 4 түрі кездеседі. Аталған мәселелер мен қиындықтар осылай жалғаса берсе, елімізде карантиндік нысандардың еселеп көбейетіні сөзсіз, - деген Лавр Рашидұлы аталған мәселе бойынша тез арада шешім қабылдап, қауіптің алдын алуды ұсынды.

Бұдан әрі облыстық бас мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторы, инспекция басшысы Марат Отарәлиев «Сырым», «Тасқала», «Ақсай», «Жәнібек» ветеринарлық бақылау бекеттерінің мамандары көршілес Ресей Федерациясы аумағы Саратов, Самара, Орынбор облыстарында африкалық шошқа обасы жұқпалы індетінің тіркелуіне байланысты ветеринарлық бақылау және қадағалауды күшейту мақсатында шекаралық бақылау аумағына кіргізілгендігін мәлімдеді. Сондай-ақ «Шаған», «Орда» бақылау бекеттері пандемияға байланысты уақытша жабылып, екі бақылау бекетінің мамандары Самара – Маштаков – Орал  бағытындағы «Сырым» бақылау бекетінің жұмысын күшейтуге тартылған.

– Өткен жылдың соңына дейін ветеринарлық бақылау және қадағалауға жататын 3693 жүк тасымалдаушы автокөлік тексеріліп, жалпы салмағы 47 мың тонна жүк бақылаудан өткен. Ал жыл басынан бері ветеринарлық бақылау және қадағалауға жататын жүк тасымалдаушы 1465 көлік бақылаудан өткен. Оның ішінде 928 импорттық, 131 экспорттық, 406 транзиттік жүк тасымалдаушы автокөліктер бақылауға алынды. Тексеріс барысында 60 заңбұзушылық  анықталып, 58 автокөлік кері қайтарылды. Ал жеті  жеке тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, 408380 теңге айыппұл салынды, - деді Марат Отарәлиев.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев «Жол картасына» өзгерістер енгізуді, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау бекеттерінің шыға берісінен «STOP» жол белгісін орнатуды ұсынды. Сонымен қатар мемлекеттік құрылымдармен бірлескен жоспар мен технологиялық сызбаның талаптарын сақтай отырып, өсімдіктер карантині жөніндегі және ветеринарлық-санитарлық мемлекеттік инспекторларына жол патрульдік полиция, көлік бақылау комитеті, мемлекеттік шекара қызметі және кірістер департаменті қызметкерлері тарапынан уақтылы қызметтік көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале