Батыс Қазақстан облысында 216 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Соның ішінде 195 кооператив етті мал шаруашылығын, 14-і өсімдік шаруашылығын дамыту, алтауы сүт өндіру және біреуі бал арасын өсіру бағытында жұмыс істейді. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов баяндады. Оның дерегіне сүйенсек, биыл облыс бойынша 36 кооператив құру жоспарланды. Соның ішінде 26 кооператив етті мал өсірсе, жеті кооператив сүт өндірумен шұғылданбақ.
Етті мал шаруашылығы | Сүтті мал шаруашылығы | Құс шаруашылығы | Өсімдік шаруашылығы | |
Ақжайық | 3 | 1 | ||
Бәйтерек | 1 | 1 | ||
Бөкей ордасы | 4 | |||
Бөрлі | 2 | 1 | ||
Жаңақала | 3 | |||
Жәнібек | ||||
Казталов | 2 | |||
Қаратөбе | 5 | |||
Сырым | ||||
Тасқала | 4 | |||
Теректі | 1 | 5 | 1 | 1 |
Шыңғырлау | 1 | |||
Орал | ||||
Барлығы | 26 | 7 | 1 | 2 |
Қазіргі кезде Ақжайық ауданында 2 кооператив (мал шаруашылығы), Бәйтерек ауданында 1 кооператив (бал арасы шаруашылығы), Казталов ауданында 2 кооператив (мал шаруашылығы) және Теректі ауданында 1 кооператив (сүт өндіру) құрылды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы қағида талаптарына сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мәселен, сатып алынған сүтті бағыттағы асыл тұқымды сиыр басына – 200 мың теңге, етті бағыттағы мал басына – 150 мың теңге, етті бағыттағы асыл тұқымды қошқар басына – 15 мың теңгеден субсидия төленеді. Сою қуаты тәулігіне 300 бас болатын ет өңдеуші кәсіпорындарына тапсырылған әр қошқар басына 3000 теңге берілмек.
– «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Кәсіпкерлікті дамыту» екінші бағыты аясында кооператив мүшелеріне алты пайызбен жеті жылға дейін несие беру қарастырылған. Етті бағытта мал өсіретін кооперативтер асыл тұқымды бұқаларды жалға алып, иеліктеріндегі тауарлы аналық малдарына селекциялық асылдандыру жұмысын жүргізеді. Кейін еркек төлдерін бордақылау алаңдарына нарықтық бағамен өткізе алады.
Сүтті бағыттағы кооперативтер иеліктеріндегі тауарлы аналық малдарын етті-сүтті бағыттағы асыл тұқымды бұқалармен қамтып немесе қолдан ұрықтандыру жұмысын ұйымдастыруы қажет. Сонымен қатар кооператив мүшелері мен жеке қосалқы шаруашылықтар өндірген сүт қабылдау пункттерінде жинақталып, өңдеуші кәспорындарға өткізіледі, - деді Сатқан Өмірзақов.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz