9.04.2021, 10:33
Оқылды: 36

«Есімізде қанды майдан жорықтар»

Рабиға Зәкірқызы Зайнуллина 1923 жылы 9 мамырда Тасқала ауданының 2-Шежін ауылында дүниеге келген. 1942 жылы майданға өз еркімен аттанады.

 рабига зайнуллина

– Бастапқыда соғысқа барамын деген ой бола қойған жоқ. Бәріне намыс түрткі болды. Мен үйдегі үш қыздың үлкені едім.
Інім кішкентай, 11 жаста ғана. Бірде көрші үйге «қара қағаз» келіп, көңіл айтуға бардық. Қайғы жамылып, күйінген адам не айтпайды? Сондағы әйелдің анама: «Сіздің жылайтындай майданға баратын ұлыңыз жоқ қой» дегені маған ауыр тиді. Ақыры ешкімге тіс жармай, әскери комиссариатқа барып, өз еркіммен арыз бердім. Осылай майданға аттандым, - дейді Рабиға Зайнуллина.

Ол Гурьев (Атырау) қаласындағы қысқа мерзімді медициналық курсты бітіргеннен кейін Астрахан арқылы Сталинград майданына жіберіледі. Кейін тағы да оқып, зенитшілер бөлімінің пулеметшісі болып, Украина майданына ауысады. Керчь бұғазындағы кескілескен ұрыстарға қатысады. Неміс фашистерінің әуедегі ұшақтарына төменнен оқ жаудыратын. Ал Кеңес Одағының Батыры Марина Раскова басшылық еткен атақты ұшқыш қыздар әуе полкінің (оның құрамында Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың болғаны белгілі) ПО-2 түнгі ұшақтары жаумен айқасып жататын. Сондай шайқастардың бірінде ауыр жараланған Рабиға госпитальда жатып, емделіп шығады. Кейін комендатураға жолығып, өз бөліміндегі зенитшілердің қатарына кері қосылғысы келгенімен, олар ұзап кетеді. Содан кейін 414-Қызыл тулы Анапа атқыштар дивизиясының құрамында байланысшы қызметін атқарып, соғысты 1945 жылы Симфереполь қаласында аяқтайды. Сол жылдың тамыз айында ауылына оралады.

Рабиға Зәкірқызы Отан соғысы орденімен, «Маршал Г.К.Жуков», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Украинаны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін де елдің өсіп, өркендеуіне қызмет етеді. Айта кетсек, 1945-1946 жылдары бұрынғы Камен ауданының Жемшін ауылында мейірбике болып, кейін «Путь Ленина» колхозында сүт-тауар фермасында есепші, Киров колхозында дүкенші, Мартынов ауылындағы фельдшерлік пунктінде мейірбике болып еңбек еткен. Ал Қиыр Шығыстан 1946 жылы аман оралған жұбайы Ізім Зайнуллин де шатқаяқтаған шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан еді. Ізім ағаның келместің кемесіне мініп кеткеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Ал майдагер-ана ұрпақтарының қуанышына кенеліп, шөбересінің қолынан су ішіп отыр.

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале