13.04.2021, 9:54
Оқылды: 40

Өмірде өрнекті ізі бар

Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының «Ерді ел үшін, жігітті  жұрт үшін мақта» деген ұлағатты сөзі бар. Біз де бүгін соғыс және еңбек ардагері, есімі ел-жұртына етене таныс Құби Жиенбетұлы жайлы азды-көпті сыр шерткенді жөн санадық. Қарапайым жандар Жиенбет пен Балжиденің Қаратөбе ауданына қарасты Саралжын ауылындағы қара шаңырағында дүниеге келген Құбекең бала жастан еңбексүйгіш, өнерге бейім болып ержетеді. Жігерлі жас он сегізде майданға аттанып, Берлинге дейін барады.   

 куби жиенбаев11

Ал бейбіт өмірде соғыста алған ауыр жарақаттан ұзақ емделіп, кейін арнаулы орта білім алады. Бойына біткен қайсарлығы мен тиянақтылығының арқасында ол еңбек майданында да тек жақсы жағынан танылады. Ардагер ағаны саралжындықтар ерекше  құрмет тұтып, алдын кесе өтпейтін еді. Өзі де әдемі әзілі мен әңгімесін айтып, көңілді жүретін. Ретті жерінде табиғи қоңыр дауысымен қазақтың небір әсерлі әндерін әуелете салатыны және барды. Омырауында бірінші дәрежелі «Даңқ» ордені мен бірнеше медаль жарқырап тұратын.

Иә, Құбекең адалдығы мен адамдығынан, қайырымдылығы мен  қарапайымдылығынан еш айнымай, 1992 жылы мәңгілік мекеніне аттанды. Құбекең серті мен сеніміне берік жар да, ұл-қыздарына ардақты  әке де, ағайын-туысқа қамқоршы аға да бола білді. Алғашқы жары, ұлағаты мол ұстаз Қаламқастан, одан кейінгі зайыбы Розадан көрінген үш ұл мен жеті  қызды шынайы әкелік махаббатпен, мінсіз мейірімділікпен мәпелеп өсірді. Бүгінде тәрбиелі ұрпақтары тамаша татулықтары мен берекелі бірліктерінің арқасында ел-жұртына сыйлы ғұмыр кешуде. Барлығы да қара шаңырақтағы Айдынғали мен Оралдағы Әнес ағаларының ақыл-кеңестерін алып отырады. Былайша айтқанда, ата-аналарының өмірін жарасты түрде жалғастырып жатыр. Сол бір аяулы жандардың ғибратты ғұмырының жалғасындай 21 немере, 17 жиен мен бір шөбере де балауса құрақтай жайнап, жайқалып өсіп  келеді.                  Сөз жоқ, өмір өз дегенін жасайды, уақыт өз керегін алады. Елдің қадірлі  азаматы, Отанын жаудан қорғауда да, туған өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуында да өзінің айшықты ізін қалдырған Қ.Жиенбетовке Саралжын ауылынан бір көшенің аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мұны осы топырақтың көнекөз қариялары да көпке құлаққағыс жасауымызды өтініш еткенін жасырып қайтеміз...

 

Бақытжан Мұсағали,

Қазақстан педагогикалық академиясының профессоры,

ҚР Мәдениет қайраткері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Атырау облысы

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале