31.03.2021, 18:03
Оқылды: 53

Ержүрек жетінші рота ұмытылмайды

Қазір біз лаңкестер мен душмандармен қанды қақтығыстарды, атыс-шабыстарды кинодан көріп жүрміз. Біздің арамызда сондай ұрыстарды көзімен көріп, жаңбырша жауған оқтың арасынан келген азаматтар жүр. Сырым аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Абат Дүйсембиев – тәжік-ауған соғысының куәгері. Болған оқиға желісімен 2019 жылы түсірілген «Қазбат» фильмін көрген боларсыздар. Фильмдегі оқиғаны Абат ағамыз басынан кешті. Біреудің басын, біреудің қос аяғын, біреудің денесінің жартысын жұлып әкеткен, тамағы осылып, бауыздалған жолдастарының қасқыр шапқан қойдай қырылғанын көрді. 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында 7 сәуірде болған қанды оқиға – Ішкі әскер, Ұлттық Ұлан ұмытылмас қазалы күн.

5A240421-4DD6-4570-9116-A29792BF64FD

Тәжік-ауған шекарасында қазақ жауынгерлері 1995-2005 жылға дейін әскери борышын өтеді. Олар – жауынгерлік қызметтерін адал атқрған, рухы биік азаматтар. Қазақ, қырғыз, өзбек, орыс батальондары Ауғанстан мен Тәжікстанның шекарасын күзетті. Есірткінің елі Ауғанстаннан Тәжікстанға, одан Қазақстанға, Ресейге есірткі жеткізу лаңкестердің мақсаты болды. Қазақстаның 10 мыңдай азаматы Тәжікстанда  болды. Сол кезде Тәжікстанда үкіметке қарсы азамат соғысы да (1992-1997 жж.) болып жатты. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонов Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұрап, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері әскермен, қару-жарақпен қол ұшын созды.

Абат Дүйсембиев 1975 жылы Шыңғырлау ауданында туып, 1990 жылы орта мектепті бітірді, үш жыл сонда училищеде оқыды. 1993 жылдың желтоқсанында әскерге шақырылып, Шымкентке аттанды. Ол кезде Тәжікстанға баратынынан бейхабар еді. Әскери борышты өтеу мерзімі бір жыл жарым-тұғын. Алғаш тәжік еліне 5 рота құрамымен барды. Блокпосттарда тұрып, шекарада өткендерді тексеріп, қатаң тәртіппен қадағалады. Үш сайын 100 әскерден тұратын қазақ роталары ауыстырылып жіберіліп тұрды.  Тәжік-ауған шекарасындағылар күн сайын соғыспаса да, айына екі-үш рет қақтығыстардың куәсі болды. Мысалы, жоғарыдан 200 «боевик» (лаңкестер) келе жатыр шекараға, соны тоқтатыңдар» деген бұйрық келеді. Өл-тіріл, бірақ есірткі тасушылардың жолын кесу керек.

1994 жылдың қарашасында Тәжікстаннан демалысқа жіберілді. Демалыстан келген соң,  7 ротамен бірге әскери дайындықтардан өтіп, 1995 жылдың 3 наурызында Тәжікстанға ұшты. Ротаның құрамында Абат Мағажанұлы да тәжік-ауған шекарасына қайта жіберілді. Содан бір ай, төрт күннен кейін аңыз болған қақтығысқа ұшырады.  

1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында көп әскер опат болды.  7 рота тосқауылдан «боевиктердің» (талибандарды солай атаған) торуылында қалып, кескілескен шайқаста 17 жігіт қаза тауып, 34 жауынгер жараланды. 7 ротаның төрт жігіті оралдық еді. Оның үшеуі Шыңғырлау ауданы, біреуі Тасқала ауданының тумасы. Бұл тек – жетінші ротада болғандары. Абат Мағажанұлының жерлестері, шыңғырлаулықтар Тәжікстанға баруға құмар болыпты. Тәжік жеріне олар 12 жігіт  аттанды.  Бойында патриоттық сезімі, жастық жалыны жанып тұрған Радик Қаймолдиев екінші рет Тәжікстанға барарда: «Мен де сендермен барамын» деп қалмапты. Алайда, бір ай уақыттан кейін сарбаз Радик ұрыста қаза тапты. Тоқсан сарбаздың елуге жуығы опат болды. Тізеден жараланған Абат Мағажанұлы Калайкумда, Душанбеде, Алматыда госпитальда жатып, бір ай емделді. Душанбеде жатқан кезінде аяғына ота жасалды.  Алайда, шайтантұрбаның (гранатомет) оғының қалдықтары аяғында қалды.  Одан кейін аға сержант Дүйсембиев елге оралды.

Абат Мағажанұлы сыр ашып айта бермейтін ауыр күні туралы былай деп естелік айтты:

–   Бұрын Л.Брежневтің демалған жеріндегі үй біздің заставамыз, шекаралық постымыз болды. Калайкум отрядынан оқ-дәрі тиеп кетуге бізге колоннамен көліктер келді. Таңғы сағат бестерде қару-жарақты тиеп бастап, алтыларда болдық. Бір жағымыз Ауғанстан, бір жағымыз Тәжікстан, таулы, өзенді жолдың ортасында келе жатырмыз. Түс ауа сағат екілерде тосқауылдан шабуылға тап болдық. Жол бойы шатқал, өзен болғандықтан, көпір де бар. Сол көпірге бір взвод – 30 адам қалу керек. Командиріміз взводты орналастыру үшін таудың жоғары жағына қарай көтеріліп кетті. Таулы жердегі соғыстың мақсатымыз – неғұрлым жоғарыдан ату. Себебі, төменнен жоғарыға атқаннан, жоғарыдан төменге атқан оңай. Талибандарға не болса да, бір хабар жетіп тұр. Олар тауға шығып, орналасып, алдын-ала мықтап дайындалған. Әйтпесе, төрт жарым сағат үзбей ату үшін қанша қару-жарақ керек? Арамызда бір взвод командирі, взвод командирінің орынбасары, сержанттар қалды. Олар кеткен бойда оқ ату басталды. Оқты жаңбырша жаудырғанда, түк түсінбей қалдық. Асфальтқа оқ тигенде, жаңбыр сияқты. Калайкум отрядының заставаларға әкеле жатқан қару-жарақ колоннасының құрамында тоқсан әскер болды. Шайтантұрба, миномет, автомат, қарудың барлық түрімен атқылады. Мен және екі Жамбылдың жігіті «ЗиЛ» көлігінен секіріп түсіп, автоматтарды оқтадық.  Наркоша деген лақап аты бар жігіт: «Не істейміз, атысамыз ба?» деп, дайындалып, басын шығарғаны сол еді,  снайпер  бастан атып тигізді. Наркошаның миы ағып жатыр. Асып-сасқаннан көліктің астына түсіп алып, атып жатқан Әбен Жайлыбеков деген взвод командирін шақырдық.  Ол жүгіріп келіп қарады да, орысша: «Пацан уже все, ему ничего не поможет»,- деді. Взвод командирін шақырып алғанымыз жақсы болған, ол біздің қасымызға келісімен, тұрған жеріне шайтантұрбаның оғы түсті. Оның оғы жарылған сәтте біраз әскер опат болды. Қызылордалық Ержан Абдиевтің денесінің артқы жағын оқ түгел жұлып әкеткен, сонда да бізге дейін еңбектеп келді. Алайда, көп қан жоғалтқан, жан тапсырды. Жамбылдық Сары деген жігіттің көздері ағып кеткен. Одан кейін біздің қасымызға да екі-үш метр жерге шайтантұрбаның оғы түсті. Мен де тізеден жараландым. Менен гөрі жақындау болған Жылқышының екі аяғын жұлып әкетті, жарықшағы мұрнына кіріп кеткен екен, бет-аузының бәрін жыртып жіберді. Бізге көмек төрт жарым сағатта келді. Оған дейін Жылқышы тірі болды, содан кейін қайтты. Павлодардың жігіті Мешков деген орысты снайпер атып түсіргенде, етігімен ілініп қалып, сол ілінген күйінде жанып кетті. Радик Қаймолдиев үш жерден жараланды. Аяқтан, төстен, бүйректен тиген, қан кетіп, ол да қаза тапты. Бірінші ешкімге байланысқа шықпасын деп,  байланыс машинасын атыпты. Одан кейін алға  жүрмесін деп, колонна басында тұрған БТР-ларды атқан. Кері кетпесін деп колоннаның арт жағындағы көліктерді де атқан. Төрт сағат жарымнан кейін Ресейден көмек әскер келіп, біздерді құтқарды. Орыстың подполковнигі келді. Бұрын бірнеше рет жараланған екен. Госпитальдан шығып тұрған бойы екен. АГС деген өрмекші сияқты қаруды ұстады. Шайтантұрбамен атқан жерде оттың соңынан шаң көтеріледі. Жаралы болсақ та, патрондарды оқтап жатқан бізге: «Қай жерден шаң шығады, қарап, айтыңдар»,- деді. «Әне жерде, міне жерде» деп көрсеткен жағымызға атты. Таудың арасында тұрғандарға тиіп жатыр ма, тимей жатыр ма, белгісіз. Көпірдің астына да тығылдық. Кейбірі өзенге қайықпен қашты. Кейін емделіп жатқанымда, бір взвод командирі шақырып алып, қалай болғанын сұрады. Жағдайды айтып бергенде: «Сендердің қателіктерің машинаға тығылғандарың. Көлікке тығылмай,  далаға зигзаг жол жасап қашсаңдар, оқ тигізу екіталай. Бір орында тұрған адам – снайперге де, шайтантұрбаға да жеңіл нысана»,- деді. Міне, осындай жайтты өткердім. Контузия алған жігіттер қаншама. Мүгедек болып оралғандар да көп. Алғашқы жылдары мұндай естелік айту өте ауыр болатын. Уақыт – емші. Біртіндеп, естелік айта алатын болдым,- дейді Абат Мағажанұлы.

Елге келгеннен кейін Шыңғырлау ауданының әскери комисариатына жұмысқа орналасты. Бес жылдан кейін сол туған жерінде келісімшартпен қызметпен жасады. Одан кейін жоғары оқу орнын бітірді. Сырым ауданына қызметке келгенше, Абат Мағажанұлы Орал қалалық, Ақсай қалалық, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандық қорғаныс істері бөлімдерінде қызмет жасады. 2017 жылы Сырым аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы болып қызметке келді.

Сырым ауданынан талдыбұлақтық Манас Бахитжанов,  жымпитылық Нұрлан Ешмуханов, саройлық Ержан Байдашев, жымпитылық Ақылбек Темиров,  Асылбек Самигуллиев, Тұрар Надиров, жетікөлдік Серік Меңешевтар – әскери өмірін тәжік-ауған шекарасында өткізгендер.

«Сол кездерді есіме алғанда – жанына бататыны жақын жора-жолдастарынан айырылғаным, көз алдында жоғалтқаным.  Радик досымның қасында жарақатын таңып, бірге болдым. Осыншама адамдардың өмірімен қоштасқанын көрген соң, бейбіт өмірде әр адамды бағалаймын, қадірін білемін»,- дейді кейіпкеріміз.

Үкіметтен тәжік-ауған шекарасында болғандарға «Тәжік-ауған шекарасында әскери ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер» мәртебесі берілді. Ай сайын оларға 14 мың теңге жәрдемақы төленеді, үй кезегінде, көлік, жер салығынан, төлқұжат, нотариалдық қызметтің кейбір түрлерінен төлемінен босатылған.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұлан гвардиясының Орал қаласындағы әскери бөлімі 6 сәуірде боздақтарды еске алу шарасын ұйымдастырмақ.

Абат Мағажанұлы Душанбеде Э.Рахмоновтың қолынан «За отличие воинской службы» медалін алды. 1995 жылдың желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаев «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін табыс етті. Досы Радик Қаймолдиев «Айбын» медаліне лайықты деп танылды. Отбасында жары, екі қыз, бір ұлы, бір жиені бар. Әкесінің өмірден өткеніне ай толған жоқ. Анасы Орал қаласында тұрып жатыр.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале