6.04.2021, 9:42
Оқылды: 20

Он сегізінде от кешкендер

Сұпығали Есімов кешегі Ұлы Отан соғысы деп аталған қан қасапқа көкөрім күйінде барып кіріпті.  Өйткені Ұлы Отан соғысы басталғанда ол небәрі 15-ақ жаста екен. Нақтылай түссек, Сұпекең 1926 жылы 15 қаңтарда Жаңақала ауданында дүниеге келген.

 Он сегізінде от кешкендер000

Сол кездегі тәп-тәуір білім есептелген жетіжылдық мектепті Сұпығали Чапаевтың Кожехар ауылында бітіреді. Сол бойда колхоздың жылқысын бағысуға көмекшілікке алынады. Чапаев ауданында жылқы бағудан аттары алысқа кеткен ағайынды жылқышы Құлетов Әмір, Темірлердің қарауында болған. Жасы он алтыға толғанда, небір асауларды бұғалықпен ұстап алып, жүген, ноқтасыз-ақ үстіне қарғып мініп үйретеді екен. Қорғаныс комитетінің бұйрығымен майданға жылқы айдап барысқан. Сол кезде 17-ге әлі толмаған бозбала жылқыларды 1943 жылы Сталинград маңайымен айдап, бұйрықта көрсетілген Дондағы Ростовқа шашау шығармай жеткізген жылқышылардың бірі болған. Сонда көрді ғой, соғыстың салған алапат зардабын...

Соғыс болса, әлі жүріп жатыр. Ересек азаматтардың бәрі майданда. Жаудың беті қайтқанмен, шайқас күннен-күнге өршіп бара жатқандай. Соғысқа алу күшеймесе, бәсеңдеген жоқ. Бұған дейін әскерге негізінен жілік майы толысқан 30-дағы, 40-тағыларды алса, ендігі  кезек, тіпті көкөрім жастарға келгендей. 1944 жылдың қарашасында 18 жастағы Сұпығали Есімовке де кезек келді. Соғыс мезгілінің қатал тәртібімен Чкалов қаласында қысқа да қауырт әскери дайындықтан өтті. Сержант шенінде Жуков басқаратын І Украина майданы құрамында соғысқа кірді де кетті. Талай қырғын шайқасқа қатысты. Талай рет оқ болып борап жатқан ажалдың аузынан аман қалды. Ұрыстарда тайсалмайтын өжеттігіне, қиын сәттерден қаймықпаған ерліктеріне орай, бөлімше командирі болды.  1945 жылы 4 сәуірден бастап бөлімшесімен Берлинді алуға арналған қиян-кескі ұрыстардың алдында жүрді. Жеңіс жалауын фашист ордасының төбесінде желбіретуге қаруластарымен бірге қанын да төкті, терін де төкті. Соғыс біткеннен кейін елге бірден орала алмады. Эстонияның Нарва қаласында құпия атом зауытында мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің өкілі ретінде жұмысқа қалдырылды. Арада төрт жыл өткенде,  яғни 1949 жылы әскерден босатылып елге қайтудың реті келген. Бірақ командирінің қолқалауымен әскери қызметін әрі қарай жалғастырады. Содан туған жерге 1954 жылдың 18 қарашасында ғана оралудың реті келді. Сұпекең елге үшеу болып оралды. Нарвада болашақ жарын жолықтырған еді. Сол кезде сымдай тартылған, кеудесі орден-медальдардан сыңғырлап тұрған қазақтың сұлу  жігіті татар сұлуы Менсараны бір көргеннен ұнатады. Әкесі молда Менсара да мұсылман баласына кетәрі болмай, етегінен ұстаған екен. Сол Нарвада 1954 жылы тұңғыштары Мақсот дүниеге келді. Менсара Сұпекеңе алты перзент сүйгізген. Соның бесеуі бүгінде аман-есен жүріп жатыр. Сұпығали ағамыз майданнан келгеннен кейін Чапаев ауданының шаруашылықтарында аянбай еңбек етті. Абыроймен зейнет демалысына шықты. Қазір 95-тегі қария бала- келіні Бақтыбай мен Жанайымның  қолында, Ілбішін ауылында тұрады.

* * *

Отан үшін от кешкен, кеуделерін оқ тескен ардагерлеріміз қазір жыл санап емес, күн санап азайып барады. Көк аспан асты мен қара жер үстін мәңгілік мекен етер еш пенде жоқ екені және айқын. Сол қатардан қалған қарт солдаттардың бірі – Нәсіпқали Жұмағалиев. Ол бұл күнде сонау алыстағы өзі туып-өскен қасиетті Хан ордасында тұрады. Биыл 95-інші көктемін қарсы алып отырған майдангердің көкірек сарайы шежіреге толы, айтар әңгімесі де әсерлі. Жадының мықтылығы жаныңды сүйсінтеді. Ол – ауылда ғана емес, ауданда қалған жалғыз соғыс  ардагері. Жаратқан иеміздің бұл кісіге деген тағы бір ерекше сыйы – о бастан тағдыр қосқан қосағымен әлі күнге қол ұстасып бірге келе жатқандығы. Шаңырақтың сәні болып отырған осынау ақ жаулықты әжеміз де бүгінде тоқсанның төріне озды.

Он сегізінде от кешкендер2333

– Мен – өзіміздің осы қасиетті Орда топырағында, Талап ауыл кеңесінде 1926 жылдың қазан айында өмір есігін ашқан адаммын. Мектеп қабырғасында азды-көпті білім алғаннан кейін екі жылдай «Жетекші» ұжымшарында жылқы бақтым. Ал 1944 жылы елді жаудан қорғауға аттанып, 1950  жылға дейін әскер қатарында болдым. Алыста қалған сол бір жаралы жылдар жаңғырығы әлі естен кетпейді. Туған ағам Қауыш Жұмағалиев те 1940-1946 жылдары қан майданның бел ортасында жүрді. Қанша арыстарымыздан айырылдық, қанша шаңырақтың оты өшті. Талайды жалмады ғой, атың өшкір сұм соғыс... -  деген ағамыз сөзінің соңын аяқтамай үнсіз отырып қалды.

Жан жарасын біз де одан әрі тырнамауды жөн көрдік. Үзіп айтқан әңгімесінен көңілге түйгеніміз от пен оқтың ортасынан елге аман-есен оралғаннан кейін Нәсіпқали аға Ноғайбай мен Сайқын ауылдарында қызыл отау, клуб меңгерушісі және кітапханашы болып еңбекке араласыпты. Сонымен бірге 1962-1987 жылдар аралығында М. Мәметова атындағы және Орда кеңшарларында мал маманы, бөлімше меңгерушісі (Күйгенкөлде) қызметтерін абыроймен атқарған.

Соғыс және еңбек ардагері Н.Жұмағалиевтің бүгінде кеудесінде жарқыраған медальдар мен әр жылдары алған Құрмет грамоталары, өзге де сый-сияпаттары ұзақ жылғы қажырлы еңбектің өтеуіндей көрінеді. Әрі ел-жұрты ардақтаған майдангер – Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы.

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале