8.04.2021, 14:24
Оқылды: 43

Індет пен міндет

Жер-жаһанды шарлаған коронавирус індетімен күрескенімізге бір жыл уақыт өте шығыпты. Алғашқыда абыр-сабыр болып, бойымызды үрей билеп, сергелдеңге түскеніміз анық. Кейін шектеу шаралары қабылданып, санитариялық талаптарды сақтауымыздың арқасында кейбір өңірлерден індеттің ошағын алыстаттық. Дегенмен әлі де болса аты жаман аурумен күрестің қажет екенін сын сағат дәлелдеп отыр. Ал індетті жеңудің жалғыз жолы – вакцинациялау.

307869D2-2559-4B1C-AACD-1364BA29FFDB

Елімізде сиыр жылының 1 ақпанынан бастап вакцинациялау процесі жүріп жатқаны белгілі. Екпені бірінші болып салдырған – медицина саласының қызметкерлері. Казталов ауданына вакцина наурыз айында жетті. Бірінші компоненттің барлығы 240 доза вакцина келді. Оның 115-сі №1 Казталов аудандық ауруханасына, 125-сі №2 Казталов аудандық ауруханасына жеткізілді. Екпенің бірінші компонентін 151 адам алды. Соның ішінде медицина қызметкері – 113, өзге адамдар – 26, мұғалім – 10, мемлекеттік қызметкер –2. Бұл деректі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Талғат Хайдаров аудан активінің отырысында баяндаған болатын.

DCC80794-10E2-480F-95F3-F6EB323D448C

Вакцина алуға байланысты түрлі пікір қалыптасты. Олардың қатарында вакцина адам өміріне қауіпті дегені де бар. Осы бір сұрақты желеу қылып, екпе алушылармен тілдестік. Дегенмен көпшілігі алғашында ауырсыну болғанымен, кейін жағдайының қалыпқа келгенін жеткізді. Тіпті кейбірінде ауырсыну белгісі байқалмаған. Солардың бірі – №1 аудандық аурухананың жедел жәрдем бөлімшесінің аға фельдшері Ерлан Марданов.

– 10 наурыз күні вакцина салдырдым. Айтарлықтай ауырсыну болмады. Алғашқы күннен бастап дәрігердің бақылауында болдым. Дегенмен иненің орны ауырғанын жасырмаймын. 31 наурызда вакцинаның екінші компонентін алдым. Жағдайым жақсы. Халық арасындағы вакцинаның өлімге апаруы мүмкін немесе тағы да басқа қауесеттердің жалған екенін айтқым келеді, – деді ол.

31 наурыздан бастап ауданымызда вакцинаның екінші компонентін егу процесі жүріп жатыр. Мәселен, №1 Казталов аудандық ауруханасында 31 наурыздың өзінде бес адам екпенің екінші компонентін салдырған. №2 Казталов аудандық аурухананасында да бес медицина қызметкеріне екінші компонент бойынша екпе жасалды. №2 Казталов аудандық ауруханасы директоры Надежда Васильева бұл жөнінде келесідей мәлімдеме жасады.

– Жалпақталдықтар арасында Govid-19 ауруына қарсы вакцинацияның екінші компонентін алу басталды. 31 наурызда бірінші вакцинация алғанына 21 күн толған бес медицина қызметкері екпені екінші қайтара салдырды. Қазір олардың жағдайы қалыпты, кері әсер байқалған жоқ. Сондықтан жаман індеттің туған жерімізден тез жоғалуына үлес қосамыз десек, әлі де терең ойланып, вакцинация алған жерлестеріміздің оңды ісін жалғастырғанымыз жөн. Коронавирусқа қарсы вакцинациялау жалғасады. Вакцинация медицина қызметкерлері мен мұғалімдер, полицейлер, диспансерлік есепте тұратын науқастарға жүргізіледі. Әзірге вакцинаның адам денсаулығына теріс әсері тіркелген жоқ. Екпеге қатысатындар бірінші кезекте дәрігерлердің толық тексерісінен өтіп, рұқсат ету жолдамасымен екпе алады. Екпеден соң арнайы күту залында 30 минут дәрігерлердің қадағалауында болады.

Вакцинаның коронавирусқа қарсы қорғаныш әсері, яғни антидене бірінші дозадан 12-14 күн өткен соң пайда болады. Толыққанды иммунитет қалыптастыру үшін вакцинаның екі дозасын алу керек. Бірінші және екінші екпенің аралығы – 21 күн. Екпе егілген адам профилактикалық шараларды сақтауы қажет. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алғысы келетін кез келген адам біздің ұжымға хабарласа алады. Тек мекеме-ұйым басшылары өз ұжымына аталмыш індетке қарсы вакцинацияға қатысуды насихаттаса, нұр үстіне нұр. Бүгінгі таңда індетке қарсы екпе алу көрсеткіші өте төмен. Ұжым басшылары қаңқу сөзге жол бермей, вакцинаны өзі бастап алып, әріптестеріне үлгі болса, қалғандары қолдайтынына мен сенемін. Бұл – індетті жеңудің басты қағидаты, – дейді Надежда Васильева.

Ауданымызда екпе алу қарқыны төмен екеніне мамандар да қынжылуда. Олар бұған себеп халықтың теріс ақпаратқа құлақ түріп отырғаны деген болжам айтуда.

– Вакцина – індетті жеңудің жалғыз жолы. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да әрдайым айтып келеді. Десек те халық арасында шындыққа жанаспайтын ақпараттың таралуы салдарынан үрей қалыптасты. Сондықтан ауданымызда екпе алушылар саны аз. Екпе ерікті түрде жүргізіледі. Мен аудан жұртшылығына мына бір нәрсені ескерткім келеді. Біз өзіміздің де, жақындарымыздың да денсаулығын ойлағанымыз жөн. Көпшілік шаралар, отбасылық мерекелерді уақытша тоқтатып, індетпен күресуіміз керек. Ал індетпен күресу үшін вакцина алуымыз керек. Мен де вакцина алдым. Қазіргі таңда жағдайым қалыпты, – дейді №1 Казталов аудандық ауруханасы директорының міндетін уақытша атқарушы Зинұр Сәткеш.

Ауданда қазіргі эпидемиологиялық ахуал сын көтермей тұр. Көктемнің алғашқы айында індет өршіген. Казталов аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының дерегі мынадай: «Коронавирус жұқпасының 2021 жылға 60 жағдайы тіркелсе, оның ішінде қаңтар айында – 9, ақпан айында – 14, наурыз айында – 37 жағдай. Наурыз айындағы эпидемиологиялық тексеру жүргізу кезінде 10 жағдай қарым-қатынаста, 3 жағдай садақада, 4 жағдай қонақтықта, 7 жағдай басқа қалада болғаны анықталса, 13 жағдайдың жұқтыру жолдары анықталған жоқ. 2021 жылғы дерек бойынша індет анықталған азаматтардың 23 жағдайы қарым-қатынаста, 5 жағдай садақаға, 5 жағдай қонақтыққа, 5 жағдай Орал қаласына, 1 жағдай Ақтөбе қаласына, 1 жағдай Ақтау қаласына бару кезінде жұқтырған. Қалған 20 жағдайдың жұқтыру жолдары анықталмаған».

Індеттің белең алуына сіз бен біз кінәліміз. Себеп – санитариялық талаптарды сақтамауымыз және күшейтілген карантин шектеуін ескермеуіміз. Салдарынан әлдекімнің өміріне қауіп төндіріп отырмыз. Бұны әзірге аксиома дегеніміз жөн шығар. Ауданымыздағы эпидемиологиялық ахуал және вакцинациялау процесінің жүргізілу тәртібі жөнінде бірнеше мәрте баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берілді.

Мемлекетіміздегі жалпы ахуалға тоқталып өтсек, вакцинациялаудың қандай деңгейде жүргізіліп жатқанына депутаттар да алаңдаулы. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова осы мәселеге қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне депутаттық сауал жолдаған болатын. Сауалға министрліктің берген жауабынан мынадай деректі назарыңызға ұсынғымыз келеді: «...Үкімет халықты вакцинациялау үшін тиісті шаралар қабылдауда. Осы мақсатта, бірінші кезекте, елімізде Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында вакцина шығаратын жеке алаң ұйымдастырылды. Сонымен қатар клиникалық сынақтың барлық кезеңінен өткен қазақстандық вакцина әзірленуде. Еліміз бойынша егу кабинеттері дайындалды, қызметкерлерді КВИ-ге қарсы вакцинациялау ережесін үйретуге оқыттық. Логистика деңгейінде вакцинаны тасымалдау үшін арнайы тоңазытқышпен қамтамасыз етілген.

31.03.2021 ж. жағдай бойынша 300 мың азамат вакцина алды.

Вакцина ешкімге кері әсер еткен жоқ. Қоғамның бір бөлігі COVID-19-ға қарсы вакцинацияға күмәнданатынына қарамастан, кезең-кезеңімен иммундау вакцинаның тиімділігі мен сапасын тексеруге мүмкіндік берді. Биыл сәуірде 2,5 млн. доза екпе жеткізу жоспарланып отыр. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін 6 млн. тұрғынға екпе салынады. Осыған байланысты сәуірден вакцинациялауға жататын азаматтар қатары да артады. КВИ-ге қарсы вакцинациялау үшін егу кабинеттері іске қосылады. Сондай-ақ ұжымдардағы адамдарды иммундау үшін жылжымалы/көшпелі егу бригадалары тартылады. Өткен жылы маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау тәжірибесін ескерсек, бір айда 2,3 млн. адам вакцинацияланған, яғни Қазақстанда денсаулық сақтау саласында жаппай иммундау мүмкіндігі бар».

Министрлік жауабының толық нұсқасын министрліктің сайтынан оқи аласыздар. Сонымен қатар 1 сәуір күні Мемлекет басшысы еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте Президентіміз: «Жалпы алғанда қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген ел бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамы болып отыр. Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда, – деп атап өтіп, – мен барлық азаматты вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-анаңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң бұл – біздің азаматтық парызымыз», – деп үндеу тастаған болатын.

Шын мәнінде індетті ауыздықтаудың бірден-бір жолы вакцина екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұған негіз де жоқ емес. Алдағы уақытта жаппай екпе егу аясында ұжымдық вакцинациялауды қолға алу ойда бар. Оның айғағы ретінде Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев пен бірнеше мемлекеттік қызметкердің вакцина алғанын атап өтуімізге болады.

Індетпен күресу – міндет. Вакцинациялау – сіздің денсаулығыңыздың қалыпты болуы үшін қолға алынған шара. Дегенмен ерік өзіңізде...

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале