9.04.2021, 11:14
Оқылды: 31

Мың тағзым сізге, майдангер!

Күндер керуені бүгінгі ұрпақты Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдық айтулы белесіне жеткізіп отыр. Жылдар қаншалықты тез жылжығанымен, бұл Жеңістің шұғыласы соншалықты жарқырап, маздай түсуде. Өйткені ол соғыстың тарихы – халық ерлігінің тарихы. Біз мұны аса құрметтеп, қастерлейміз. Қан майданның қияметінде елдігімізді сақтап қалған аға ұрпақтың арқасында бостандық, азаттық, еркіндігімізді ұлықтап келеміз.

 аудан аким куттыктауларына (1)

Жер бетіне фашистердің құлдық құрығы үйірілгенде, 12 мыңға тарта ақжайықтық сарбаздар қан майданға аттанды. Олардың екі  мың жарымы ұрыс даласында көз жұмса, 2064 жауынгердің тағдыры туралы еш дерек жоқ. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында жерлестеріміз хас батырша ерлік көрсете білді. Сұм соғыста үш мыңға тарта сарбаз орден-медальдармен марапатталса, төрт ерен ер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олар: Есен Орақбаев, Александр Щурихин, Темір Масин, Михаил Абдолов.

Бүгінде мақтанымызға айналған майдангер ағаларымыздың арасында ғасыр-ғұмыр жасаған Сираж Исмағұлов (Алматы қаласында тұрады), Рафхат Ғалимуллин мен Сұпығали Есімовтің көзі тірі.

Өмір мен өлім белдескен сол бір қиын-қыстау шақтарда майдан мен тыл бірігіп, Жеңістің қуанышты сәтін жақындатуға жанын да, тәнін де аямады. Иықтарына үлкен ауыртпалық түскен әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін емес. Тылдағылар майданға қару-жарақ, азық-түлік, киім, отын, жанармай, тағы басқа да керектің бәрін жеткізіп, жеңіске зор үлес қосты. Сұм фашистпен жан алысып, жан берісе соғысқан жауынгер және жеңісті еңбегімен соққан тыл қаһарманының ерен ерліктері жадымыздан мәңгі өшпейді.

Кең байтақ еліміздің түкпір-түкпіріндегідей біздің ауданда да әр майдангерге, тыл ардагеріне айрықша құрмет көрсетіледі. Әрдайым осылай болары анық. Өйткені жер жүзі халқына апат пен қауіп әкелген сол жылдарда болашақ өмірді, бостандықты сақтап қалған солар. Соғыстан соң да халық игілігіне қалтқысыз еңбек етті, ауыл-елді қаз тұрғызды, бейбіт өмірді қайта түлетті.

Шаштарын ақ шалып, жүзін әжім басса да, жанарынан батылдық пен жігер оты таймаған аға ұрпаққа қасиетті Жеңіс үшін мың алғыс! Сіздерге, қадірлі Жеңіс сарбаздары, барлық отбасына асыл мұраттарыңыздың орындалуын, жас ұрпақтың баянды бақытын тілеймін!

Тәуелсіздігіміздің тұғыры әрдайым биік болсын!

 

Құрметпен, Ақжайық ауданының әкімі

Қалияр Айтмұхамбетов

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале