12.04.2021, 23:56
Оқылды: 33

17 жасында майданға аттанған

Леонид Сугуров 1943 жылы қарашада артиллерия әскеріне шақырылғанда 17 жаста болған екен. Ол 1927 жылы 25 тамызда Қорған облысының Ирюм селосында өмір есігін ашқан.

Сунгуров Л11

Жауынгер 1943 жылдың соңында ІІ Украина майданында алғашқы ұрысқа қатысады. Ол жаудың екі танкісінің көзін жояды. Осылайша шабуылға тойтарыс беріледі. Шайқаста тобындағы бес адамнан екі адам ғана тірі қалады. Осы ұрыстағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталған.

– Ең алғаш майдан даласына келгенде бойымды қорқыныш сезімі билеп алған еді. Кейін бойымыз үйреніп кетті. Қолбасшылықтың бізге артқан сенімі  жігерлендіріп, жаман ойдан арылтып, күш беретін. Ал біз, ауылымыздан басқа жерді көрмеген  бозбалалар, тапсырмаларды барымызды салып орындайтынбыз, - деген еді Леонид Спиридонович өзінің естелігінде. Бір күні Вена түбіндегі орманда  сүйрейтін техника (тягач) істен шығып, ағаш арасында жасырынуға тура келеді. Түнде біреулердің жүрген дыбысы естіледі. Сөйтсе, олар фашистер болып шығады. Кері шегінген төрт немістің, соның ішінде снайпердің көзін жояды. Осы әрекеті үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Бір күні майдангер қолбасшылықтың тапсырмасымен барлауға шығып, жау қолына түсіп қалады. Фашистер оны ағаш жаруға мәжбүрлейді. Қалайда сытылып шығуды мақсат еткен Леонид Спиридонович бір қолайлы сәтте  жау офицеріне балтамен тап береді де, жау өзенге секіріп кетеді. Сол сәтте қарсы бетке Кеңес жауынгерлерінің келмесі бар ма!? Немістердің атқан оғы Леонидтің басына тиіп, соның салдарынан құлағы естімей қалады. Соңынан жарақаты ақырындап қалпына келе бастағанмен, бүгінде ардагер нашар естиді.

Леонид Спиридонович Ұлы Жеңісті Белоруссияда қарсылайды. Жауынгердің әкесі Азамат және Ұлы Отан соғысына қатысып, аман келіпті. Екі ағасының бірі екінші дүниежүзілік соғыстан жараланып оралған болса, екінші ағасы қаза тапқан.

Майдангердің соғыстан кейінгі өмірі Оралдағы газ шаруашылығы мекемесімен тығыз байланысты. Осы жерден өзінің болашақ жарын кездестіреді. Ол алдымен кеме шаруашылығында жүк тасушы, кейін от жағушы болады. Ал газ шаруашылығы мекемесінде көлік жүргізуші болып, 1980 жылдың ортасында зейнеткерлікке шығады.

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

Ясипа Рабаева, 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале