17.03.2021, 9:59
Оқылды: 53

Қоғам назарынан тыс қалдырмайық

Айналаға зер салып қарасақ, қоғамның өзгергенін байқаймыз. Себебі «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» қазақтың бүгінгі көрінісінде әжептәуір өзгеріс бар екені сөзсіз. «Бұған кінәлі адам ба, әлде заман ба?» деген заңды сауал да туындайды. Дегенмен заманға кінә арта салуымыз әбестік шығар, сірә! Сондықтан сұрақтың жауабын саналы жанның еншісіне қалдырдық.

1624AB62-0804-4838-8951-EA15B9FD4768

Кіріспенің өзін қағыта бастауымыздың себебі мынау. Қоғамда он екі мүшесі сау жандармен қатар мүгедек деуге келмейтін, тағдыр тәлкегіне түскен жандар да ғұмыр кешуде. Алайда оларға қоғамның назары әлі де болса дұрыстала қоймады. Бұл ойымызды «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қызмет түрінің сапасы қандай? Қолжетімді ме?» сынды сауалдарға жауап іздеу арқылы жеткізбекпіз.

Пандустар талапқа сай ма?

Қолдағы дерекке сүйенсек, ауданымызда 992 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде топтарға бөліп қарастырар болсақ, I топ – 89, II топ – 385, III топ – 399, ал 18 жасқа дейінгі балалар саны – 119. Жұмыс істеп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандар – 89. Жылдарға бөлсек, 2019 жылы – 38, 2020 жылы 44 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасқан. Сандарға көз жүгіртсек, ерекше жандар қатары аз емес. Мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетіліп жатқанымен, қоғам әлі қабылдап үлгермеген секілді. Өзгесін былай қойғанда, мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық емес ұйым бөлімшелері, халыққа қызмет көрсету орындарында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай қарастырылмаған. Назарға алынған күннің өзінде белгіленген талапқа сай келмейді. Мәселен, қоларбаға таңылған азаматтардың қозғалысына арналған пандустар көзге көрініп тұрғанымен, арнайы талапқа сай емес. Мамандардың пікіріне сүйенсек, жаңартылған талапқа сәйкес баспалдақтағы пандус текпешекпен бірге емес, оған дейін 1 метр жерден басталып, баспалдақ тұтқышының биіктігі 85 см, пандус жолағының ені 110 см болуға тиіс. Белгіленген талапты ескере отырып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайынов мырзамен сұхбаттастық.

0B9588E9-D305-49D0-BB79-420C7940F322

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және оларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында рейд жүргізіліп тұрады. Арнайы құрылған мониторингтік топ құрамында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, БҚО «Ерікті мүгедектер қоғамы» Казталов аудандық филиалының басшысы Сайда Сейітжанова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жауапты мамандары бар. Жалпы, рейд барысында 159 нысан иесіне нысанды 4 санатқа бейімдеу туралы тапсырма берілді. Оның ішінде 48 нысан сайлау учаскесі екені нақтыланып отыр. Пандустары талапқа сай келмейтін мекемелерге ескерту беріліп, түсінік жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар жаңадан салынып жатқан ғимараттарға пандустың орналасу реті мен өзге де санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалу керектігін де ескертеміз, – деді сала басшысы.

Зағип жандар қайтпек?

Мамандардың сөзіне сүйенсек, ауданымызда көзі нашар көретін және көру мүмкіндігінен айырылған 39 адам бар. Көріп тұрғанымыздай, бұл санаттағы жандар қатары аз. Сол себепті оларға арналған белгілер қажетсіз болды ма, әйтеуір ауруханадан бастап өзге де мекемелерде Брайль шрифтіндегі тақтайша, дыбыстық шамшырақтар, арнайы қоңырау шалу тетігі, бетонды жолақтар және т.б. белгілердің бірі болса, бірі жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандардың негізгі қызмет алу орны аурухана болғандықтан, алдымен №1 аудандық аурухана директорының орынбасары Ботагөз Ғұмаровамен тілдескен болатынбыз. Ол аудандық аурухананың жақында ғана күрделі жөндеуден өткенін тілге тиек етіп, арнайы белгілерге тапсырыс берілгенін атап өтті.

F72CBD1E-0B8F-4343-8D5C-BB6198977F8B

Ауданымызда орналасқан өзге де мекемелер мен халыққа қызмет көрсету орындарында осы ахуал. Бірінде қызметкерді шақыру тетігі болғанымен, істен шыққан. Есіктердегі сары жапсырмалар, зағип жандар мен нашар көретіндерге арналған тактильді бетон плиткалары бір мекемеде болса, бірінде жоқ. Тепкішекке арналған сары протекторлық полимер профилі нысандардың ешқайсысында жоқ. Тізбектей берсек, сын көп. Бірақ бұл тек мемлекеттік мекемелер мен халыққа қызмет көрсету орындарына ғана емес, кәсіпкерлік нысандарына да қатысты мәселе.

Зағип жандарға арналған белгілердің ауданымызға қажет дегенін тізіп, бағасын анықтап көрдік. Бағасы тиімді, сапасы да көңіл көншітерлік тауарларды сатумен айналысатын «АлМеда» ЖШС-нің парақшасына үңілдік. Нәтижесін назарларыңызға ұсынуды жөн деп таптық.

1. Зағип және көзі нашар көретін жандарға арналған ұйым атауы көрсетілген тактильді тақта: көлемі – 600х400, бағасы – 55 000 тг;

2. Есіктерге арналған сары жапсырма: көлемі – 150х150, бағасы – 375 тг;

3. Есік жақтауларына арналған сары жапсырма: көлемі – 50х1000, бағасы – 425 тг;

4. Қызметкерді шақыру жүйесі: көлемі – 200х300, бағасы – 12 360 тг;

5. Еденге арналған бетонды сары жапсырма: көлемі – 300х300, бағасы – 1490 тг;

Осы және өзге де қажет деп табылған талапқа сай белгілерді «АлМеда» ЖШС-ның сайтынан қарауға болады.

Мүмкіндік қарастырылған

Мүмкіндігі шектеулі жандар да қызмет алуға, оқуға, жұмыс істеуге құқылы. Ол үшін мемлекет тарапынан мүмкіндік қарастырылған. Жоғарыда ауданымыздағы жұмысқа орналасқан мүмкіндігі шектеулі жандардың 89 адамды құрайтынын айтқан едік. Солардың бірі – Асанбай Шамұратов. Асанбай аға қазіргі таңда аудандық тәрбие жұмыстары орталығында күзетші қызметін атқаруда. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі мен айтар ұсынысын білу мақсатында Асанбай Шамұратовпен телефон арқылы тілдестік.

– Алғашында жұмысқа орналасуда қиындық туындады. Енді III топтағы мүмкіндігі шектеулі жан болған соң көбісі жұмысқа алудан қашады. Дегенмен аудан әкімдігінің, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының ықпалымен тұрақты жұмысқа орналастым. Ол жандарға шексіз ризашылығымды білдіремін. Қазіргі таңда жұмысымды абыроймен атқарып жүрмін. Жұмыстас азаматтар да қолдау көрсетуде. Менің бір айтқым келген нәрсе – мынау. Мекемелер алдындағы автотұрақтарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орын белгіленсе деймін. Бұл біз үшін тиімді болар еді, – дейді ағамыз.

Иә, көп жерде автотұрақтарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орын қарастырылмаған. Бұл мәселені аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі мен аудандық полиция бөлімі назарға алады деген үміттеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы қиындық туғызатыны жасарын емес. Мәселен, жұмыс беруші азаматтарды жұмысқа қабылдауға конкурс жариялайды. Конкурста мүмкіндігі шектеулі жандар да бағын сынағанымен, нәтижесінде жұмысқа қабылданбай жатады. Ал жұмыс берушіге мемлекет тарапынан қызметке орналастыруға квота қарастырылған. Бірақ көпшілігі оларды жұмысқа алудан бас тартып, жауапкершіліктен қашқақтайды. Бұл жұмыс берушінің мүмкіндігі шектеулі жандарға деген теріс көзқараста екенінің дәлелі.

Парламент Мәжілісінің отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген са наттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына түсінік берген болатын. Заң жобасында 75 заңнамалық актіге, оның ішінде 10 кодекске өзгеріс пен толықтыру енгізу көзделген. Министр Заң жобасын түсіндіру барысында 8 тұжырымдамалық жаңалыққа тоқталды. Оның 4-інші және 5-інші жаңалығы біз сөз қылып отырған жұмыс берушілерге қатысты. Мәтіні мынадай:

«Төртіншіден. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын орындаудың баламасы ретінде жұмыс берушілер үшін өтемақы жарналарын енгізуді ұсынамыз (2023 жылдан бастап). Жинақталған қаражат жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталатын болады.

Анықтама үшін: 1 ЕТЖ мөлшері – тоқсанына 42500 теңге. Оператор ретінде «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ айқындалатын болады.

Бесіншіден. Жұмыс берушінің өз міндеттемелерін орындауға мүмкіндік болмаған жағдайда, еңбекте мертігуден мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдарымен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету.

Анықтама үшін: кәсіпорын қызметін тоқтата тұру кезеңінде немесе банкрот рәсімдерін жүргізу кезінде еңбекте мертігу салдарынан мүгедек болған 2 мыңнан астам ОТҚ-мен қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылған».

Мақұлданған жағдайда заң шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуы, жұмысқа орналаса алмай қалған жағдайда мемлекет тарапынан оңалту шаралы қолға алынуы әбден мүмкін. Бұл әзірге келер күннің еншісінде.

Мемлекетімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайтын Заң бар. Оларға мүмкіндік туғызу мақсатында кешенді жобалар мен жұмыс қолға алынған. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандардың сапалы білім алуы, уақытын тиімді өткізуі, қоғам назарынан тыс қалмау мақсатында арнайы білім беру ұйымдары мен орталықтар ашылды. Ауданымызда да мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандардың шаңырағына барып, кітап оқуға ынтасын арттырып жүр. Бұл жөнінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Даулетова былай дейді:

– Кітапхананың жұмыс жоспарынан мүмкіндігі шектеулі жандар тыс қалған емес. Кітапханашылар айына бірнеше мәрте мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып қызмет көрсетеді. Қызметкерлеріміз кішкентай оқырмандарға балалар әдебиеті мен ересектерге көркем әдебиеттерді оқып беру немесе өз қалауымен оқу, аудиожазбалар тыңдату арқылы қызмет көрсету мақсатында бір күндік уақытын арнап жүр. Көзі нашар көретіндер мен зағип жандардың кітап оқуына да мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханамен арнайы келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда осы мәселені ескере отырып, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған әдебиеттерге тапсырыс берілді.

Түйін

Мемлекет басшысы әр жылғы жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Бұл теңқұқылы қоғам екендігіміздің дәлелі. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандардың электронды форматта қызмет алуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қолға алынған. «Nur Otan» партиясының 2025 жылға арналған бағдарламасында да мүмкіндігі шектеулі жандар назардан тыс қалмай республика, облыс, аудан көлемінде бекітілген Жол картасы бойынша тиісті жұмыстар атқарылады.

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Қайырымдылық марафоны» жалпыұлттық жобасы бастау алды. Қазіргі таңда ауданымызда да жобаның жақсылығын көріп отырған жандар бар. Осы орайда біз айтқан мәселелерді де меценат жандар назарға ала отырып, қолдан келген көмегін көрсетсе дейміз. Мәселен, зағиптарға және нашар көретіндерге арналған кітаптар қорын, мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті құрал-жабдықтарын алып берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Мақсатымыз әлдекімге күйе жағу, жұмысына сын айту емес. Көзбен көріп, санаға түйгенімізді жеткізе отырып, кеткен олқылықтар жөнделсе дейміз. Айтылған сын жерде қалмай, ескеріліп, тиісті шаралар қолға алынса демекпіз. Қоғамда мен, сен, ол емес «БІЗ» деген ұғым мен көзқарас қалыптасса ғана алға жылжу болады. Мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғаммен тең дәрежеде өмір сүруге құқылы. Сіз бен біз болып қолдау көрсетсек, алынбас асу болмас, сірә!

Асылбек Нәсіпқали

 Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале