Наурыз мерекесі - молшылықтың, береке мен бірліктің, мейірімділік пен қайырымдылықтың, тұтастық пен тұрақтылықтың мейрамы. Ықылым заманда бұл мереке ерекше үлгіде тойланып келді. Кейіннен Кеңес үкіметінің құрамына енгеннен соң бұл мейрам санамыздан ұмыт қалды. Мейрамды былай қойғанда күллі тарихымызды ұмытудың аз-ақ алдында қалдық. Дегенмен ата-бабамыз армандаған тағдырдың сыйы Тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен соң өткенімізді түгендеп, келер күнге жоспар құрып, санамызды жаңғырттық. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жеткен жетістіктеріміздің бірі – Наурыз мерекесінің тойлануы еді. Наурыз тек түркі халықтарына ғана емес, күллі әлемге ортақ мейрам ретінде танылды. Себебі БҰҰ бұл мейрамды халықаралық мерекелер қатарына енгізген болатын.
Хош, Наурыз әр ғасырда, әр жылы, әр түрлі деңгейде тойланып келді. Дей тұрғанмен, кейінгі уақыттары құр есептің астарында қалып, даңғазалыққа бой алдырғанымыз жасырын емес. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл жағдайды дер кезінде байқап, мерекені атап өтудің жаңа тұжырымдамасын енгізуді ұсынды.
Президентіміз Қазақстан халқын ұлық мерекемен құттықтау сөзінде «Ұлыстың Ұлы күнін тойлау қалалар мен ауылдардың ауқымды алаңдары мен көрікті көшелерінде өтетін бірнеше сағаттық іс-шарамен ғана шектелмеуі қажет. Наурыз – ең алдымен, тағылымы мол отбасылық мейрам. Мерекелік көңіл-күй барлық шаңырақта болуы керек. Жастар үлкендерге сәлем беріп, батасын алса, бір-біріне ақ тілектерін арнаса, қандай жарасымды?! Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі. Бұл туралы Ұлы Абай «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп жырлаған», - деген болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзінің астарын ұққан казталовтықтар да Ұлыстың ұлы күнін әдеттегіден ерекше атап өтті.
Биыл еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты Наурыз мейрамын онлайн және офлайн форматта атап өту назарға алынды. Аудан жұртшылығы ұлы мерекені онлайн форматтағы концерттік бағдарламалар арқылы тамашалап, сезінген болса, енді бірі мейірімділік пен қайырымдылықтың куәсі болды. Таң арайланып атқан соң аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, Казталов ауылдық округінің әкімі Арман Ғалымов, Казталов аудандық мәслихатының депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері мен өнер майталмандары 20 отбасыға Наурыз қоржын үлестірді. Сөйтіп Наурыздың мейрімділік пен қайырымдылық жаршысы екендігіне халқымыз тағы да бір көз жеткізді. Сауапқа жазылатұғын ізгі амалдан соң Зәйлім Исатайқызы бастаған атқамінерлер ауданымыздың дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлерінің шаңырағына барып, халқымыздың «Сәлемдесу» әдебін дәріптеп, Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, жырдан шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ата салтымызды насихаттаған ауданымыздың атқамінерлеріне ақ жаулықты аналарымыз бен аузы дуалы аталарымыз ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді. Солардың бірі Жұмажан Мұхтарұлы Қиясов ақсақал.
- Наурыз «үлкеннің кішіге ізет көрсетіп, кішінің үлкенге құрмет көрсететіндігін» дәлелдейтін ұлық мейрам екендігіне тағы да бір көзім жетті. «Сәлемдесу» салтын насихаттап келген жастарға алғысым шексіз. Осы орайда ілтипатымды көрсетіп, бата берсем деймін:
Аллаға сиынып, оңдасын,
Бәлекеттен қорғасын!
Көрген күнің қашық боп,
Төбеңе бұлт қонбасын.
Өсе берсін басың,
Өрлей берсін бағың,
Алтыннан болсын тағың.
Ас бергенде бас берсін,
Ұзақ ғұмыр, жас берсін!
Әумин!, - деп ақ батасын берді.
Халқымызда «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ер көгерер» деген сөз бар. Міне, ұлыстың ұлы күнінде «Бата беру» салты да әдеттегідей әзірленген қойылыммен емес, шынайылықпен ұштаса отырып көрініс тапты.
Жалпы казталовтықтар Наурыз мерекесін тойлауды өзгелерден ерте бастады. Әдетте сандықтың түбінде жататұғын шапандарымыз бен қамзолдарымыз, ұлттық киімдеріміз наурыз айы төрімізге жайғасқан сәтінен бастап, еңбектеген бала мен еңкейген кәрінің үстінен табылды. Жәй ғана киіп қана қоймай, өзгелерге де насихаттап, дәріптеді. Ал күн мен түн теңелген күні тек ұлттық киіміміз ғана емес, ұлттық тағамдарымыз да ұлықталды. Мәселен, Казталов аудандық мәслихатының VII шақырылым депутаты, жеке кәсіпкер Дулат Рахматуллин аудан жұртшылығына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кәсіпкердің «Әулет» дүкенінде арнайы ақ дастархан жайылып, ұлттық тағамдарымыз дастарханнан табылып, күй төгіліп, ән айтылды. Аудан халқына мерекелік Наурыз көже дайындалып, жұртшылық ақтан ауыз тиді. Сөйтіп кезекті дәстүріміз де ұлықталды. Ізгі бастамаға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Жүсіп Шакуов, аудандық мәслихат депутаттары мен мәдениет майталмандары куә болды. «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Жүсіп Қалмаханұлы кәсіпкерге ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Ал кәсіпкердің жары Гүлзар Рахматуллина бұл бастаманың жылдағы үрдіске айналғандығын атап өтті.
- Біз халқымыздың ұлы мейрамын атап өту, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында осы бастаманы қолға алған болатынбыз. Сонымен қатар ұлттық тағамдарымызды насихаттау да назарымыздан тыс қалмады. Тек Наурыз мейрамында ғана емес, өзге де мемлекеттік және ұлттық мейрамдарда түрлі бағытта қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрамыз. Ал Наурыз мейрамында аудан жұртшылығына ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге тырысамыз. Себебі ұлттық құндылығымыз ұлттық болмысымыздың айғағы. Халқымызды осынау ұлық мерекемен құттықтай отырып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дегім келеді, - дейді кәсіпкердің жары.
Кәсіпкердің игі бастамасынан соң аудан жұртшылығы жастардың «Ақ құрт» акциясына куә болды. Акцияның ұйымдастырылуына аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұжымы бастамашы болды. Игі бастаманы ауданымыздың жастары қолдап, ұлттық киімдерімізді киіп, аудан тұрғындарына ақ құрт таратты.
Құрт — қазақтың ұлттық тағамдарының бірі. Ертеректе сапарлатқан жолаушы, жауға аттанған батырдың қоржынына құртты салып жіберіп отырған. Себебі құрттың тоқбасарлық қасиеті бар. Сонымен қатар қуғын-сүргін құрбандарының жары мен балаларын айдаған АЛЖИР, КАРЛАГ сынды лагерлер де ақ құрттың куәсі болған. Оған тарихымыз дәлел.
Ұлыстың ұлы күнін тек қазақ халқы ғана емес өзге ұлт өкілдері де атап өтіп, бауырмал халыққа ризашылығын білдірді. Ауданымыздағы орыс, әзірбайжан, татар диаспорасының өкілдері Наурыз мерекесін ерекше ықыласпен тойлады. Бұл жөнінде әзірленген бейнежазба және Наурыз мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінің ұжымының мерекелік концерті, Казталов балалар музыка мектебінің домбырашылар ансамблінің ұйымдастыруымен «Дала сазы» атты Домбыра party және халық әндерінен попурри, Сағит Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының балалар және жасөспірімдер бөлімінің ұйымдастыруымен, Облыстық Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры әртістерінің «Қошқар мен Теке» ертегісі сынды бағдарламаларды «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан онлайн тамашалауға болады.
Міне, ауданымыздағы Наурыз мерекесі осылайша көрініс тапты. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, іс-шаралар санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.
Асылбек НӘСІПҚАЛИ,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz