29.03.2021, 22:42
Оқылды: 40

Қоржында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола

Таяуда Шымкент қаласында байдарка мен каноэ есуден өткен жекелей біріншіліктен жас жерлестеріміз олжалы оралды.

 Қоржында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола

24-27 наурыз аралығында болған сайысқа еліміздің көптеген өңірінен 11 команда құрамында 250 жасөспірім қатысты. Олардың 15-і – батысқазақстандық. Өңіріміздің намысын қорғағандардың 70 пайызы финалға шыққанымен, екі спортшымыз ғана қоржынға жүлде салды. Каноэдан Мария Бравкова (спорт-интернат) 500 метрлік қашықтықтан чемпион атанып, 1000 метрден ІІІ орын алды. Ал байдаркадан Екатерина Казанинаға (№1 ОРМБЖСМ) 1000 метр бойынша сайыста күміс, 500 метрден қола медальдар бұйырды.

Каноэ, байдарка және академиялық есуден БҚО федерациясының президенті Юрий Казаниннің айтуынша, пандемияға байланысты өңіріміздің қызыл, сары аймақтарда болуы жарысқа дайындалуға кері әсерін тигізген. Жарысқа қатысушылар төрт түрлі қашықтықта сынға түссе, батысқазақстандықтар оның екеуіне қатысты. Спортшыларымыздың төрт ай бойы ешқайда шыға алмауы, яғни оқу-жаттығу шараларына баруға, суда жаттығу жасауға мүмкіндік болмауының салдарынан жүлде саны азайып отыр. Ал жақсы өнер көрсеткен түркістандықтар Түркияға барып, екі оқу-жаттығу өткізсе, алматылықтар Ыстықкөлдің жағалауында дайындалды.

Қазіргі таңда батысқазақстандық спортшылар сәуір айының соңында өтетін ел чемпионатына дайындалуда.

– БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңа басшылығы тиімді жұмыс істеп жатқанын айтқым келеді. Басқарма федерациялардың аға бапкерлерімен жақсы қарым-қатынас орнатып, тығыз жұмыс істеуде. Жарысқа бару, оған қаржы бөлу бағытындағы жұмыстар да ашық көрініс тапқан. Мұндай игілікті іс-шаралардың нәтижесінде каноэ мен байдарка сынды спорт түрлері де өңірімізде жақсы дамитынына сенім мол, - дейді Юрий Казанин.

 

Мәди Ықылас,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале